АЛТЫН ҚОЛДЫ ДӘРІГЕР

Уақыты: 14.06.2019
Оқылды: 1296
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қарасай аудандық орталық ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Талғат Байтілеуов  отыз жыл бойы осы жауапкершілігі мол салада тынбай тер төгіп келеді.  Қазақстан медицинасында ойып тұрып орын алған А. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығында табан аудармай 20 жыл қызмет істеп, оның ішінде алты жыл бойы сондағы өңеш, асқазан хирургиясы бөлімін басқарған.

Еліміздегі осы саладағы мықты маманның бірі. Бұл ретте орталықта жүргенде өңеш, асқазанға жүзден аса ота жасапты. Медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер, 10-ға жуық өнертапқыштық жаңалығы үшін алған патенті бар, 70-тен аса ғылыми еңбектің авторы. Сонымен қатар, қоғамдық «Алтын дәрігер» медалінің иегері. Аудандық аурухананың хирургия бөлімшесінде 2014 жылы арнайы шақыртумен келген. 
– Ота жасау, өздеріңіз де білесіздер, медицинадағы барынша күрделі жұмыс, анығын айтсақ, оның оңайы жоқ. Себебі, адам ағзасы күрделі, ұңғыл-шұңғылы, ой-қыры өте көп. Бірақ бәрі өз орнында тұрып, жаратылыстан берілген тәртіппен, жүйемен жұмыс істейді. Әлдебір мүшеміздің жұмыс ырғағы бұзылса не мүлдем қозғалмай қалса немесе әртүрлі сыртқы жарақаттардың әсерінен бүлінсе, біз жедел көмекке келеміз.  Қазіргі кезде аудан халқының өсу қарқыны өте жоғары. Өмір болған соң әртүрлі  оқыс оқиғалар да қоса жүреді. Сондықтан, күнде ота үстелі бос болмайды. Ал жалпы бөлімшемізде жылына екі мыңдай ота жасалады, – дейді білікті дәрігер Талғат Әлішұлы.  
Бөлімшедегі хирургтің бәрі де өз кәсібінің шеберлері. Мұндағы жас хирургтерге де үйренуге, тәжірибесін молайтуға жақсы мүмкіндік бар. Мәселен, жоғары санатты дәрігер-хирургтер Орал Сағиев, Максим Стадников, Ринат Ағалиев және Берік Жұмабеков сынды дәрігерлерге осында ота жасатқандардың бәрі риза. 
Хирург Максим Стадниковтың осыдан бір-екі жыл бұрын облыстың «Ең үздік дәрігері» атағын жеңіп алғанын да ел біледі. Бөлімшеде аса күрделі, басқалардың жүректері дауаламаған оталар да тұрақты жасалып тұрады. Бұл, сөз жоқ, жоғары кәсіби шеберліктің арқасы.
Сырқаттар үшін дәрігерлер белгілеп берген ем-дом шараларын шаршамай жүргізетін медбикелердің бәрі де өз ісін ойдағыдай атқаратынының куәсі болдық. Олардың жұмысын, тәртібін аға медбике Айгүл Бажанова жіті қадағалап отырады. 
Күнде таңертең дәрігерлерді жинап, әр палатадағы сырқаттың хал-жағдайы, оның тезірек сауығуы үшін енді не істеу қажет, қандай қосымша емдеу шараларын қолдану керек, міне, осының бәрі Талғат Әлішұлының жиынында талқыға салынады. Сөйтіп, өзара кеңеседі, ақылдасады. Сонда ғана тиімді емдеу тәсілі табылады. Әрине, бұл жерде әр дәрігердің жеке жауапкершілігі мен еңбекқорлығын ұмытпағанымыз жөн.

Берікбай ҚАДЫҚОВ