АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ІНДЕТКЕ ШАЛДЫҚҚАН 104 БАЛА ЕМ ҚАБЫЛДАП ЖАТЫР

Уақыты: 12.11.2021
Оқылды: 1136
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Соңғы тәулікте Алматы облысында 83 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Сондай-ақ, дәл қазіргі уақытта облыста індетке шалдыққан 104 бала ем қабылдап жатыр. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Жаңа оқу жылы басталғалы Алматы облысы оқушылары арасында коронавирустық инфекциямен сырқаттанудың 1735 жағдайы тіркелген. Ал 12 қарашадағы жағдай бойынша облыста барлығы 56 432 зертханалық расталған КВИ жағдайы анықталған. Оның ішінде 42 052 жағдайдың симптом белгілері бар. Соңғы екі аптамен салыстырғанда облыс бойынша КВИ-дің өсу қарқыны 0,2-ден 0,1 пайызға дейін төмендеді. Соңғы аптада өсімнің ең жоғары қарқыны Ақсу, Алакөл, Панфилов, Сарқан, Ұйғыр аудандарында және Қапшағай қаласында байқалды.

Анықталған 83 жағдайдың 12-сі бала. Студенттер арасында 3 жағдай анықталып отыр.

Аудан-қалалар бойынша айтсақ, Ақсу - 4, Алакөл - 12, Балқаш - 2, Еңбекшіқазақ - 4, Ескелді - 1, Жамбыл - 4, Іле - 2, Қарасай - 6, Қаратал - 1, Кербұлақ - 3, Көксу - 2, Панфилов - 8, Сарқан – 1, Талғар - 4, Ұйғыр – 7, Талдықорған - 18, Текелі - 4. Сондай-ақ, 12 қарашадағы жағдай бойынша Алматы облысының 831 198 тұрғыны вакцинаның І компонентімен егілген. ІІ компонентін 755 654 адам салдырған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"