Қош, Рио! Қарсы ал, Токио!

Уақыты: 25.08.2016
Оқылды: 1533

Он алты күн бойы жер әлемді дүр сілкіндірген Рио Олим­пиадасының алауы сөнді. Талай қызыққа батырған спорттық дода­ның алауы сөнгенімен әңгімесі ел аузында ұзаққа дейін жүретіні сөзсіз. Сенің де жарғақ құлағың жастыққа тимей, тағатсыздана жаңа­лық пен кесімді ойды тосып отырғаның белгілі, Ришаджан! Білемін, Жетісу жұрты үкілеген үміттерінің тек біреуі ғана жүлдеге ілікті. Көңілі күпті болар. Сенім артқан мықтыларының ішінде сер­кесі де жүлдеден тыс қалды. Әрине, шамасының жетпегені емес, төрешінің қиянаты десек артық болмас. Ал тау тұлғалы азаматтан сүйінші хабар келмеді. Оның кім екенін өздеріңіз де сезіп отырған боларсыздар. Осы жайында алда көптеген мәселе күтіп тұр. Оны кезең-кезеңімен баяндайын. Алдымен осы он алты күн бойы тамашалаған Олимпиаданың жабылуына тоқталайын. Содан кейін өзіңді мазалап, жалпы жұрттың көкейінде жүрген сауалға жауап іздеп көрейік. Сондықтан бүгінгі мақаланы ұстаз бен шәкірт ара­сындағы екеуара әңгіме етіп оқырманға жеткізгенді жөн санап отыр­мын. Мен қазір Рионың төрінде отырсам, менен жауап тосып, жер жаннаты Жетісуда сен тұрсың. Сондықтан әңгімемнің желісін дүбірлі додаға қарай бұрайын. Ал шәкіртім Ришад, басайық. Алла сәтін салсын!

Әрине, Несіп аға! «Жеті­су­дың» қалың оқырманы сіз­ге құлақ түруде. Сауалымды қоя жатармын. Сіз өз ойы­ңызды толық баяндап алы­ңыз. Содан кейін көкейдегі сұрақтың да кезегі келер.

