"70 АППАРАТТЫҢ ҚҰНЫН ШЫҒАРЫП ҚОЙДЫ": ӘЛЕМДІ МЕЙІРІМДІЛІК ҚҰТҚАРАДЫ

Уақыты: 20.07.2020
Оқылды: 1623
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Бірлік бар жерде тірлік бар» деген аталы сөз дәл бүгінгі күнге арнап айтылғандай. Бірліктің, татулықтың арқасында ғана қазақ бұл індетті жеңіп шығатыны анық. Бір атаның баласындай бірігіп, елдің амандығын ойлаған қайырымды азаматтардың қамқорлығының нәтижесінде Талдықорған қаласының ауруханаларына өкпені желдететін 10 аппарат сыйға тартылды.


Қайырымдылық шарасына Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов, өңір кәсіпкерлері, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері қатысты. 

Елдің ертеңі үшін алаңдаған атымтай жомарт азаматтар халық игілігі үшін 5 миллионнан аса қаражат жинаған. Жеке кәсіпкер Дәурен Тәліповтің айтуынша, бұл шара осымен тоқтап қалмайды. 

– Халықтың пейілі мен ниеті ешқашан тарылмасын. Халық бір ауыздан жиналып, 70 аппараттың құнын шығарып қойды. Шамамен 10 күннің ішінде аппарат қолымызға тиеді. Бұл қайырымдылық шарасына барша қазақстандық шамасы келгенше атсалысты. Мейрімді жанның барлығына алғыс айтамын. Бәріміз бір мезетте жұмылып күрессек, бұл індеттен арылатынымыз анық, – деді ол.

Облыстық аурухананың директоры Мұрат Рахметов ел басына ауыр күн туғанда жұдырықтай жұмылып үлкен іс тындырып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді. 

–  Дәл қазір ақ халатты абзал жандар адам жанын арашалау үшін індетпен күресіп жүр.  Бұл майдан өте қауіпті. Бірақ сіздердің қолдауларыңыз бен мейірімділіктеріңіз ертеңгі күнге деген үмітімізді еселеп жатқанын ерекше атап өткім келеді. Күн сайын қайырымды жандар ауруханаға ас-ауқат, сусын, қымыз алып келеді. Әлемді мейірімділік құтқаратынына осы жолы тағы да көз жеткіздік. Күні кеше ғана аурухана төсегіне өте ауыр халде түскен науқас дерттен айығып, үйіне оралды. Екі ай емделіп, өз аяғымен жақындарына оралған азамат үшін біз қатты қуандық. Жанына араша сұрап, бізден қолдау күтіп келген әр науқас жақындарымен жақсылықта табысса екен деп тілейміз. Ақ халаттылардың арманы – адамзаттың саулығы. Бірліктің, татулықтың арқасында бұл майданды да жеңетініміз анық. Өздеріңізді, жақындарыңызды қорғаңыздар дегім келеді. Сіздің жауапкершілігіңіз – елдің амандығы екенін естен шығармаңыз, –  деді аурухана директоры. 

Талдықорған қаласында пандемия кезіндегі іс-қимылдарды үйлестіру жөніндегі штаб құрылды. Оның құрамында қоғам қайраткерлері мен ауруханалардың бас дәрігерлері бар.

Еңлік КЕНЕБАЙ