САРЫӨЗЕКТЕ 34 ЖАСТАҒЫ ЖҮКТІ ӘЙЕЛ КӨЗ ЖҰМДЫ. ТЕКСЕРІС ЖҮРІП ЖАТЫР

Уақыты: 01.06.2022
Оқылды: 1307
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Сарыөзектегі ауруханада жүкті әйел көз жұмды. Бұл туралы Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

1988 жылғы әйел жүктіліктің 18-нші аптасында болған. «Әйел Кербұлақ аудандық ауруханасына ауыр жағдайда түсті. Барлық тиісті ем-дом шаралары қолданылды. Бірақ науқастың жағдайы күннен-күнге нашарлай берді. Облыстың дәрігерлері арнайы консилиум жүргізді. Бірақ, өкінішке қарай, науқас көз жұмды», - делінген Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарламасында.

Басқарма ақпаратына сәйкес, ауруханаға түскеннен кейін бір күн өткен соң науқас түсік тастаған. «Науқастың мүрдесі арнайы сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Оның қорытындысы шыққан кезде тиісті шешім қабылданатын болады. Қазіргі уақытта медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті кезектен тыс тексеру жүргізуді жоспарлап отыр. Оған тәуелсіз сарапшылар қатысатын болады», - деп толықтырды басқарма өкілдері.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы 1988 жылғы әйелдің өліміне нақты не себеп болғанын арнайы сот-медициналық сараптамасының қорытындысы шыққанда белгілі болатынын жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"