ЖАСЫ 65-ТЕ: ӘЛІ ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ ШЫҒАДЫ

Уақыты: 12.04.2019
Оқылды: 1164

Ұзынағаш ауылындағы денешынықтыру және сауықтыру спорт кешенінде бокстан 2005–2008 жылғы жасөспірімдер арасында облыстық жарыс өтті. Оған Талдықорған, Алматы, Қапшағай қалалары мен Жамбыл, Кербұлақ, Қарасай, Балқаш, Іле аудандарынан 180 былғары қолғап шебері қатысты.

Шара «Алтын Қыран» төсбелгісінің иегері, спорт ардагері, Қарғалы ауылындағы «Сәт» мешітінің бас имамы Сейітқали-Серікқажы Ібітаевтің 65 жасқа толуына орайластырылды. Аудан әкімі Бағдат Әлиев жарыстың салтанатты ашылуында Сейітқали-Серікқажы Есімбекұлының өмірі мен қызметінен өнеге аларлық сыр шертіп, спортшыларға сәттілік тіледі. Үш күнге созылған бәсеке өте тартысты өтті. Шаршы алаңда бағы жанған жүлдегерлер жеңіс тұғырында салтанатты жағдайда марапатталып, аудан әкімдігі тарапынан арнайы сыйлықтар мен медальдарға ие болды. 28-ден 70 келіге дейінгі түрлі салмақ дәрежесі бойынша топ жарған он бес жас қыран алда  өтетін іріктеу сайыстарына жолдама алды.

Жиын соңында ардагер спортшы Серікқажы Ібітаев:

– Мен спортты әлі тастаған жоқпын. Қашықтыққа жүгіремін, секіремін. Әлі күнге дейін кейде ережесіз жекпе-жекке шығып қалатын күндерім де болады. Оны мақтанғанымнан емес, өсіп келе жатқан балаларға үлгі болсын деп айтып отырмын», – дей келе, жастарға аталық сөзін арнап, ақ батасын берді.

Шынында да ауыл жастары имандылық пен салауатты өмір салтын қатар ұстанған осындай ағаларға қарап бой түзегені құба-құп. Бүгінде ауданда 300-ден аса жеткіншек осы спорт түрімен айналысады. Олар бұл жолы да жақсы нәтиже көрсетіп, бәйгенің басым бөлігіне қол жеткізді.

Серік САТЫПАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы