ЕРІКТІЛЕРІ ОТТЕГІ КОНЦЕНТРАТЫН ТАРТУ ЕТТІ

Уақыты: 20.07.2020
Оқылды: 1393
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Елімізде коронавирус індеті өршіп тұр. Десе де, кеселмен  халқымыз жұмыла күресіп, әр өңірдің қайырымды жандары қолдан келген көмегін аямауда. Оған дәлел қазақстандық үздіксіз білім беру  қауымдастығының еріктілері облыстық ауруханаға оттегі концентратын тарту етуі.


Қырықтан астам жекеменшік балабақша мекемесінен құралған қауымдастық қызметкерлері тыныс алу аппаратымен қатар басын қатерге тігіп, күні-түні жұмыс істеп жүрген дәрігерлерге алғысын білдіріп, су, шоколад әкелді.  

Жиын барысында «Әрлен» балабақшасының меңгерушісі Мадина Маметова: «Жасанды тыныс алу аппаратын Алматыдан 600 мыңға алдық. Біздің мақсат – бір адамға болса да көмектесу. Мамандардың айтуынша бір аппаратпен күніне үш адам ем алады. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Барлық қалталы жандар қолынан келгенше көмектессе, бұл індетті де еңсереміз. Әлемді жайлаған індет өңірімізде одан әрі өршімеу үшін медицина қызметкерлері қиын жағдайда жұмыс істеуде. Тіпті, өздері де ауырып жатыр. Сол себепті қалған қаражатқа дәрігерлерге қой еті мен қымыз алып, ыстық сорпа берсек деген жоспарымыз бар», – деді.

Жиын барысында облыстық аурухананың директоры Мұрат Рахметов құрал-жабдықтарды ауруханаға жеткізіп берген еріктілерге  алғысын білдірді. 

– Қазір облыстағы ауруханада 200 адам емделуде. Сондықтан аппарат ауадай қажет. Жанашыр жандар науқастарға үлкен көмек көрсетіп жатыр. Бұл аппараттар мұндағы науқастарға үлкен көмек болды. Сол үшін осындай игі іс жасаған азаматтарға алғысымызды айтамыз, – деді Мұрат Көмекұлы.

Айдар ҚАЛИЕВ