БАЛАЛАРДЫ ВАКЦИНАЛАУ: АТА-АНАЛАР ЖИІ ҚОЯТЫН ҮШ СҰРАҚҚА ЖАУАП

Уақыты: 08.12.2021
Оқылды: 1230
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Pfizer вакцинасы жайлы ата-аналар тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға мамандар жауап берді. Сұрақ пен жауапты Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі дайындады.

- Біріншіден, вакцина алғаннан кейін балада қандай асқынулар болуы мүмкін деген сауал жиі көтеріледі. Бұл қалай?

- Өндіруші ұсынған ақпаратқа сәйкес, екпе алған кей адамдарда Pfizer вакцинасын алғаннан кейін инъекция орнының ауыруы, ісінуі, шаршағыштық, бастың және бұлшықеттің ауыруы, буындардың ауыруы, қалтырау, диарея, қызба, инъекция орнының қызаруы, жүрек айну, құсу деген сияқты реакцилар кездеседі.

- Вакцинада қоспа бар ма, консерванттары қандай?

- «Комирнати» вакцинасына («Пфайзер» компаниясы) арналған нұсқаулыққа сәйкес, 1 дозада (0,3 мл) мРНҚ негізіндегі (липидті нанобөлшектерге инкапсуланған) COVID-19-ға қарсы 30 мкг бар. Сонымен қатар, вакцинаның құрамында бір дозаға кемінде 1 ммоль калий (39 мг) және натрий (23 мг) бар, яғни, олардың үлесі шамалы ғана. Вакцинада организмде бедеулік немесе мутациялық процесс сияқты ұзақмерзімді жағымсыз салдарға әкелетін компоненттер жоқ. Екпедегі кез келген заттар халықаралық нормативтерге сәйкес организм үшін қауіпсіз концентрацияда болады.

- Баланы вакциналаудан бас тартуға бола ма?

- Профилактикалық егуді жүргізу алдында жалпы практика дәрігері немесе педиатр, дәрігер болмаған кезде фельдшер азаматтарға, кәмелетке толмағандардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне және Қазақстанның азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтардың заңды өкілдеріне егу жүргізуге ақпараттандырылған келісімді ұсынады. Профилактикалық екпе жүргізуге ерікті түрде ақпараттандырылған келісім немесе бас тарту қағазы жазбаша толтырылады.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысында жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді вакциналау 15 қарашада басталды. Бүгінгі күні 7439 адам вакцинаның бірінші компонентті алды. Оның ішінде 6075-і - 12-ден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, 336 жүкті және бала емізетін 1028 әйел бар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"