ВАКЦИНАНЫҢ ҚҰРАМЫНДА АЛЮМИНИЙ БАР. ЕКПЕ ТУРАЛЫ ЕҢ МАҢЫЗДЫ МӘЛІМЕТ

Уақыты: 12.07.2022
Оқылды: 2012
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі вакцина туралы әрбір тұрғынға қажетті ең маңызды мәліметтерді жариялады. Толық нұсқасы төменде:

Вакциналардың құрамында адам өміріне қауіп төндіретін заттар жоқ.

Барлық лицензияланған вакциналар мақұлданғанға дейін көптеген сынақтардың барысында мұқият тексерiледi, ал нарыққа шыққаннан кейін оларды қайта бағалау жүйелі түрде жүргізіледі. Әдеттегідей, вакцинаға реакциялардың көбісі азғантай және уақытша болады, мысалы, қолдың ауыруы немесе кішігірім қызу түрiнде бiлiнедi.

Вакциналар табиғи иммундық реакцияны тудырады.

Вакциналау белгілі бір инфекцияларға тұрақтылық құру үшін ағзаның табиғи қорғаныс қасиеттерін ынталандыруға мүмкіндік береді. Вакцина адамның иммундық жүйесі нағыз жұқпалы аурумен кездесіп, онымен күрескен кездегідей, сіздің иммундық жүйеңізге антиденелер қалыптастыруға үйретеді. Бұл ретте, вакциналардың көбісінің құрамында нағыз тірі вирус жоқ болғандықтан, олар ауруды тудырмайды және екпе алғандарды ауыру тәуекеліне ұшыратпайды.

Неғұрлым көп адам вакцина алса, аурудың толығымен жойылу ықтималдығы соғұрлым артады.

Вакциналар екпе алғандарды қорғайды және ұжымдық иммунитеттің  арқасында қоғамда екпе алмағандар арасындағы ауру деңгейін төмендетуге көмектеседі. Ұжымдық иммунитет халық тобының жеткілікті үлесінде иммунитет болғанда және аурудың азаю көрсеткіші екпе алғандар пайызынан асқанда қалыптасады.

Вакциналардағы алюминийдің мөлшері көп емес, ол басқа өнімдерде мүмкiн болып кездесетiн деңгейден аспайды.

Көп вакциналардың құрамында алюминий тұздары болады, өйткені, олар иммундық жүйенің вакцинаға реакциясын бекітуге және ұзартуға көмектеседі. Алюминийдің азғантай мөлшері табиғи түрде тамақ өнімдерінде, сондай-ақ, ауызсуда, емшек сүтінде және балаларға арналған сүт қоспаларында да бар. Вакциналарда алюминий өте аз ­– құрамында кемінде 2 миллиграм тұздар және кемінде 1 миллиграм алюминийдің өзі болады.

Вакциналар аутизм тудырмайды.

1998 жылы жүргізілген, қоғамның алаңдаушылығын тудырған вакциналау мен аутизм арасындағы ықтимал байланыс туралы зерттеу  қате және жалған деп танылған. Өкінішке орай, оның нәтижелерінің жариялануы үрей тудырып, бұл иммундау деңгейінің төмендеуіне және вакцина көмегімен болдырмауға болатын аурулардың кеңінен тарауына әкелген. Бүгінгі күні бұл қате пікір әлі де кең тараған. Дегенмен, вакциналар мен аутизм немесе аутистік бұзылулар арасындағы байланыс туралы нақты дәлелдер жоқ.

Вакциналар ағзаны инфекциядан ұзақ қорғауды қамтамасыз ете алады.

Вакцинаның көп түрлерi вакциналау мен вакцина алатын адамға байланысты инфекциядан ұзақ қорғауды қамтамасыз ете алады. Дегенмен, кейбiр вакциналарды қолданған кезде бустерлiк немесе мерзiмдi қайта вакциналау кажет болады. Сiздiң учаскелік дәрігеріңіз, бустерлік доза қандай вакциналарға және қашан қажет болуы мүмкiн екенiн түсiнуге көмектесе алады.

Бірнеше вакцинаны бір уақытта алудың артықшылығы бар.

Бірнеше вакцинаны бiр уақытта енгiзудiң басты артықшылығы –­­­­­­­ Сiздiң уақытыңыз бен ақшанызды үнемдей алатын дәрiгерге барудың азаюы. Тағы бір артықшылығы ­– мұндай вакциналау баланың ағзасын ол ең осал болған кезеңде –

 өмiрiнiң алғашқы айларында қорғауды қамтамасыз етуге көмектеседі.

Ұсынылған вакциналау схемаларын орындау маңызды.

Ұсынылған схемалар сәбилерді және жас балаларды ең осал кезінде және олар вакцинамен басқарылатын ауруларға ұшырамас бұрын қорғауға көмектесу үшін жасалған. Ұсынылған схемалар ғылыми деректер негізінде әзірленеді. Ұсынылған схеманы сақтау балаңыздың емдеуші дәрігеріне барудың санын азайтуды және сіз бен балаңыз үшін азырақ күйзеліске ұшырауды білдіреді.

Балам вакцина дозасын қабылдауды өткізіп алса, не істеуім керек?

Вакциналау – бұл болашақ ықтимал жұқпалы аурулардың алдын алу. Вакциналау - бұл балаңыздың ағзасын инфекциямен болашақ кездесуге дайын болуға «үйрету». Мысалы, балаңыз мектептегі сабағын өткізіп алса, сіз мектептi тастамай, әдеттегідей, сыныптастарына жету үшін оқуға көбірек уақыт бөлесіз. Вакциналардың көбісі үшін бекер кеткен уақыттың есесiн толтыру ешқашан кеш емес. Балаңызға өткізіп алған вакциналар дозаларын қашан алғаны дұрыс екенi туралы учаскелік дәрігерден кеңес ала аласыз.

Дәрігердің қабылдауын вакциналау схемасына сәйкес келетіндей етіп қалай ұйымдастыруға болады?

Көптеген елдерде ата-аналарға профилактикалық екпелер картасы беріледі, онда балаға қандай екпелер жасалғаны және келесi екпелерді немесе бустерлік дозаларды қашан алу қажет екенi көрсетiледi. Барлық ұсынылатын екпелер өзектi екенiне көз жеткізген маңызды. Вакциналау мерзiмдерiн өткiзiп алу немесе ауыстыру баланы елеулi aypy тәуекеліне ұшыратуы мүмкін, себебi сiз мерзiмi ауыстырылған вакциналауға дейін немесе сіз оны жасамауды шешкен жағдайда келешекте бала инфекция қаупіне ұшырамайтынына кепiл бола алмайсыз.

Құрметті ата–ана! Бүгінгі күнге дамыған медицинада жұқпалы аурулардың алдын алу үшін вакцинадан басқа тиімді әдіс жоқ. Баланың қауіпсіздігі­ – сіздің қолыңызда! Балаңыздың денсаулығының пайдасына таңдау жасаңыз және балаңыз егілмей ауырып қалса балабақшадағы, мектептегі басқа балаларға қауіп тудыратынын ұмытпаңыздар!

А.ЖЕКСЕНБАЙ,

Алматы облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық
бақылау бөлімінің бас маманы