– «Туған ай туралған етпен тең», – деп қазақ бекер айтпаған. Кеше ғана Рио Олимпиадасы бас­талып еді, бүгін, міне, сол дода соңғы нүктесін қойып үлгерді. Жексенбі күні Риода жауын жауып тұр. Таң ата бұлттанған Рио аспаны біресе бояуды қалың жаққандай немесе сол бұлттардың арасын спортшының найзасы тесіп өткендей болып жерге жауынын төгіп қояды. Кейде тым сылбыр, баяу ғана жылап аққан өзендей жұмсақ жауын себелейді аспаннан. Бұл жауын спорт­шы­лардың төгілген тері мен көз жасын қайталағандай болып көрінеді ма­ған. Бірі қуанып, екіншісі өкініп жылаған спортшылар көп болды. Риода тұңғыш рет өткен мыңдаған жылдық тарихы бар Олимпиада ойындарымен қош айтысып көзіне жас алып тұрғандай әсер қалдырды десем де болады. Спортшылардың көз жасын бекер айтқан жоқпын. Бұл Олимпиадада басқа Олим­пиа­дағыдай спортшылардың көз жасы көп төгілді. Спортшылардың көз жасы Олимпиада басталмай-ақ тө­гіл­генін білесіздер. Халықаралық Олимпиадалық комитет пен допинг­ке қарсы күрес комитеті кенет ұйқы­сынан оянғандай бұрын ішкен дәрісі спортшылардың бойында әлі тұр деген желеумен бірнеше спортшыны Рио Олимпиадасына жібермей жа­рыс­тан сүйреп тастады. Бір ғана Ресейдің өзінде қырықтан аса спорт­шыны шеттетсе, біздің де төрт-бес саңлағымызды осы қара тізімге іліктірді. Ресей жерінен екі бірдей команданы ауыр атлетика мен жеңіл атлетиканы жарыстан шет қалдыр­ды. Әрине, оның ақ-қарасын тиісті орындар анықтайтын болар. Біздің оған құқығымыз жоқ екені сіздерге мәлім. Тек қазақ спортының жақсы мүмкіндіктерін, біраз медальдардың қолымыздан сусып кеткендігін ғана өкінішпен айтқымыз келеді. Жалпы қорытындыға келер болсақ, Амери­ка Құрама Штаттары Ресейді әлсі­рет­кеннен кейін басқа команда­лардан оқ бойы озық кетті. Олар жалпы командалық есепте бірінші орын жеңіп алды. Жүз жиырманың үстін­де жүлде қоры бар. Оның елуге таяуы алтын, қалғаны күміс пен қола. Екінші орынды Ұлыбритания елі еншіледі. Бұл ел жайлы әңгіме бөлек. Неге десеңіздер, кешегі өзде­рінде өткен Лондон Олимпиадасы, тіпті Пекин Олимпиадасында да азуларын батырып, Қытай секілді алып державаны артқа тастағаны спортының жыл санап алға қадам басып келе жатқанын байқатады. Қансырап жатса да алып Ресей мем­ле­кеті төртінші орынды алды. Бұл жерде біздің айтпағымыз, Ресей секіл­ді экономикасы тұрақты, күші мығым елді жазалау қандай халықаралық ұйымға жараспайтын іс екенін айт­қымыз келеді. Бұл спорттық бәсеке. Ежелден белгілі бейбітшілік пен татулықтың символына айналған Олимпиада осындай шешімдерімен өз құндылығын түсіріп алғандай. Бұл дегеніміз не? Батыс Ресей секілді мемлекетті экономикалық жағынан қыспаққа алып, ақыры тізесі бүгіл­меген соң осындай спорт арқылы жер бауырлатқысы келді. Бірақ, алып держава екі бірдей командасы қатыс­паса да екі жүзден аса мемлекеттің ішінен төртінші орынды иеленді, бәрібір берілмеді. «ВАДА» мен «ХОК» шешімінен талай кінәсіз спорт­­шылар зардап шекті. Соның бірі екі бірдей Олимпиада чемпионы, жеті дүркін әлем чемпионы, отызға тарта әлемдік рекорд жасаған сырықпен секіруші Елена Исенбаева тұр. Одан басқа да спортшының күйіп кеткенін білеміз. Осындай шала шешімнің құрбанына біздің де Олимпиада чем­пиондарының іліккені жүрекке ауыр тиетіні анық. Енді ел спортына ора­лайық. Қазақстан спортшылары 22- орынға тұрақтады. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Біз сонау Сидней Олим­пиадасында дәл осындай орын алып, үлкен нәтиже көрсеткен болатынбыз. Одан кейін Лондонда айды аспанға шығарып, 12-орыннан көрінгені та­рих бетінде сайрап тұр. Бүгін 3 ал­тын, 5 күміс, 9 қоламен жиырма екінші орынға табан тіредік. Атап айтқанда, Қазақстан мемлекеті тұң­ғыш рет олимпиаданың 17 медалін жеңіп алды. Бұған дейін мұндай көрсет­кішке қол жеткізгенбіз. Мұны да астын сызып айтуға болатын нәти­же. Жалпы Олимпиада ойындарында 78 мемлекет медальдарға ие болды. Олардың ішінде жалғыз медаль ал­ған­дар да бар. Тағы бір таңғаларлығы, бұған дейін Олимпиада жүлдесіне қол жеткізбеген мемлекеттердің тұ­ғыр­ға көтерілгендігі. Оның қатарына Тунис, Филиппин, Гренада, Бурунди, Сингапур, Индияны қоюымызға бола­ды. Ал кеше ғана Олимпиадаға жеке мемлекет болып келіп отырған Косо­вада жүлдеге қол жеткізді. Неге бұған тоқталды десеңіз, әлемде олимпиа­далық ойындарға қызығушылықтың артып келе жатқандығын білдіреді. Олимпиадаға тұңғыш рет 206 елдің спортшылары қатысты. Сол екі жүз алты мемлекеттің ішінен алтын ме-да­ль бойынша 22-орынды алып отыр­ғанымыз, жалпы медальдар са­ны­мен 15-орынға табан тірегеніміз Қазақ­станның әлемдік деңгейде үлкен спортшы мемлекет екендігінің айқын дәлелі. Мұны қуанышпен айтуға болады. Үш алтынға кім-кімнің қолы жеткенін білесіздер. Мұндағы менің айтпағым қай спорттан бағы­мыз жанды деген сұрақ. Ең әуелі бокс өнері бір алтын, екі күміс, екі қолаға ілінді. Ауыр атлетикада екі қыз, үш жігітіміз жүлдегер атанды. Қыздар­дың күресінен үш қызымыз топ жарды. Дзюдодан екі жүлде алды. Жеңіл атлетика мен жүзу спор­тын қоса айта кеткен жөн. Осы жерде жекелей тоқтала кетсек, қазақ спор­тының жаңа парағы осы Риода ашыл­ды деуге болады. Ол қазақ қызда­рының Олимпиада жүлдесіне қол жеткізуі. Ең бірінші сеңді ауыр атлетикадағы қызымыз Жазира Жап­парқұл бұзды. Екінші қыздар күре­сінен Эльмира Сыздықова мен бокс­шы Дариға Шәкімова жалғастырды. Бұл да біз асыға күткен нәтиже.

