ЖЕРГІЛІКТІ АЛТЫ ОЙЫНШЫ БАР

Уақыты: 02.09.2023
Оқылды: 841

«Жетісу» футзал клубы Таразда өтетін ел кубогына соңғы дайындық жұмыстарын Талдықорғандағы «Жастар» спорт кешенінде пысықтады. Қазақстан кубогы 3-7 қыркүйек күндері өтеді.

Былтыр ел чемпионатында сәтсіз ойын көрсеткен талдықорғандық команда биыл құрамын 90 пайыз өзгертті. Ұлттық құраманың ойыншылары Арнольд Кнауб, Ерсұлтан Сағындықов, Салауат Байралиев және осыған дейін ел намысын әлемдік сында қорғаған Болат Сарбасов, Нұрсұлтан Пиялы сынды үздіктер қатарға қосылды. Ал жергілікті Арман Қаражанов, Дастан Мырзахметов, Жалғас Союз, Мади Саматұлы және жас Әлімжан Сейітнұр мен Мадияр Тұрғанбай команда сапында. Жергілікті алты ойыншы түрлі сынақпен іріктеуден өткен. Кейбірі осыған дейін футзалда есімін қалыптастырып үлгерді.

Әулие ата жерінде болатын ел кубогында «Жетісу» «Д» тобында «Семей», «Рахмет» (Ақтөбе) командаларымен ойнайды. Команда бапкері бразилиялық маман Биро Жаде ойыншылардың дайындығы жақсы екенін, кубоктағы ойындар маусым басындағы аса ірі турнир екенін айрықша атап өтті. Кубоктан кейін чемпионат басталып кетеді. «Жетісу» алғашқы екі турды Талдықорғанда «Каспийге» қарсы өткізеді.   

Серік Қантай