"ASHYQ" ЖОБАСЫ: "ҚЫЗЫЛ" СТАТУСПЕН ҚЫДЫРЫП ЖҮРГЕНДЕР АЙЫППҰЛ АРҚАЛАДЫ

Уақыты: 09.12.2021
Оқылды: 1129
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында 4 мыңнан аса адам карантин талаптарын бұзған.

Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сәйкес, аймақта «Ashyq» жобасын 10 446 нысан қолданады. Мониторинг тобы шағын және орта бизнестің 9092 субъектісін қамтып, қосымшаның талаптарын бұзған 1208 нысанды «Ashyq» платформасынан шығарды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің деректері бойынша 2021 жылдың 10 маусымы мен 6 желтоқсан аралығында Алматы облысы азаматтарының арасынан санитариялық-карантиндік режимді бұзған 4042 тұрғын анықталды. Оның ішінде, «қызыл» мәртебесі бар - 3003 адам және «сары» мәртебесі бар - 1039 адам тіркелген.

Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, «қызыл» мәртебесі бар тұлғаларға қатысты 7 875 880 теңге сомасына 178 айыппұл салынған. Сондай-ақ, «сары» мәртебесі бар азаматтарға қатысты үй карантинін сақтау қажеттілігі туралы талаптары бар 429 қаулы берілген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"