ЖАРКЕНТТЕ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 14.11.2022
Оқылды: 1671
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жаркент  қаласында мүмкіндігі шектеулі  балаларға  арналған  «Мерей» оңалту  орталығы  ашылды. Жаңа мекеме  жалпы 1 гектар аумаққа орналасқан. Мұнда  20 маман және 40 қызметші еңбек етеді. Мекемеде  бір  мезгілде 40 мүгедек  балаға  қызмет  көрсетіледі. Орталық 2 корпустан  тұрады, оның  алғашқысында жабдықталған  жатын және  ойын бөлмелері  бар. Екінші  ғимарат ем-дом қабылдауға  арналған.

 Мұнда емдеуге, жаттықтыруға  қажетті жабдықтар орнатылған зал, бассейн, монша, душ, логопед, дефектолог, монтессори, сенсорлық, сылап-уқалау, тұзды  шахта, еңбекке  баулу бөлмелері мен  акт залы бар. Екі  корпус  арасын 100 метрлік жабық дәліз  жалғайды.  
Орталықтың  ашылу  салтанатына Жетісу  облысы  әкімінің  орынбасары  Рустам Әли, Панфилов  ауданының  әкімі  Марат  Сағымбек, даңқты жүгеріші, Еңбек  Ері, Алматы  облысының және  Панфилов  ауданының  Құрметті  азаматы Күләш  Айтжанова, Жетісу  облыстық жұмыспен  қамтуды үйлестіру  және әлеуметтік  бағдарламалар  басқармасы басшысының  міндетін  атқарушы Ермек  Мизамбеков, тағы  басқа  құрметті  қонақтар қатысты.
Салтанатты  сәтте  сөз  сөйлеген  Жетісу  облысы әкімінің орынбасары Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев 2022  жылды  «Балалар  жылы»  деп  жариялағанын, соған сай  бірқатар игі істер жүзеге асырылғанын мәлім  етті. Соның бірі – шекаралық ауданда іске қосылған оңалту орталығы екенін айта келе, мұндай орталықтардың Қаратал, Сарқан, Алакөл  аудандарында  ашылғанын ортаға салды. Талдықорған  қаласында да мүмкіндігі  шектеулі  балаларға қызмет  ететін  мекеме  таяуда  пайдалануға  беріледі. 
Аудан  әкімі  Марат Сағымбек, Еңбек  Ері  Күләш  Айтжанова, мүмкіндігі  шектеулі  балалардың  ата-аналарының атынан Алтын  Елтаева  сөз  сөйлеп, мекеме қызметкерлерін жаңа  орталықтың  пайдалануға  берілу  қуанышымен  құттықтады. Қуанышқа  жиналған  қауымға ардагер  ұстаз Молот Солтанаев  ақ  батасын  берді. Жиын  соңында орталықтың  алғашқы  ем қабылдаушылары Сағи Мұқамер  мен Аяулым Жанат «Аға  мен  қарындас», Имаран Кибиров «Бүлдіршін  тілегі»  әндерін  орындады.

 Мырзағали НҰРСЕЙІТ,
  Жаркент  қаласы
Жетісу облысы