ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ – БАСТЫ МІНДЕТ

Уақыты: 06.01.2024
Оқылды: 912
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ақпараттық жеделдету диспетчерлік бөлім жұмысы аса жауапты.  Бөлім жетекшісі ретінде диспетчерлердің келіп түскен шақырту қоңырауларына сауатты, сапалы жауап беруі мен қашықтан бригада жеткенге дейінгі алғашқы жедел көмекті ұйымдастыру тікелей менің міндетім. Өзіме жүктелген міндетті мінсіз атқардым деп толық айта аламын. 

Науқастың өміріне қауіп төнетін жағдайлар кезінде диспетчер «Шақыртуды ұстап тұру» режиміне көшеді. Шақыртуды қабылдау жөніндегі диспетчерге шақыруды автоматтандырылған бірыңғай «Көмек» бағдарламасында қоңырауды ұстап тұру кезеңі тіркелген негізгі картаның нөмірі көрсетілген қосымша консультация беру картасын жасау туралы нұсқаулық беріледі. Бұл істе ақпараттық технология бөлім басшысы Азат Күншығаров көп көмегін тигізді. Техникалық жағынан қолдау білдіріп қана қоймай, әр диспетчерге жұмыс орнында түсіндіру жұмыстарын өткізіп, жұмыстың жүйелі атқарылуына баса назар аударатын. Шақыртуды қабылдау кезінде диспетчер әдептілік ережелерін қатаң сақтауға тиіс. Сыпайы түрде диалог жүргізуге, барынша мұқият болуға, қажетті сұрақтарды нақты қоюға және шақыртуды тіркеу картасын дұрыс толтыру үшін толық жауаптарға қол жеткізуі шарт. 

Медицина қызметкерлері мерекесі қарсаңында жартыжылдық жұмыс қорытындысы бойынша айрықша жетістіктері мен өз қызметтеріне адалдығы үшін диспетчерлердің еңбегі еленді. Нәтижесінде Алматы облысы бойынша ОЖЖ стансысы басшысы атынан және Сенім кәсіподағынан 10 диспетчер Құрмет грамота,  25 диспетчер Алғыс хатқа ие болды. Ең бастысы – адалдық пен әділдікті бірінші орынға қойған қызметкерлердің еңбегі ақталды. 

Бөлім қызметкерлері сапалы көмек көрсетіп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Атап айтсам, жүрек-өкпе реанимациясы сәтті жасалды. СЛР нұсқаулығын телефон арқылы сауатты айту арқылы  адам өмірін сақтап қалды. Геймлих әдісімен бөгде затты жұтқан екі нәрестені ажалдан арашалап қалған нақты жағдайлардың барлығы жақсылықпен аяқталды. Осыған орай бүгінгі таңда Алматы облысы бойынша ОЖЖ және ШМК стансысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 19 қаңтардағы №11 бұйрығы «Жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-225/2020 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» талаптарына сәйкес 100% толық көлемде сапалы көмек көрсетіліп жатқанын, диспетчерлер біліктілігі артқанын аңғаруға болады.

Мемлекеттің негізгі байлығы – халық денсаулығы десек, денсаулық сақтау саласының маңызды бөлігі – жедел және шұғыл көмек саласының абыройы арта берсін деп тілеймін. 

Майра АЙТУАРҚЫЗЫ,  
Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми орталығы
Алматы облыстық филиалының бөлім жетекшісі,
МВА, Қазақстан Менеджерлер ассоциациясының толық мүшесі, медицина магистрі
Фото: turaninfo.kz