"2-3 РЕТ ТЕКСЕРЕМІЗ": КОРОНАВИРУСТЫ АНЫҚТАЙТЫН ТЕСТ ҚАНШАЛЫҚТЫ СЕНІМДІ?

Уақыты: 12.03.2020
Оқылды: 1001
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Елімізде коронавирусты анықтайтын қосымша 60 мың тест құрылғысы алынады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ айтты.

Қазіргі уақытта коронавирус 120 мемлекетке тараған. Қазақстан Қытаймен шегаралас жатыр. Соған қарамастан арнайы қабылданған шаралардың арқасында елімізде осы уақытқа дейін коронавирус анықталған жоқ. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов осындай ақпарат таратты. Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа журналистер тарапынан коронавирусты анықтайтын тест құрылғысының жұмысына, қаншалықты сенімді екеніне қатысты сұрақ қойылды. Министр коронавирус адам қанынан бірінші күні анықталмайтынын жеткізді.

- Қазақстанда бірнеше мемлекеттен келген азаматтар бақылауда жатыр. Коронавирус адам қанынан бірінші күні табылмайды. Сол себепті біз оларды бақылауда, қажет болса, 14 күн карантинде ұстаймыз. Біздің протокол бойынша, адамнан бірінші және оныншы күні қан алынып, тексеріледі. Қазіргі кезде біздің барлық өңірде арнайы санитарлық-эпидемиологиялық зертханалар жұмыс жүргізуде. Ресей Федерациясынан, Қытай елінен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жіберген және қазақстандық бірнеше тест құрылғысы бар. Жалпы, 15 мың тест болған, оның 5 мыңын пайдаландық. Қосымша 60 мың тест аламыз. Әрбір науқасты 2-3 тестпен тексереміз. Бұл тест құрылғылары нақты көрсеткіштерді көрсетіп, жақсы жұмыс істейді. Бұл жұмыстар ары қарай да жалғасады, - деді Денсаулық сақтау министрі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"