Өзбекстаннан олжалы оралды

Уақыты: 18.12.2023
Оқылды: 702

Жерлесіміз Еділ Рысбаев Өзбекстан елінде қол күрестен өткен Азия кубогінде 2 алтын медальді жеңіп алды. Самарқан қаласында жалауын желбіреткен жарысқа 23 мемлекеттен 1000-ға жуық білекті де жүректі жігіттер бақ пен бап сынасты. 

70 келі салмақта оңынан да, солынан да келген қарсыласын қоғадай жапырған Еділ Рысбаев Көк туымызды биік ұстап қайтты.  Ал 2005 жылғы шәкірті Нұрахмет Санжар жастар арасындағы сында ІІ орын иегері атанып, болашағынан зор үміт күттіретінін дәлелдеді. Тамыз айының аяғында Алматы қаласында өткен қол күрестен әлем чемпионатында ІІ орынды иеленген Еділдің ауыз толтырып айтарлық нәтижелері де, биік белестерді бағындырып жүрген шәкірттері де жетерлік.

Қазіргі таңда Еділ Амангелдіұлы Алмалы ауылында қол күрес үйірмесін ашып, осы спорттың түріне шәкірт шыңдап жүр.  1992 жылдан қол күреске ден қойған біздің кейіпкеріміздің тәуелсіз еліміздің тарихында алғашқы болып 1995 жылы Еуропа құрлығында өткен қол күрес бәсекесіне қатысты. 1997 жылы Алматы облысында бірінші болып қол күрестен үйірме ашқан да осы Еділ болатын.

– Жалпы, ауданымызда қол күрестің жақсы мектебі, игі дәстүрі қалыптасып келе жатыр деуге болады. Яғни, ұрпақтар арасындағы сабақтастық бар. Оған Қуаныш Қадырбаев, Айдын Есіркеев сынды азаматтарымыз өз еңбектерін сіңіріп, саялы өңірімізде осынау спортты өрістетуге лайықты қызмет етіп келе жатыр. Саладағы тәжірибемізді жас буынмен бөлісіп, лайықты ізбасарлар тәрбиелеп келе жатырмыз. Бұл салада жастарымыз өздерін өзгелерге мойындатып та үлгерді. Мерейіміз өсіп, абыройымыз асқақтап қайтқан кездеріміз көп, – дейді Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Еділ Амангелдіұлы.

П. ЖЕҢІСХАН
Сарқан ауданы
Фото: https://www.instagram.com/p/C0DzRm_iq8p/?img_index=1