ҚАРАША АЙЫНЫҢ СОҢЫНА ТАМАН ҚАЙТА ЕГУ БАСТАЛАДЫ. ҮКІМЕТТЕГІ ЖИЫН

Уақыты: 12.11.2021
Оқылды: 1228
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен жиында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жайы айтылды. Бүгінде Қазақстан тұрғындарының 8,5 миллионы вакцинаның бірінші компонентін, 7,7 миллионы екінші компонентін салдырды. Қараша айының 22-нен ревакцинация басталмақшы.

Селекторлық жиында Үкімет басшысы Асқар Мамин егу пункттерінің, медицина ұйымдары мен медицина жұмыскерлерінің әзірлігін қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.

"Ревакцинация екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде жыл соңына дейін медицина қызметкерлері, педагогтар, медициналық-әлеуметтік мекемелер, балалар тәрбиеленетін жабық мекемелердің қызметкерлері, күштік құрылым қызметкерлері вакцина салдырады. Олардың бірінші вакцинаны қашан салдырғаны ескеріледі", – деді Цой. Сондай-ақ, 60 жастан асқан адамдар, өз бетінше зерттеуден өткен және коронавирусқа қарсы антиденелердің жоқ екенін көрсеткен адамдар ревакциналаудан өте алады.

Біраз уақыттан бері эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Бірақ, Еуропаның бірқатар елінде және де шегаралас елдерде кеселдің өскенін ескерсек, санитарлық талап шаралары жаппай сақталуы тиіс. Осыған орай Премьер-Министр Асқар Мамин барлық өңірде әкімдіктер санитарлық талаптардың сақталуын бақылайтын мониторинг топтарының жұмысы мен тиімділігін күшейту керек екенін айтты. Ол, сондай-ақ, санитарлық режимді бұзғандарға қатаң шара қолдануды тапсырды.

Үкімет отырысында ұлттық халық санағының алдын ала қорытындысы қаралды. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов халық санағын өткізу жөніндегі жұмыстың аяқталғаны туралы баяндады. Халықтың 60%-ға жуығына дәстүрлі санақ жүргізілді. Елімізде тұңғыш рет халық санағы электронды түрде өткізілді. Халықтың 40%-дан астамы санаққа sanaq.gov.kz сайтында электрондық санақ парақтарын өздері толтыру арқылы қатысты.

Халық санағына санақ персоналының 25 мыңға жуық адамы, сондай-ақ, Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшелері мен орталық аппаратының қызметкерлері қатысты. Қорытындысы барлық тексеру аяқталғаннан кейін желтоқсан айының соңында шығарылады. Үкімет басшысы күрделі эпидемиологиялық жағдайларда өткен ұлттық халық санағы мейлінше сапалы ұйымдастырылғанын атап өтті. Премьер-министр қазақстандықтарға осы маңызды науқанға белсенді қатысқаны үшін, сондай-ақ, Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері мен осы науқанға жұмылдырылған азаматтарға атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.

Селекторлық жиын соңынан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов денсаулық сақтау басқармасының басшыларына вакцинаны сақтауға арналған 80 градустық тоңазытқышты өз дәрежесінде пайдалануды ескертті. Электр болмай қалған жағдайда тоңазытқышқа автоматты түрде күш беретін қондырғы қосуды тапсырды.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