ТӘЖІКСТАНДЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР ЕСІК ҚАЛАСЫНДАҒЫ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАҒА БАРДЫ

Уақыты: 08.11.2022
Оқылды: 1103
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Дүйсенбі күні Тәжікстан делегациясы жұмыс сапарымен Қазақстанға келді. Алматыдағы Біріккен ұлттар ұйымы ғимаратында өткен жиынға Қазақстан мен Тәжікстан денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері, ДДҰ ұйымының қызметкерлері, Алматы қаласы және Алматы облысының басқарма басшылары қатысты.

Онда медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамытудың бағыттары жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, осы салада жұмыс істейтін медбикелердің рөлін күшейту жолдары кеңінен сөз болды.

Медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) беру қызметі елімізде қарқынды дамып келеді. Оған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) қолдау көрсетуде. Соның бір мысалы ретінде үстіміздегі жылдың наурыз айында Есік қаласындағы Еңбекшіқазақ аудандық көпсалалы ауруханасында өткен шараны айтуға болады.

Аталған емханада ДДҰ-ның МСАК демонстрациялық платформасы ашылып, тәлім беру алаңына айналды. Осы күнге дейін мұндағы озық тәжірибені Өзбекстан мен Қырғызстан дәрігерлері көзбен көріп, көңілге түйіп қайтқан еді. Енді, міне, араға айлар салып тәжік ағайындар да қызығушылық танытып отыр.

Жиында Тәжікстан елінен келген министрлік өкілі Зиедулло Идрисов МСАК-ты дамытуда Қазақстандық тәжірибенің берері мол болатынын тілге тиек етті.

Біз бұл сапардан көп нәрсеге қанығатынымыз анық. Сіздерден тәлім алу арқылы еліміздегі МСАК-ты реформалау жүйесін, оның ішінде, медициналық және әлеуметтік қызмет көрсету интеграциясын, отбасылық медицинаны дамытуды сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік аламыз, - деді Зиедулло Идрисов.

МСАК қызметінің беделін арттыру үшін білікті кадрлар қажеті екені анық. Кездесуде сөз алған ҚР Денсаулық сақтау минстрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басшысы Әсел Қыдыралиева осы мәселеге тоқталды.

– Елімізде МСАК үздік практикаларының 17 орталығы халыққа медициналық, әлеуметтік және психологиялық тұрғыда қызмет көрсетіп келеді. Десек те, ауылдық жерлерде кадр тапшылығы сезіледі. Сондықтан осы мәселе күн тәртібінде тұр, - деді ол.

Бұдан кейін аталған тақырып бойынша пленарлық сессиялар мен семинар-тернингтерге кезек берілді.

Келесі күні шетелдік қонақтар Есік қаласындағы аудандық көпсалалы ауруханаға барып, МСАК-тың демонстрациялық платформасы жұмысымен танысты. Тәжікстандық дәрігерлер апта соңына дейін медицина қызметкерлерімен, денсаулық сақтау менеджерлерімен тікелей байланыс орнатып, орталықтарды аралап, озық тәжірибе жұмысына мейлінше қаныға түсетін болады.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы