КОРОНАВИРУС: АЛАКӨЛДЕГІ АУРУХАНАДА ТӨСЕК ОРЫНДАРЫ КӨБЕЙТІЛІП ЖАТЫР

Уақыты: 02.12.2020
Оқылды: 1056
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Тәжвирусының алғашқы ошағы - Қытай мемлекетімен иық тірестіре орналасқан Алакөл ауданында ықтимал екінші толқынға деген дайындық қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Соның бір айғағы - Алакөл-Өскемен тас жолының 601 шақырымында аудан мен ШҚО қиылысатын тұсқа арнайы санитарлық бекет қойылуы. Аталған бекетте әскери бөлім, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының, обаға қарсы күрес бөлімінің, аудандық орталық аурухана мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері кезекшілік етуде. Оларға барлық жағдай жасалған.

Бекетке келген әр көлік залалсыздандырылып, адамдар пирометрлер арқылы дене қызуына тексерістен өтуде. Және де жолаушылардан сауалнама алынып, сақтық шаралары да қарастырылуда. Сонымен қатар, жұқпалы аурулар бөліміне 10 төсек қосымша алынды. Екінші кезеңге төсек қорын көбейту мақсатында 330 орынға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Айта кетсек, әскери лазеретте 150, Қабанбай ауылдық бөлімшесінде 60, Достық ауруханасында 70 және аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде 50 төсек әзірленуде.

Карантиндік шараларды бақылау және инфекцияның таралуын тежеу мақсатында аудандық жұмыс тобы да құрылған.

- Топ жұмысының барысында карантиндік іс-шараларды орындауда жіберілген кемшіліктер негізінде 8 жеке кәсіпкерге хаттама толтырылып, аудандық сотқа жіберілді. Ағымдағы жылдың бесінші айынан бері барлығы 1423 нысан тексеріліп, 457-сіне ескерту берілді. Карантиндік шараларды бұзғаны үшін 64 жеке тұлға мен 2 жеке кәсіпкер жауапқа тартылды. Оның ішінде 62 азаматтан 3 млн.182 мың теңге көлемінде қаражат өндірілді және 2 іс сот орындаушыларға жіберілді. Қазіргі таңда екінші толқынға деген дайындық жоғары дәрежеде. Қажетті аппараттар алынып, ауданның жомарт азаматтары да біраз көмегін тигізді. Бүгінде 58 оттегі концентраттары, 17 өкпені жасанды желдету аппараты, 180 пульсоксиметр, 70 пирометр бар. Ауруханада оттегі стансасы қалыпты жұмыс істеп тұр. Дәріханаларда дәрі-дәрмектің 4 айлық қоры жасалған. Осы күнге дейін ауданда тәжвирусын жұқтырған 252 жағдай тіркелді. Олардың 242 толықтай емделген, 1-еуі жұқпалы аурулар бөлімінде жатса, 9-ы үй жағдайында оқшауланған, - дейді Алакөл аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Жанат Нүсіпова.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ,

Алакөл ауданы

Алматы облысы