КОРОНАВИРУС: КОРЕЯДАН ҰШЫП КЕЛГЕН 100 ЖОЛАУШЫ ОҚШАУЛАНДЫ

Уақыты: 06.03.2020
Оқылды: 915
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы қаласында Оңтүстік Кореядан ұшып келген 100 жолаушы коронавирусқа байланысты карантинге жатқызылды.

Tengrinews.kz тілшісінің хабарлауынша, келгендердің арасында Қазақстанның 93 азаматы бар. Қалған жетеуі басқа елдерден.

- Бұл - стационар. Енді Сеулден келген қазақстандықтар мен басқа елдердің кей азаматтары карантинге жатқызылады. Олар аман-сау. Қала әкімінің аймақтық штабы олардың вирустық ауру тараған аймақтан келгенін ескере отырып, 14 күнге карантинге жатқызу туралы шешім қабылдады, - деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

- Қаланың эпидемия кезінде осы санаттағы азаматтарды оқшаулау үшін кей стационарды пайдалануға құқығы бар. Барлығы аурудың қала мен республика тұрғындары арасында таралмауы үшін жасалады, - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанға Оңтүстік Кореядан келгендер 5 наурыздан бастап карантинге жіберілетіні хабарланған еді. Ал 8 наурыздан бастап Қытай, Иран және Оңтүстік Корея азаматтарына Қазақстанға кіруге тыйым салынады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"