Бәрекелді! Қазақстанның Париж Олимпиадасына алғашқы жолдамасы

Уақыты: 18.09.2023
Оқылды: 615

Сербия астанасы Белградта күрес түрлерінен Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың бірінші күні кілемге шыққан еркін күрес балуаны Азамат Дәулетбеков (86 келі) қола медал алды. Бұл жүлде елімізге Парижде өтетін Олимпиаданың алғашқы жолдамасын сыйлады.  

Доданың бірінші күні Өсімжан Дастанбек (61 келі), Санжар Досжанов (70 келі), Азамат Дәулетбеков (86 келі) және аса ауыр салмақта Юсуп Батырмурзаев күрескен. Алғашқы кезеңдерде қарсыласынан бір бас жоғары күресен Азамат Дәулетбеков жартылай финалда Токио Олимпидасының чемпионы, 2 мәрте әлемнің жеңімпазы (осы жолы үшінші рет жеңіске жетті) америкалық Давид Тейлордан жеңілді.

Ал үшінші орын үшін болған белдесуде Магомед Шариповты (Бахрейн) 5:3 нәтижесімен жеңді. Осылайша Азамат екінші жыл қатарынан Әлем чемпионатының қола медалін алып отыр. Бұл салмақта Давид Тейлор (АҚШ) алтын алса,  ирандық балуан Хасан Яздани күміс медалға ие болды.

Бірінші күні кілемге шыққандардың арасында Өсімжан Дастанбек те жүлде алуға мүмкіндік болған. Ол алғашқы айналымда америкалық Виталий Аруджаудан (осы жарыста чемпион болды) жеңіліп, қарсыласының финалға жетуіне байланысты жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алған. Алайда жапон балуаны Кодай Огавадан да жеңілді.

Ал екінші күні жарысқа шыққандардан жүлдеге үмітті балуандар көп. Финалда белдесетін Ризабек Айтмұхан (92 келі), жартылай финалда сүрінген Мейрамбек Қартбай (57 келі), ширек финалда жеңіліп жұбаныш белдесуіне жолдама алған Нұрқожа Қайпанов пен (74 келі) Болат Сақаев (79 келі) бар.

Жиырма жасқа енді толатын Ризабек Айтмұхан барлық қарсыласын ірі есеппен ұтты. Ол ширек финалда Еуропа чемпионы түркиялық Фейзолла Ақтүрікті 11:0 есебімен, жартылай финалда былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері грузин Мириан Майсурадзені 8:1 көрсеткішімен жеңді.

Айта кетейік, Олимпиаданың жолдамасы жекелеген спортшыға емес, федерацияларға беріледі. Париж төрінде әр салмақ бойынша таңдаулы 16 паулан жүлдеге таласады. Сәтін салса Ризабектен алтын күтеміз.

 

Серік ҚАНТАЙ