КАТАР ЕЛІНІҢ ДАМУ ҚОРЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНАН ЖАҢА ПЕРЗЕНТХАНА САЛЫП БЕРМЕК

Уақыты: 14.11.2021
Оқылды: 1094
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы қаласындағы өкілдікте облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов Катар елінен келген мәртебелі меймандарды қабылдады. Кездесу барысында Катар даму қорының қолдауымен Іле ауданында салынуға тиісті перинаталдық орталықтың мән-жайы талқыланды. Бұған дейін Нұр-Сұлтанда шейх Тамим бен Хамид Әл-Тани атындағы орта мектепті салған қор Қазақстанда мемлекетаралық әріптестік аясында жұмыстарын одан әрі жалғастыруға мүдделі.

Іле ауданының орталығы Өтеген батыр ауылында перзентхана салу жөнінде екі мемлекет арасындағы меморандумға 2018 жылы қол қойылған болатын. Алайда әлемді әбігерге салған тәжтажал пандемиясына байланысты бұл жобаны жүзеге асыру кідірістеп қалғаны белгілі. Бұл жолы Катар даму қорының өкілдері қолға алған істі жаңғыртып, жұмысты аяғына дейін жеткізуге мүдделі екендіктерін мәлімдеді.

Өз кезегінде сөз алған Батыржан Құлаймергенұлы Алматы облысында бүгіндері 2 млн.300 мыңнан аса адам тұратын болса, жыл сайын 53-54 мың сәби дүниеге келетінін, ал Іле ауданында 6 мыңға жуық бала өмір есігін ашатынын айта келіп, өлкеде перзентхана салу мәселесі өзекті болып отырғанын жеткізді. Осы орайда, меморандумда жалпылама айтылған жобаны жүзеге асырудың жолдарын анықтап, нақтылы қадамдарды белгілеу қажеттігіне тоқталды.

Атап айтқанда, перинаталдық орталықтың ғимаратын жобалау, медициналық мекемені заманауи құралдармен жабдықтау қай тараптан жүзеге асырылатынын айқындап алу өте маңызды. Қазақстан тарапынан еліміздегі аса ірі «Базис-А» құрылыс компаниясы жасаған жобаны қонақтардың назарына ұсына отырып, Катар жағынан әлемдік талаптарға сай жобалар жасалатын болса, оны да қарастырып көруге дайын екенін жеткізді.

Бұл жерде әуел баста перинаталдық орталықты аудандық ауруханаға қапталдаса салу жоспары болғанын айта кету керек. Алайда одан бері өткен уақыт өз өзгерістерін енгізіп келеді. Осыған байланысты 125 орынға арналған перзентхана мен 150 адамдық әйелдер кеңесінің құрылысын Іле ауданының аумағында іргесі қаланған «Гейт Сити» серіктес қаласының ішінен тұрғызу қажеттігі туындап отыр. Болашақта 100 мың адамға дейін тұратын қалашықта, сонымен бірге, 380 адамды қабылдауға қабілетті көпсалалы аурухана салынатынын ескерер болсақ, бұл қала тұрғындарын медициналық қызметпен толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні түсінікті. Бүгінгі күні электр қуатымен жабдықтау қондырғылары, жылу қазандығы, ауызсу, кәріз жүйесі толықтай жасалған аймақта қосымша шығындарды қажет етпейтін осындай әлеуметтік нысандар салу – уақыт талабы.

Катар даму қорының өкілдері жоба дайын болғаннан кейін ол тәуелсіз сарапшылар тарапынан тексеруден өтіп, барлық талаптарға сай келіп жатса, құрылысты жүргізуге тендер жарияланатынын, ғимарат толықтай пайдалануға берілгенше қордың бақылауында болатынын жеткізді.

Кездесу барысында Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев, «Алатау» компаниясының президенті Асқар Тутубаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков аталған жобаға байланысты өз ойларын білдіріп, ұсыныстарын айтты. Соңынан тараптар Іле ауданына шығып, перинаталдық орталыққа арналған жер телімдерімен танысты.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Алматы қаласы