– Расында да қуанатын жағ­дай көп. Десе де Алматы облысының спортшыларына тоқтай кетсеңіз?

– Жетісу жері тоғыз бірдей спорт­шысын үкілеп қосқан болатын. Оның бірі қола жүлдемен оралды. Ал тұғырдан қол бұлғайды деген Жәні­бектің аяғын төрешілер тұсады де­генді мамандар айтып жатыр. Күрес­тегі Нұрмахан Тыналиевке көңіліміз күпті. Осымен екі бірдей Олимпиада ойынында бірінші белдесуінде ома­қаса құлағаны жігітке жараспайды. Бірнеше әлем чемпионаттарының жүлдесін алған Нұрмаханның осы додадағы өнері мені қатты ойлан­дырды. Сондай жігерсіз, жеңіске деген талпынысы болмады. Бір ұпай­мен алға шыққан қарсыласының қолында өлуге болар еді. Жеңіске жетуін былай қойғанда айтарлықтай қарсылық көрсете алмағаны барлы­ғымызды жерге қаратты. Олимпиада ойындары жай жарыс емес. Мұнда үздіктің үздігі жиналады. Нұрмахан да мықтының бірі болып топқа түсіп отыр. Ол қауқарсыз балуанның кебін кигені арқамызға аяздай батты. Осы жерде менің айтпағым, 17 жүлдені мақтан тұтамыз. Ол дұрыс, елге оралған чемпиондарымызды қоше­метке бөлейміз. Оған да келісемін. Ел ішінде жоғары насихаттағанымыз жөн. Тек сол ұзаққа созылып кетпесе екен деп тілеймін. Той жасаған дұ­рыс-ақ. Оны бір күннің аясына сый­ғызып, ертесіне Токиоға дайындықты бастап кетсе деген тілегім бар. Сонда ғана қырық күндік жарауы кем тұл­пардай емес, нағыз мықты спортшы топқа түседі.

– Ришаджан, сенің қызығы мен шыжығы мол әңгімені ай­та түссе екен деген ойыңды біліп отырмын. Ендігі жерде сауалды мен қояйын. Сен елде жүрсің, жалпы халықтың Олим­­пиадаға деген ойы қа­лай?

– Аға, расында да толғандыратын сауал. Жалпы халық спорт­шы­лар­дың жеңісіне қуанышты. Десе де көлең­келі тұстары жабырқатып бітірді. Біз түсінбейтін сауалдар, төреші­лердің іс-қимылы жандарын жегі­дей жеуде. Балуандарымызға өкпелі. Лон­дон­дағы секілді емес, Рио Олим­пиа­дасы қарапайым жа­рыс­тан аса ал­мады деген пікрлерді де естіп қа­ламын.

– Әрине, адам болған соң топқа қосқан ұлдарының соңынан үмітпен қарайтыны белгілі. Жарыстың құны түсіп бара жатқандығы да алаң­датады. Ұйымдастырушылар мен төрешілердің ісіне біз де бас шайқап отырмыз. Түбіне жете алмаймыз. Анығын білуге тырыссақ та, еш­нәрсеге дәлелді жауап таба алмай­мыз. Жә, ол арнайы орындардың анықтауымен шешілетін дүние. Біздің шамамыз жетпейді.

– Аға, осы жерден әңгі­меңізді бұзайын. Өткенде бір спорт жанкүйері келіп, спорт­шыларымыздың жеңілісіне күйініп кетті. Әбден ішіне толып қалған ба, шерін тар­қатып, біраз әңгіменің басын қайырдық. Ондай өкініш жал­­­ғыз жанкүйердің емес, қырық мыңға жуық оқыр­манның да тамағына тығы­лып тұрғаны белгілі. Ал сізде қалай? Спорт­шылардың же­ңі­сін тіз­бектеп алдық. Жеңі­лісі өкін­дірмей ме?

– Ой, Ришаджан, өкінгенде қа­лай. Жанымды жегідей жейді. Ішім­ді шоқтай қуырады. Ел азаматы ре­тінде ренішім бар. Мен негізгі өкінішімді ел арасында дау болып жатқан бокске байламай күрес жай­лы айтқым келіп тұр. Грек-рим және еркін күрес жайлы. Әсіресе жігіт­тердің арасындағы белдесуді ай­тайын. Қыздарымыз жарады. Үшеуі бірдей жүлдеге ілікті. Жігіт­тердің қыздарға қарайтын беті жоқ деп ойлаймын. Грек-рим күресінен үш жігітіміз де жеңіске жете алма­ды. Алмат Кебіспаев аздап жақындаған еді. Бірақ жүлдеге қолы жетпеді. Досжан таза ұтылды. Ал Нұр­ма­ханды алдында да айттым. Тағы да айта кетейін. Оның бойынан же­ңіске деген жігерді көре алма­дым. Осыған қатты өкінем. Сөздің қыс­қасы, 1980 жылдан бері Жақ­сылық Үшкемпіровтың жеңісінен кейін қазақ балаларына алтын жүлде бұйырмай келеді. Ең қиыны осы және бұған жаны ауыратын басшы-қосшы, бапкерлер жоқ де­мей­мін. Дегенмен, батыл шешім қабыл­данып жатқан жоқ. Басқа спорттың түрлері жүлде әкеліп жатқаннан кейін бе, күрестің нәти­жесіне атүсті қарайтындаймыз. Бұл дұрыс емес. Қазақ елі күреспен де аты шыққан мемлекет. Сонау Қажы­мұқаннан бастап тізбектей берсек, бүгінгі күнге дейін атағымен жер жаратын балуандарымыз бар. Бірақ Жақсы­лықтан басқаға Олимпиада чем­пионы болмағаны арқаға аяздай батады. Енді еркін күреске келетін болсақ, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Сергей Белоглазовқа сеніп тапсырғанбыз. Өкінішке қа­рай, Сергей мықты спортшы бол­ғаны­мен бапкерліктен айтарлықтай нәтижеге қол жеткізбеді. Сергейдің Олимпиада чемпионы болған кезін көзіммен көргем. Талай рет жаз­ғанмын да. Ал бапкерлікте жеңіске жетті дегенін көрген де, естіген де жоқ. Сергейдің елімізге бас бапкер болғалы түрлі әңгімелер айтылып жүр. Соның бірі мынау. Риоға атта­нар алдында Сидней Олимпиа­дасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков хабарласқан еді. Аға, сіз қашанда әділеттің жағында еке­ніңізді білеміз. Еркін күрес құра­масының басшылары әділетсіздік жасап, көрсеткіші төмен балуанды алып бара жатыр деген еді. 86 келі салмақта өнер көрсеткен Аслан Хакидзе айтарлықтай мықты емес. Оның орнына Әділет Даулынбаев бару керек еді. Асланды менің шәкіртім Әділет бірнеше рет ресми турнирде жеңген болатын. Соны­сына қарамай басшылық Асланды әкетті деген. Расында да Аслан Рионың бозкілемінде бірінші бел­де­суінде ақ атынан ауып түсті. Әді­лет­ті әкелгенде жеңіске жетер ме еді? Жеңілсе де өз бауырым емес пе? Осы жайы мені қатты тол­ған­дырды. Баспасөзге жазармын, бірақ құлақ асып жатқан басшылар ша­малы. Бүгінде сырттан маман ша­қыр­тып, қыруар ақша шашқанша Исламдай нар жігітті неге қоймасқа. Ел деп еңірегенде етегі толатын жігіт­теріміз сыртта қалып, өзгенің мама­нын төрге шығарғанды қашан қоямыз?! Өкінішім осы күреске байланысты, Ришаджан!

Рио мен Талдықорғанның арасын байланысқа бөлеген уақыт та өз мәресіне жетті. Жеңіс пен жеңіліс, қуаныш пен реніш қатар жүретіні белгілі. Риода жүріп ел спортына алаңдаған белгілі спорт журналисі, Алматы облысының Құрметті азаматы Несіп Жүнісбайұлымен арадағы әңгіме ұзаққа созылды. Десе де қаймағын қалқып, оқырманның талабын ескеріп, керектісін газет бетіне жариялауды жөн санадық. Ал атын ерттеп, қоржынын түйіп, үзеңгіге аяғын салып тұрған Несіп ағамызға аман-есен елге оралуына тілектестік білдірдік. Елге келген соң да айтар әңгіме табылар...

Сұхбатты жүргізген

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ.