АРДАГЕРЛЕР ШЕБЕРЛІК ТАНЫТТЫ

Уақыты: 13.12.2022
Оқылды: 1513

Республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толуына орай «Жастар» спорт сарайында бильярдтан облыстық жекелей чемпионат өтті.

Ардагерлер арасындағы жарысқа 12 бильярдшы қатысты. Бәсекенің ашылу салтанатында Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт сөз сөйлеп, доданың маңыздылығына тоқталды.

Құрметті жарысқа қатысушылар, бүгінгі чемпионаттың орны бөлек. Республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Осы аралықта ардагерлердің атқарған ісі көп. Қоғамдық өмірде белсенділік танытып, саяси тұрғыда да өздерінің мүмкіндіктерін толықтай атқарып, қолдау білдіріп отырды. Сонымен қатар жастарға үлгі-өнеге болып, түрлі жарыстарға қатыстыңыздар. Жуырда Талдықорған қаласында бильярдтан халықаралық турнир өтті. Байрақты бәсекеде Жетісу облысының командасы жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Осындай ірі додаға қатысу арқылы біз жастарға саламатты өмір салтын ұстануды насихаттаймыз. Бүгінгі додамыз құтты болсын, барлығыңызға сәттілік тілеймін,–деп сөзін түйіндеді.

Әр ауданнан іріктеліп келген ардагер бильярдшылар сайысқа түсті. Арасында ірі додаларға қатысқан сақа спортшылар бар. Тас түйін дайындықпен келген ойыншылар өздерінің шеберліктерімен көзге түсіп, жарысты тамашалаған жұртты таң-тамаша етті.

Осылайша бір күнді спорттық жарысқа арнаған ардагерлер арасындағы чемпионатта 1-орынды Панфилов ауданының спортшысы Бахтияр Құрбанов алса, 2-орынды талдықорғандық Дәулет Туғанбаев місе тұтты. Үздік үштікті ақсулық Ыдырыс Сәдуақасов пен талдықорғандық Геннадий Чарцев қорытындылады.

 

Ришад ТҰРҒАНБАЙ,
Жетісу облысы