"КОРОНАВИРУС ҮШТӨБЕГЕ ЖЕТТІ": ЖЕЛІДЕ ОСЫНДАЙ АҚПАРАТ ТАРАДЫ

Уақыты: 05.03.2020
Оқылды: 1286
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Кешелі бері Алматы облысы тұрғындарының "Уатсап" желісінде Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласына коронавирус жұқтырған адам келді деген мазмұнда жалған ақпарат тарады. Осыған орай Қаратал ауданы әкімінің баспасөз хатшысы түсініктеме берді.

"Коронавирус Үштөбеге жетті. Қазірше жасырып отыр", - деп басталатын мәтін орыс тілінде жазылған. Онда Оңтүстік Кореядан келген ер адам дене қызуымен 24-шағынауданда анасының үйінде жатқаны, маникюрші Каринаның жұбайы екендігі айтылған. Сондай-ақ, амбулатория қызметкерлері скафандр киюге көшкені, балаларды сыртқа шығармау керектігі жазылған. Осыған қатысты медицина қызметкерлері әлдебір тұтқасы жоқ есікті жауып, адамдарды кіргізбей жатқаны көрсетілген бейнематериал да тарады.

Желіден тараған жазба мен бейнематериалға байланысты Қаратал ауданы әкімінің баспасөз хатшысы былай түсініктеме берді:

- Бұл ақпарат жалған. Тараған жазбаға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Үштөбеде бір адам коронавирус жұқтырды деген қауесет шындыққа жанаспайды. Бірақ шетелден келген азаматтарға арнайы қорғалған киіммен медициналық тексеріс жүргізілгені рас. Оларда ауру белгілері жоқ. Мұндай сақтық шаралары мен тексеріс коронавирус тарап жатқан кез келген елден оралған адаммен жүргізіледі, - деді баспасөз қызметінің өкілі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды