"АНАМ ҮЙГЕ ТЕЗІРЕК КЕЛСІНШІ": 13 ЖАСАР ҚЫЗ МИНИСТРГЕ ХАТ ЖАЗДЫ

Уақыты: 21.03.2020
Оқылды: 1514
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВҚА анасы дәрігер болып жұмыс істейтін 13 жасар қыз хат жазды.

Раида есімді қыздың жазуынша, анасы Әсем – дәрігер. Елде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты қыз анасын тәулік бойы көрмейтінін айтқан. «Ал кеше менің туған күнім болды. 13-ке толдым. Бірақ менің көңіл-күйім жоқ. Себебі мен үшін ең басты адам – анам жанымда болмады! Ол маңызды әрі қайырымды іспен айналысып жатқанын білемін. Алайда оны қашан көретінімді білмеймін. Ол үшін өте уайымдаймын. Ол сырқаттанып қала ма деп қорқамын. Ол үйге оралмай ма деп үрейленемін. Елжан Амантайұлы, сіздің де отбасыңыз бар. Қолыңыздан келгеннің барлығын жасаңызшы. Бұдан былай ешкім ауырмайтындай етіп, анам тезірек үйге келсінші. Бұл – мен үшін ең үлкен сыйлық болар еді», - деп жазды 13 жасар қыз.

Министр көңіл тербеген хатқа: «Сәлеметсің бе, құрметті Раида! Сенің хатыңды интернеттен оқыдым. Жүрегіңнен шыққан шынайы жылы сөздер үшін ризашылығымды білдіремін! Біріншіден, өтіп кеткен туған күніңмен құттықтаймын! Зор денсаулық тілеймін! Жасыңа қарамастан, анаңның мамандығы қаншалықты маңызды екендігін түсінетініңе сүйсінемін. Дәрігер болу – бұл ауа райына қарамастан, аптаның қай күні, қандай уақыт болмасын және көп жағдайда өзіңнің шаршағаныңа, денсаулығыңа қарамастан көмекке ұмтылуға шынайы ниет», - деп жауап жазды "Facebook" парақшасына.

Елжан Біртановтың жазуынша, оқушы қыздың хатынан бүгінде тынбай еңбек етіп жатқан Қазақстандағы және бүкіл әлемдегі медицина мамандарының балаларының дауысын естуге болады. «Біз, әріптестерімізбен – өзің сияқты балалардың анасы және әкелерімен бірге науқастанған адамдар саны неғұрлым аз болуы үшін және бүкіл ғаламшарда коронавирус індетінің таралуын тоқтатуға бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Анаң екеуің туған күніңді жақын уақытта бірге атап өту үшін қолдан келгенді жасауға уәде етемін. Көңіл-күйіңді түсірме! Барлығы жақсы болады», - деп жазды Денсаулық сақтау министрі.

Министр оқушы қызға үйде отырғанда гигиена талаптарын орындауға және көбірек кітап оқуға кеңес берді. Сондай-ақ, туған күніне бірнеше кітапты сыйға тартатынын жеткізді.

"ҚАЗАҚПАРАТ"