ОТАНДЫҚ "QAZVAC" ВАКЦИНАСЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ? МАМАН ЖАУАБЫ

Уақыты: 12.05.2021
Оқылды: 1015
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«JETISÝ MEDIA» ақпараттық алаңында «Облысқа отандық «Qazvac» екпесінің келуі мен шектеу шараларының енуі» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков пен  облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Каткенова қатысты. Бірінші болып сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков отандық вакцина жайлы толық ақпаратпен таныстырды.

– Алматы облысына 2000 адамға вакцинация жасау үшін 4000 доза жеткізілді. Бүгінгі күні қазақстандық вакцинамен 1400-ге жуық адам егілді, қолайсыз көріністер тіркелген жоқ. Qaz-COVID-In (QazVac) вакцинасын ҚР Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары институты әзірледі. Qaz-COVID-In бұлшықет ішіне енгізуге арналған белсенділігі жойылған вакцина (0,5 мл/доза). Құрамында тазартылған белсенді емес SARS-CoV-2 штаммы бар. Qaz-Covid-in "Қазақстан белсенді емес COVID" дегенді білдіреді, - деді басқарма басшысы.

Отандық вакцина құрамындағы SARS-CoV-2 вирусы химиялық реагентпен "өлтірілген". Мұндай вакциналар жұмсақ, әдетте асқынусыз, дене қызуы көтерілмейді. "Спутник V" векторлық вакцинасында вакцинаның бір бөлігі аденовирустарға отырғызылады. Оған қарағанда қазақстандық препаратта вирус толығымен жойылған күйде сақталады.

Бұдан кейін Өмірзақ Әбілсейітұлы бүгінгі таңда облыста вакцинаның үш түрі барын, екпе алушы өз талабы бойынша вакцинаны таңдай алатындығын жеткізді.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Каткенова өз баяндамасында:

Ағымдағы жылдың 1 мамырында Алматы облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің м.а."Алматы облысының аумағында шектеу шараларын және «Ashyq» жобасын енгізу туралы" жаңа қаулысы шықты, қаулы ағымдағы жылдың 4 мамырында күшіне енді. Бағдарламаны мобильді қосымша арқылы жүктей аласыз. Яғни, жобаға қатысып отырған кәсіпкерлік мекемеге кіру үшін осы бағдарлама арқылы кіре аласыз. Сіздің барлық мәліметіңіз осы бағдарламаға жүктелген. Егер де осы бағдарламада сіз қызыл түспен белгіленіп тұрсаңыз, онда сізге бұл мекемеге кіруге рұқсат етілмейді. Сары түс, сіздің науқас адаммен қатынаста болғандығыңыз жайлы ақпаратты білдіреді. Бұл ретте де сіз карантиндік жүйеде болуыңыз керек. Тек жасыл түспен ғана кіруге рұқсат. Осы санитарлық талаптарды бұзған адам арнайы жауапқа тартылады, – деп жаңа қосымшаның артықшылығын сөз етті. Міне, осындай жаңа жобаның қыр-сыры тарқатылған жиын соңынан журналистердің сауалдарына жауап берілді.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы