ТӨРТ БОКСШЫМЫЗДЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНЫП ТҰР: ТОКИОДАН СҮЙІНШІ ХАБАР

Уақыты: 30.07.2021
Оқылды: 2236

Төрткүл әлем көз тіккен төртжылдықтың басты додасы - Токио ­Олимпиадасының алғашқы аптасы тәмам. Әзірге ел қоржынына үш қоладан басқа медаль түспеді. Десе де, спортшыларымыздың жеңіліс сериясы тоқтады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Екі күнде бес боксшымыз жарыс жолынан шығып қалғанда, еңсеміз түсіп кетіп еді. Қалған боксшыларымыздың жеңісі көңілімізді бір көтеріп тастады. 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл Токио төріндегі алғашқы жекпе-жегін өткізді. Бір қызығы, дәл осы күні қазақ боксшысының туған күні болды. Өзінің төл мерекесінде өзбекстандық Фанат Кахрамоновты нокдаунмен жеңген Әбілхан ел мерейін үстем етті.

Жекпе-жек тартысты өтті. Бірінші раундта төрешілер жеңісті өзбек боксшысына бергенде тағы бір өреніміз елге жүлдесіз орала ма деп есіміз екеу, түсіміз төртеу болды. Бірақ қазақтың қайсар баласы жеңісті оңайшылықпен бере ме?! Екінші раундта ол Фанатты қуалап жүріп сабап, нокдаунға жіберді. Үшінші раундта да үстемдік танытып, жеңісті жұлып әкетті. Тамыздың бірінші жұлдызында өтетін ширек финалда Әбілхан бразилиялық Эберт Консейсан Соузамен жұдырықтасады.

Олимпиаданың ашылу салтанатында еліміздің Туын көтеріп шыққан, бокстан Қазақстан командасының капитаны, 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Қамшыбек Қоңқабаев та ширек финалға жолдама алды. Қамшыбек 1/8 айналымда Мысыр елінің өкілі Есри Мұстафаны ұтты. Енді ол ресейлік Иван Верясовпен қолғап түйістіреді. Жарыс жолында төрт боксшымыз (Сәкен Бибосынов 52, Закир Сафиуллин 63, Әбілхан Аманқұл 75, Қамшыбек Қоңқабаев 91+ келі салмақ дәрежесі) қалды. Ақтық сынға төртеу түгел шығып, Көк туымыз көкке көтерілсе екен дейміз.

Тағы бір қуанышты жаңалығымыз - садақ атудан жекелей сында Ильфат Абдуллин 1/32 айналымда ұлыбританиялық Джеймс Вудгэйтпен кездесіп, 7:3 есебімен жеңді.

Өкінішке қарай, жартылай финалға дейін қарсылас шақ келтірмей жеткен еліміздің бірінші теннисшісі Елена Рыбакина әлемдік рейтингте 12-орында тұрған швейцариялық Белинда Бенчичке жол берді. Отандық телеарналар теннисші қыздың ойынын көрсетпесе де, жұртшылық әлеуметтік желіден қорытынды нәтижелерін іздеп жанкүйерлік етті. 2 сағат 44 минутқа созылған кездесуде Бенчич 7:6, 4:6, 6:3 есебімен жеңді. Қазақстандық спортшы қыз ел қоржынына жүлде салады деген сенімдеміз. Айта кетейік, Елена бүгін Элина Свитолинамен (Украина) қола жүлдені сарапқа салады.

Теннистен аралас жұптық сайыстың алғашқы кезеңі басталды. Өкінішке қарай, қазақстандық Ярослава Шведова мен Андрей Голубев жұбы бірінші айналымда жапониялық Эна Шибахара және Бен Маклакланнан айласын асыра алмады. Екі сетке созылған кездесуде қазақстандық теннисшілер 3:6, 6:7 есебімен ұтылды.Су добынан Қазақстан құрамасы үшінші ойын қатарынан ойсырай жеңілді. Испаниямен өткен ойында 16:4 есебі тіркелді.

Токио Олимпиадасында академиялық есуден жартылай финал аяқталды. Бұл сында ел намысын қорғаған Владислав Яковлев өз тобында мәре сызығын бесінші болып кесті. Осыдан кейін 19-24 орындар сарапқа салынатын D тобының финалына қатысып, бірінші келді. Осылайша отандасымыз 19-сатыға тұрақтады.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы