ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛЫНДА МЕДИЦИНА САЛАСЫ ТҮГЕЛ ЖАҢАЛАНДЫ

Уақыты: 19.12.2021
Оқылды: 673
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Тәуелсіздік – маңдайға басқан бақ. Алпауыт елдермен тереземіз теңескен 30 жылда медицина саласы да көптеген жетістікке жетті. Мамандар өркениетті елдердің емдеу тәсілдерін үйренді. Ол үшін мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді. Нәтижесінде, мамандарымыз жүрекке ашық, жабық оталар жасауға қол жеткізді. Қатерлі ісікті емдеудің жаңа әдістерін үйренді. Сырқаттанудың алдын алу үшін ағзаны тексерістен өткізетін аппараттар сатып алынды. Интернет арқылы дәрігерлік кеңес жүргізу жүйесі енгізілді. Қатерлі ісік, өкпе кеселдерін бейнекөрсетілім арқылы анықтап, диагноз қоюға мүмкіншілік туды. «Жедел жәрдем» көліктеріне қойылған аппараттар арқылы мамандар орталыққа сырқаттың жайын айтып, көмек көрсетуді ақылдасып отыратын болды. Соңғы жылдары медицина коронавирус жұқпасын емдеуге арналған өкпені жасанды желдететін, оттегі беретін аппараттармен жасақталды. Медицина мекемелеріне маман тарту жүйелі жүргізілуде. Дәрігерлерді баспанамен қамту, әлеуметтік жағдайларын шешуге көмектесу де басты назарда. Шалғай аудандар мен елді мекендердегі медицина мекемелері жаңартылуда. Облыста денсаулық сақтау саласының 804 нысаны бар. Оның 641-і мемлекеттік, қалған 163-і жекеменшік. Медициналық мекемелерде 5219 дәрігер және 16277 медбике жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық сақтау нысандарын көбейту жайлы айтылған. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының 2025 жылға дейінгі Жол картасын орындау мақсатында облыста 7 емхана, 31 дәрігерлік амбулатория, 18 фельдшерлік акушерлік пункт және медициналық пункттерге қызмет көрсетуге арналған 41 блок-модульдік кешен салу жоспарланған.

Ағымдағы жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен Балқаш орталық аудандық ауруханасын қалпына келтіру жұмыстарымен бірге сейсмикалық күшейту және Талдықорған қаласындағы көпсалалы аурухана жанындағы 3 дәрігерлік амбулатория, патологоанатомиялық бөлімшенің құрылысы аяқталды. Бұл мақсатқа бюджеттен 1,7 млрд. теңге қарастырылған. Алдағы жылдары ауылдық елді мекендердегі мемлекеттік нысандарды жылумен қамтамасыз ету үшін 37 блокты-модульдік кешеннің 20-сы іске қосылмақшы. Облыстағы перинаталдық орталық ғимараты ескірген. Соған орай жаңа перинаталдық орталық салу туралы мәселе қозғалуда. Жоба жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерге сапалы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған. Өңірде денсаулық сақтау нысандарын жаңарту кезең-кезеңімен іске асырылуда. Сондай-ақ, 2020 жылы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында бір ауысымда 100 адам қабылдайтын әйелдер консультациясы бар 100 төсектік перзентхана, Көксу ауданының Айнабұлақ ауылында дәрігерлік амбулатория және медициналық пункт салынды. Жалпы, құрылысқа 12,0 млрд. теңге бөлінді, жеті денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізілді. Оның 4-і жұмыспен қамту Жол картасы шеңберінде жүзеге асырылды. Жол картасын іске асыру облыстың денсаулық сақтау инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді. Облыстық денсаулық сақтау саласының жедел қызмет көрсету жүйесі де барынша дұрыс жолға қойылған.

Алматы облысының «Жедел жәрдем» қызметі Талдықорған қаласындағы 1 орталық дербес стансыдан және 23 қосалқы стансы және 82 пункт пен санитариялық авиация бөлімшесінен тұрады. Өткен жылы 180 «Жедел жәрдем» көлігі сатып алынды. Санитарлық автокөліктерді алудың нәтижесінде жаңа бригадалар ашылып, жалпы саны нормативке сай 206 бригадаға жетті. Нәтижесінде, «Жедел жәрдем» бригадаларына орташа жүктеме азайды. Бұрын күн сайын бір «Жедел жәрдем» бригадасы орта есеппен 20-25 шақыруға қызмет көрсететін.

Бүгінде бір бригададағы шақыру орта есеппен 12-15-ке азайды. Соның есебінен жедел медициналық көмек көрсету сапасы бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды. Сондай-ақ, былтыр облысқа 12 жылжымалы медициналық кешен келді. Осындай жанды жұмыстардың арқасында жедел медициналық көмек барлық аудандардың тұрғындарына қызмет етеді. Ағымдағы жылы 559 ауылдық елді мекенді аралау жоспарлануда.Заманауи медициналық құрылғылар диагноз қою, емдеудің нақты нәтижесінің кепілі. Жоғары технологиялық медициналық қызмет өңірдің әр ауданына тұрғындардың орналасуы, қызмет көрсетудің тиімділігіне байланысты орналастырылуда. Медицина саласының жоғарғы технологиясы облыстың 5 медициналық ұйымында енгізілді. Облыстық кардиологиялық орталықтың мамандары ашық жүрекке күрделі оталар жасайды. Бүгінде орталықта республикалық деңгейде орындалған инновациялық ота енгізілді. Биыл өңірде алғаш рет ЭКМО әдістемесі, кавафильтр имплантациясы, аз инвазивті аортокоронарлық шунттау енгізілді.

Бес ай ішінде ашық жүрекке жоғары технологиялық медициналық ота жасалды. Барлығы 50-ден астам адам жүрек клапанын ауыстыруға жүгінген. Аорта аневризма отасын, дефибриллятордың жүрек имплантациясын 40-тан астам адам жасатқан. Еуропа мен ТМД-ның үздік профессорларымен және академиктерімен шеберлік сыныптары мен оқыту курстарын өткізуге келісім жасалды. Бұдан басқа, мұрын қуыстарының жанында эндоскопиялық оталар (синусотомия, этмоидотомия, фронтитомия), алдыңғы крест тәрізді байламды артроскопиялық қалпына келтіру жүргізілді.

Әлемді алаңдатқан коронавирус жұқпасы бізді де әбігерге салды. Жедел шешімдер шығарылып, емдеудің тиімді жолдары қарастырылды. Өткен жылы облыс бойынша коронавирустық инфекциямен күреске облыстың 31 медициналық ұйымында 4080 төсек-орын дайындалды. Инфекциялық бөлімшелердің негізгі жүктемесі Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Алакөл және Панфилов, сондай-ақ, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында орын алған. Ал 2021 жылы коронавирустық инфекциясы бар пациенттерді емдеуге арналған төсектердің ең көбі 33 медициналық ұйымда 4795 төсек, оның ішінде 370 реанимациялық төсекке дейін жеткізілді. Төсек жүктемесінің ең жоғары деңгейі сәуір айында тәулігіне 68% немесе 3420 пациентке дейін тіркелді. Пандемия басталғаннан бері 27 682 пациент емделді, оның ішінде 26 440 пациент сауығып, 534 жағдай (1.9%) қайтыс болды. Коронавируспен күреске барлығы жергілікті бюджеттен 13,8 млрд. теңге, оның ішінде екінші толқынға дайындыққа 8,8 млрд. теңге бағытталды. Медициналық ұйымдарда 17 компьютерлік томограф, 53 рентген аппараты, 534 өкпені жасанды желдету аппараты жұмыс істейді. Оның ішінде балалар үшін 70, ересектер үшін 464 орын жабдықталған.

Облыстың 17 ауруханасы оттегі стансыларымен қамтамасыз етілген. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 818,2 млн.теңге бөлінді. Сондай-ақ, оттегі концентратторының саны 1350 данаға дейін, оксигенотерапиямен қамту 45% төсекке жеткізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 31 реанимациялық бөлімше, яғни, 410 төсек қажетті жабдықтармен жабдықталған. Медицина мекемелеріне жоғары ағынды оттекті терапия әдісі енгізілді. Аталмыш 37 Хай Флу аппаратының көмегімен 10 000-нан астам адам ем қабылдады. Жалпы, медициналық жабдықпен қамтамасыз ету 79%-дан 89%-ға дейін артты. Бүгінде 200 төсектік жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға берілді. Ауыр науқастар мен балаларға арналған көпсалалы ауруханалар базасында 2 ахуалдық орталық құрылды. Сондай-ақ, коронавирустық пневмонияны ерте кезеңде анықтау үшін жаңа цифрлық жүйе енгізілді. Істің нәтижелі шешуінде маманның атқаратын рөлі зор.

Облысқа 2018 жылдан бастап 472 дәрігер келді. Ал 2020 жылы жергілікті бюджет қаражатынан медициналық қызметкерлерге 127 пәтер сатып алуға 756 млн. теңге бөлінді. Бұл медицина қызметкерлері мен қала тұрғындары арасында оң резонанс тудырды. Тұрғын үй мәселесін жеңілдету және қалаға маман тартуға үлкен көмек көрсетті. Бүгінгі таңда 297 дәрігерге қажеттілік туындауда. Оның ішінде 57 терапевт, 23 педиатр, 33 анестезиолог-реаниматолог, 35 акушер-гинеколог, 11 неонатолог, 14 инфекционист дәрігерлер керек. Облыс әкімдігі медициналық ұйымдарға білікті кадрларды тарту және қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар жүргізуде. Жыл сайын медициналық мекемелердің басшылары Алматы, Қарағанды, Семей қалаларындағы «Бос орындар жәрмеңкесіне» қатысады. Ең тапшы мамандықтарды тарту үшін әкім аппараты көтермеақы қаражатын, жеңілдетілген кредиттерді төлеу сияқты қолдау шараларын жасады. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен 2019 жылдан бастап еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында 129 резидент дайындықтан өтуде. Мысалы, 2019 жылы 47, 2020 жылы 82 маман оқытылуда.

Денсаулық сақтау саласының мамандары елді сырқаттан сақтандыру, алдын алу, емдеу барысында ұшан-теңіз шаруа атқаруда. Соңғы жылдары коронавирус жұқпасынан тұрғындарды аман сақтауда денсаулық саласының мамандары күн мен түнді алмастыра еңбек етті. Талдықорғанда коронавирус індетімен күресте қайтыс болған дәрігерлерге арнап «Аялы алақан» ескерткіш-белгі қойылуының өзі дәрігерлердің жанқиярлық еңбегіне деген құрмет. Ақ желеңді абзал жандар әлі де жаңа технологияларды меңгеру, шетелдермен тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдіру барысында барынша еңбектенуде. Сала мамандары емделушімен кішіпейіл, жан-дүниесін түсіне сөйлесу барысында да сабырлылыққа негізделе жұмыс істеуде. «Аурудың емі – саудың сәлемі» деген қағиданы ұстануда. Денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдықтар халықтың өмір сүру жасын ұзартуға септігін тигізбек. Ендеше, әр қазақстандықтың денсаулығын күтуіне, қалыпты өмір сүруіне толық мүмкіндік бар.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы