БАЛАЛАР АРАСЫНДА КҮЗДЕ ТАРАЛАТЫН АУРУ. ДӘРІГЕР САҚТАНУҒА ШАҚЫРДЫ

Уақыты: 18.10.2021
Оқылды: 1869
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Күз мезгілінде балалар арасында таралатын аурулардан сақ болған жөн. Бұл туралы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында Талдықорған қаласындағы көпсалалы облыстық балалар ауруханасы директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Арайлым Смағұлова айтып өтті.

Арайлым Бауыржанқызының айтуынша, маусымдық ауруларға ЖРВИ және тұмау, пневмония, бронхит (оның ішінде обструктивті бронхит) ларингит жатады. Қазіргі таңда суық тию барлық бала аурулары арасында бірінші орында. Олардың иммунитеті аурулармен күресе алмайды. Сондықтан, температура өзгерген кезде, эпидемия кезінде оларға тез суық тиеді. Балаға суық тигеннен емдеуге көп уақыт кетеді. Мұрындағы шырышты қабықтың қабынуы жағдайына әкелетін жоғарғы тыныс жолдарының жұқпалы аурулар тобының жалпы атауы – жедел респираторлық вирустық инфекциялар.

Иммунитеттің әлсіреуі, гиповитаминоз, дұрыс тамақтанбау, күтімнің болмауы, шаршау, стресс, компьютер мен гаджеттердің алдында ұзақ отыру, нашар экологиялық жағдай, дәрілерді орынсыз қолдану, табиғи емес өнімдерді жиі пайдалану, тағы басқалары бала ауруының негізгі себептері болып табылады. Сондай-ақ, суық мезгілде жеңіл киіну гипотермияға әкелуі мүмкін.

Ал тым жылы киіну де зиян. Өйткені, ол қимыл-қозғалысқа кедергі келтіріп, дененің қызып кетуін тудырады және тер шығарады. Салдарынан киім дымқылданып, теріні тітіркендіреді. Синусит, аденоидтар мөлшерінің ұлғаюы ағзадағы қабынудың тұрақты ошағы саналады. Суықтың белгілері инфекциядан 1-2 күн өткен соң дами бастайды. Вирус ауру баладан алғашқы 2-3 күнде тез жұғады. Оның негізгі белгілері: қызба, бас ауруы, әлсіздік, буындардағы ауырсыну, мұрыннан су ағу, жөтел.

Бір ескеретін жайт, тұмау вирусынан кейін пайда болатын асқынулар бала үшін аса қауіпті. Мәселен, пневмония өкпенің қабынуынан болады. Олардың негізгі белгілері жөтел және сұйық ішуден, тамақтанудан бас тарту, ентігу, әлсіздік, сондай-ақ, тыныс алудың жиілеуі мен қиындауы.

Жедел бронхит – бұл бронхтың шырышты қабығының өткір қабынуымен көрінетін ауру. Негізгі белгілері: дімкәстік, қалтырау, субфебрилит, арқа мен бұлшықеттің ауруы және жөтел.

Көптеген ата-аналар мұндай диагноздарды дәрігерге бармай-ақ өздері емдеуге тырысып, ауруды асқындырып алады. Алайда бас пен дененің ауруы сияқты белгілер тұмауға ғана тән емес. Осыған байланысты ата-аналар балаға тұмауға қарсы дәрі-дәрмектерді бермес бұрын дәрігермен кеңесудің маңызды екенін ескергендері жөн. Өйткені, дене температурасының көтерілуі, бас ауруы сияқты симптомдар менингиттің де алғашқы белгілері болып саналады. Сондықтан суықтың алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу дәрігермен кеңескен жөн.

Емдеу кезінде вирус және микробқа қарсы препараттар, антибиотиктер, басқа да препараттар қолданылады. Баланы суықтан қорғау үшін иммундық жүйені нығайтатын және эпидемия мен тұмау кезінде инфекция қаупін төмендететін алдын алу шараларын жүргізу керек.

Мәселен, бөлмедегі ауаны желдету инфекция қаупін азайтады. Белсенді өмір салты, дұрыс тамақтану, әртүрлі дәрумен пайдалану, толыққанды демалыс бала денсаулығын жақсартуға көмектеседі. 7-8 жасқа дейінгі балалар үшін күндізгі ұйқының маңызы өте зор. Мұндай кезде денедегі жұмсалған энергия қалпына келіп, иммундық қорғаныс нығаяды.

Тазалық сақтау мен газдалмаған, бояғыштарсыз сұйықты көп ішу, вирус жұқтырған адамдармен байланысты шектеу, жаттығу жасау, С,Е, Д, В дәрумендерін пайдалану – бала денсаулығының кепілі болмақ.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы