"МЕН ДӘРІГЕРМІН ҒОЙ, ҚҰДАЙ ЕМЕСПІН". КАРДИОЛОГ ӘЙЕЛДІҢ ӘҢГІМЕСІ

Уақыты: 13.11.2021
Оқылды: 1185
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Денсаулық – зор байлық десек, сол байлығымыздың сақшысы, бағбаны, қорғаушысы дәрігерлер. Сондықтан, оларға деген ықыласымыз ерекше. Тәуліктің қай сәтінде болса да жан қысылса жақынымыздай ең алдымен ақ халатты абзал жандарды шақырамыз. Осыған орай күні-түні көз ілмей науқастарды емдеп қызмет етіп жүрген абзал жан, білікті маман жайында жазуды жөн көрдік. Ол – Талдықорғандағы жүрек аурулары ауруханасының меңгерушісі  Ақбота  Бақытжанова.

Кешкі алакеуім шақ болатын. Аспанды қою бұлт бүркеп, себелеп жауын жауып тұр. Ақбота Бақытжанқызы көліктен түсе сала қолшатырын көтеріп, әдеттегідей түнгі кезекшілігін қабылдау үшін аурухана есігін ашты. Келген бетте сырт киімін ауыстырып, ақ халатын киіп, бетпердесін тағып сәл отырды да палаталарды аралап кетті. Ол науқастардың қал-жағдайын тексеріп, қан қысымын өлшеп көріп, дене қызуын бақылап шықты. Бәріне ақыл-кеңесін айтып, өтініштерін тыңдап, қайырлы түн тілеп оралды. Әр науқастың талдауын қарап, керекті дәрілерді, екпелерді белгілемек болып компьютер алдына келіп отырғаны сол еді, кенет «Жедел жәрдем» машинасының жан түршігерлік суық та ащы дыбысы естілді. Ақбота селт етіп орнынан көтеріліп, қабылдау бөлмесіне қарай тездете басып кете барды. Бұл түннің оңай болмасын, оның біліктілігіне, төзімділігіне, тағы бір сынақ әкелгенін сезді.

Науқас ес-түссіз жатыр екен. Төсекарбамен бірден жансақтау бөліміне жеткізілді. Ақбота дереу жүрек соғысын тыңдап, тамырын ұстап көрді. Қолма-қол кардиограмма жасатып, аурудың жағдайын бақылады.

Иә, жасанды демалдыру аса қажет еді. Ол ешкімге тапсырмастан қос қолдап жүрек тұсын уқалай бастады. Қолының қары талса да тоқтар емес. Маңдайы тершіп, тынысы тарылса да жалғастыра берді. Екі көзі жүрек соғысын көрсететін құрылғыда. Құрылғы жүректің әлсіз соғысын көрсете бастағанда ол өз көзіне өзі сенбей қайта-қайта қарай берді. Науқастың сәл де болса тіршілік белгісін көрсеткеніне қатты қуанып кетті. Дереу керекті дәрілерді ектірді. Иә, науқастың комаға түспеуі үшін қолдан келгенін аяған жоқ. Өз еңбегі ақталғандай көрінді.

Ақбота тершіген маңдайын сүртіп орындыққа отыра кетті. Терезеге көз салып еді, рауандап таң да атып қалған екен. Ол науқастың жағдайын бақылап қасында біраз отырды. Науқас оған риза көңілмен бір қарады да маужырап ұйқыға кетті.

Осы ауыртпалығы еңсені басатын, төзімділікті, қажырлылықты талап ететін қиындығы шексіз, адам өмірі үшін күнделікті күрестің алғы шебінде жүріп, өзінің күш-жігерін аямай жұмсап, еңбек етіп келе жатқанына он екі жыл болған екен. Сондықтан да ол ел құрметіне, адамдардың алғысына бөленіп жүрген жан.

– Ақбота Бақытжанқызы, сіздің емдеген науқастарыңыздың бәрі бірдей жазылып кете бере ме, әлде бақилық болғандары да бар ма? – деген сауалыма:

– Мен дәрігермін ғой, Құдай емеспін. Әр адамға тағдырдың маңдайына жазғаны болады да. Біздің шамамыз келмей күйзеліп жататын да кездеріміз болып тұрады. Көбіне науқас дер кезінде жеткізілмей, кеш әкелінгенде жағдай қиындап кетеді. Бірде жетпістен асқан апайды қиын халде әкелді. Бар мүмкіндігімізді салып, өмірге қайта оралдырдық. Бірақ науқасқа орнынан тұруға болмайтынын ескерттік. Келесі палатаға кеткенімізді байқап қалған апай тез арада дәретханаға бара қойған ғой, сол жерде құлап түсіп, қайтыс болды. Қатты күйзелдік. Сөзімді тыңдамағанына ренжідім. Негізінде науқастар сәл тәуір бола бастаса біржола жазылып кеткендей дәрігердің талабын тыңдамай, өз беттерімен әрекет жасай бастайды. Дәрілерін дер кезінде ішпей, ұмытып кетеді. Ал ондай немқұрайдылықтың аяғы өкінішке әкеп соғады, – деп Ақбота қинала отырып, сөзін аяқтады.

– Осы бөлімшеде өзіңмен үзеңгілес, барлық қиыншылықтарды жеңуге атсалысып жүрген әріптестеріңіз де бар шығар?

– Соңғы сегіз жылда алма-кезек ауысып, еңбек етіп жүрген білікті дәрігердің бірі – Маржан Нұрмұхамбетова. Әкесі Әлібек Жақанбаев марқұм өзі орманшы екен, қызының дәрігер болуын қалапты. Медициналық институтты үздік бітірген Маржан әке арманын орындап, ел-жұртының денсаулығының сақшысына айналып, алғысқа бөленіп жүр. Өз ісіне ұқыпты, ауруларға мейіріммен қарайды. Ол емдеген жандардың көпшілігі тәуір болып, ризашылығын білдіріп жатады. Әрине, аурухана болған соң біздің оң қолымыз іспетті медбикелеріміз де қасымызда: Айнұр Бейсембаева, Гүлмира Молдағалиева, Айдана Нұртасова, Назипа Ерікжанова және аға медбике Самал Сламбекқызы сынды өз мамандықтарына ерекше жауапкершілікпен қарайтын іскер де білікті қолқанаттарымыздың арқасында біздің ауруханамыз облыста алдыңғы қатарда.

Науқастардың пікірлері жазылған кітапшаны ашып қарасаңыз, осы қос аруға деген ілтипат, ықылас, алғыстарда шек жоқ. Олардың ақ көңілден жазған пікірлері әр науқасты анасындай аялап мейірімге бөлей жүріп емдеген адал еңбектерінің өтеуі іспетті. Осы бір үлбіреген аппақ өңдеріне ақ халаттары жарасқан қазақтың қарапайым қыздары маған адамдарға денсаулық, қуаныш, бақыт сыйлау үшін жіберілген ақ халатты періштелердей көрінді.

Күнсая ОСПАНОВА,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі

Алматы облысы