АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА АҚШ ҒАЛЫМДАРЫ ЖАСАҒАН ЖАҢА ВАКЦИНА ЖЕТКІЗІЛДІ

Уақыты: 11.11.2021
Оқылды: 1049
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысына Comirnaty BioNTech/Pfizer вакцинасының 46 800 дозасы жеткізілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Бұл вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 12 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді, 17 аптасына өткен жүкті әйелдерді, бала емізетін әйелдерді босанғаннан кейінгі 42-нші күнінен бастап вакцинациялау үшін ұсынған.

Жасөспірімдерді вакцинациялау ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің қалауы бойынша білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде жүргізіледі. Мектепке бекітілген медициналық ұйым жасөспірімдерді вакцинациялау үшін егу бригадаларының медициналық қызметкерлерін даярлауды қамтамасыз етеді.

Вакцина "Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің "Облыстық қан орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында минус 60-90°C температурада, ал білім беру ұйымдары мен медициналық ұйымдардың егу пункттерінде плюс 2-8°C температурада 31 күнге дейін сақталады.

Мектепке бекітілген медициналық ұйым және мектеп басшылығы мына мәселелерді қамтамасыз етуі тиіс:

-Денсаулық сақтау министрлігінің №361 бұйрығына сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес егу кабинеттерін жабдықтау;

-алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған препараттардың болуы;

-көп жиналудың алдын алу үшін егілетін адамдардың ағынын шектеу;

-вакцинацияға дейін күту үшін үй-жай бөлу және әлеуметтік қашықтықты сақтау шартымен вакцинациядан кейін бақылау үшін жеке үй-жай бөлу;

-мектеп және медициналық ұйым психологтарын жасөспірімдерді COVID-19-ға қарсы вакцинациялауға тарту.

Вакцинациядан бұрын:

-ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қатысуымен 12 жастан 18 жасқа дейінгі егілетін адамға тексеру және сауал жүргізіледі;

-иммундауға қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда, егуді жүргізуге рұқсат рәсімделеді;

-егілетін адамға және оның ата-анасына (заңды өкіліне) профилактикалық егу, ықтимал реакциялар мен иммундауға қарсы көрсетілім, егуден бас тарту салдары туралы толық және объективті ақпарат беріледі.

Вакцинациядан кейін: жасөспірім немесе жүкті әйел (бала емізетін әйел) вакцинаны алған жерде 30 минут ішінде медицина қызметкерінің бақылауында болады.

Вакцинациядан кейін мынадай реакциялар болуы мүмкін:

-инъекция орнында ауырсыну, ісіну, шаршағыштық, бас ауруы, бұлшықет ауруы, қалтырау, диарея, қызба;

-реакциялардың кейбірі 12-15 жас аралығындағы жасөспірімдерде ересектерге қарағанда біршама жиі кездеседі;

- инъекция орнындағы қызару, жүрек айну, құсу;

- лимфа түйіндерінің ұлғаюы, әлсіздік, қолдың ауруы, ұйқысыздық, инъекция орнындағы қышу, бөртпе немесе қышу сияқты аллергиялық реакциялар және басқалар.

Иммундаудан кейін жағымсыз салдарлар туындаған жағдайда медициналық көмекке жүгіну қажет.

Вакцинацияның артықшылықтары:

-инфекцияның ауыр ағымы мен асқынуының алдын алады.

-егілгендерді ғана емес, айналадағыларды да (аға-інілер, апа-сіңлілер, туыстар) қорғайды.

-"ұжымдық иммунитетті" қалыптастырады.

-иммунизациядан кейін алынған вакцинация паспорты сіздің жолсапарыңызды жеңілдетеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"