КОРОНАВИРУС ҚАЙТА ТАРАЛУДА

Уақыты: 08.07.2022
Оқылды: 1170
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әлемде коронавирус жұқпасы қайта бас көтерді. Салқыны бізге де тиіп жатыр. Алматы қаласы «сары» аймаққа енді. Соған орай, Алматы және Жетісу облыстарында да алаңдаушылық туындауда.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Шағиахметтің  айтуынша,  өткен тәулікте екі өңірде 30-ға жуық жаңа жағдай тіркелді.  Балқаш ауданында –3, Жамбыл ауданында –2 , Іле ауданында – 6, Қарасай ауданында – 8, Талғар ауданында – 1, Ұйғыр ауданында – 4, Панфилов ауданында – 3, Қаратал ауданы мен Талдықорған қаласында 1 жағдайдан анықталды.  
Екі облыста 834 медициналық мекеме бар. Тұрғын көп шоғырланған елдімекендердің ауруханаларында коронавируспен сырқаттанғандарға арналып бөлімшелер ашылуда. Үлкен шаһарларда жұқпалы сырқаттар жататын жаңа ауруханалар салынғаны баршаға белгілі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірованың сөзінше, Алматы облысында  індетпен сырқаттанғандарды  жатқызуға  60 төсек дайын.  Облыста коронавирус жұқтырған 26 науқас  дәрігерлік  ем алуда.  Қажет жағдайда төсек саны 4000-ға жеткізілмек.  Жетісу облысында аталмыш індетпен сырқаттанғандарға 20 төсек жабдықталған.    Аталмыш облыста да  бірнеше  науқас кеселге шалдығып, ем алуда. Жетісулық  медицина мамандары  да төсек-орын санын  4000-ға  жеткізуге дайын.  Бүгінде медициналық жедел жәрдем бригадасының саны 206-ға жетті.   Жедел медициналық көмек көрсету сапасы артып,  реанимациялық  қызмет жақсарған. Пандемиямен күрес кезінен бастап өңірдің барлық  ауруханасы оттегі стансыларымен қамтамасыз етілді.   Сондай-ақ, емдеу мекемелеріне жоғары ағынды оттекті терапия әдісі енгізіліп,  189 «Хай Флоу»  аппараты сатып алынды. Тағы да 11 ЭКМО аппаратының (жасанды өкпе)  6-ы  аудандық орталық ауруханаларға  орнатылды.  Қос облыстың  17 ауруханасы оттегі стансыларымен қамтамасыз етілген.  
Денсаулық сақтау саласының мамандары эпидемиологиялық ахуалға байланысты,  көпшілік орынға бармай, сырқат белгісі бар адамдардан қашық жүріп,  ревакцинация жасатуға кеңес береді.

Гүлжан ТҰРСЫН