«Жедел жәрдем» көлігі берілді

Уақыты: 13.01.2024
Оқылды: 883
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Денсаулық сақтау саласы – еліміздегі ең маңызды сала. Соңғы жылдары Сарқан ауданының денсаулық сақтау саласына ауыз толтырып айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Облыс қазынасынан  медициналық құрал-жабдықтарға қомақты қаражат бөлініп, дәрігерлер құрамы да сан түрлі мамандармен толығуда.

Жуырда ауданымызға елімізде құрастырылып, арнайы құрал-жабдық орнатылған 3 жаңа «JAC» маркалы  «Жедел жәрдем» көліктері табысталды.

– Оның біреуі ауыр науқастар орналастырылған реанимацияға, екіншісі 1 жасқа дейінгі балалар жататын перзентханаға берілсе, ал үшіншісі Қойлық ауылына табысталды. Ал осының алдындағы науқастар тасуға арналған көліктер күрделі жөндеуден өтіп, шалғайда орналасқан Мұқан Төлебаев пен Черкасск ауылына жіберілді, – дейді аудандық орталық аурухананың директоры Алтай Шұлғаубаев.

Оттегі баллондары, қолды дезинфекциялауға арналған құралдар және тағы басқа қажетті арнайы заттармен жабдықталған жаңа санитарлы автокөліктер ел игілігіне қызмет ететін болады. 

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы