ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШ ФУТБОЛ КОМАНДАСЫ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТІП, КЕЛЕСІ КЕЗЕҢГЕ ШЫҚТЫ

Уақыты: 31.07.2021
Оқылды: 810

Футболдан конференция лигасының екінші іріктеу раундында өнер көрсеткен үш командамыз да жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Атап айтсақ "Астана" қарымта ойында грекиялық "Аристі" ұтса, қостанайлық "Тобыл" Хорватияның "Хайдук" командасын ойсырата жеңді. Ал қарағандылық «Шахтер» румыниялық «Стяуа» командасынан басым түсті.

Бірінші кездесуде елордалық команда қарсыластарын өз алаңында 2:0 есебімен тізе бүктірген еді. Бірақ Салоникте өткен ойында алаң иелері 36-ыншы (Димитрис Манос) және 78-інші минутта (Лукас Саша) гол соғып, астаналықтардың жетістігін қайталады. Осылайша ойынның негізгі уақыты 2:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Қуанышымызға орай, қосымша уақытта (овертайм) еліміздің командасы гол соғып, жеңісті жұлып алды. 121-нші минутта Энео Битри мергендігімен танылды.

Ал «Тобыл» өз алаңында Хорватияның "Хайдук" командасын 4:1 есебімен жеңді. Бірінші ойында «Хайдук» екі доп айырмасымен ұтты. Қостанайдағы ойынның алғашқы бөлігінде есеп ашылмағанымен екінші таймда 5 гол көрдік. Қостанайлықтардың сапынан 56-ыншы минутта Душан Йованчич гол соқты. Артынша Игорь Сергеев дубль жасады (61 және 67-минуттар). Қосымша уақытта қонақтар командасының ойыншысы Эмир Сахити есепті қысқартты. «Тобыл» жеңіске деген жігерінің арқасында қарсылас командасының саңлауын тапты. Ойынның 118-інші минутында Асхат Тағыберген «Тобылға» жеңіс сыйлады.

Қарағандылық «Шахтер» мен румыниялық "Стяуа" арасындағы кездесу тартысқа толы болды. Екі кездесудің қорытындысы бойынша (2:2) тең түскен қос команда жеңімпазды пенальти сериясында анықтады. Бұл сында кеншілер 5:3 есебімен жеңіске жетті.

Айдар НАЗАРҰЛЫ

Алматы облысы