АУЫЛ ТАРИХЫ - ЕЛ ТАРИХЫ

Уақыты: 06.11.2017
Оқылды: 1717

     Ертеректе ұстаздарым осы азаматтың аты-жөнін ауыздарынан тастамайтын-ды. Бізге үлгі етуден жалықпаушы еді. Ауданға іссапармен келе қалса алдынан шығып, тілдесіп, ілтипаттарын білдіріп қалуға асығатын. Ауданнан түлеп ұшқан азаматтың осындай дәрежеге жеткені әлі де ел аузында. Себебі, ауыл баласы атқа мінсе де асық ойнаған төбесінен алыстай қойған жоқ. Басына қонған бақты да сол топырақпен байланыстырады. Үлкен қызметте жүрген кезінде де туған жерінің тыныс-тіршілігін, тауанды тарихын ұмытқан емес. Оған жақында ғана жарық көрген «Қара шаңырақ немесе ұрпақтар үндестігі» атты кітабын оқып шыққанда тағы бір мәрте көзім жетті.


     Алматы облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, ауылшаруашылығы саласының үздігі, кезінде облыс әкімінің орынбасары лауазымында қызмет атқарған Тынышбай Досымбеков бақ дарыған Балқаш ауданына қарасты мәуелі Миялы ауылының тумасы. Әрине көкірегі ояу, көзі ашық адамға кіндік қаны тамған жердің бір уыс топырағы бір дорба алтыннан да артық. «Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді» деген өлең жолдары да содан шыққан болар. 
Маңайына үнемі шуақ шашып жүретін іскер жанның осы бір еңбегі сартап сағыныштың саумалындай. Содан кейін де кітапты оқыған сайын оқи бергің келеді. Себебі, ат төбеліндей ауыл жұртының түп-тұқияннан бүгінге дейін жүрген жолы өте жақсы жеткізілген. 
     Бұл туындыда берілген мысалдар мен шағын әңгімелер толықтай өмірдің өзінен алынған. Өзі туып-өскен алақандай ауылдан ат жалын тартып мінген азаматтар жүздеп емес, мыңдап саналады. Өткен дәуірде өмір сүрген жақсылардың халыққа деген жанашырлығы, туған елге, жерге деген сүйіспеншілігі тартымды баяндалады. Сырдаң көңілге сыр ұялатып, сыр сандығында жатқан маңызды мәліметтерден де хабар береді.  
     Кітаптан кеңес өкіметі орнаған 1917 жыл мен бүгінгі 2017 жыл аралығында Миялы ауыл советі аумағында ғұмыр кешкен халықтың қалай күнелткенін көресіз. Сондай-ақ 1931-1933 жылдарғы ашаршылықтан аман шығып, 1937 жылғы репрессияға ұшыраған жазықсыз жандардың өмір тарихымен танысасыз. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, әлі күнге дейін аты аталмай жүрген батырлармен қауышасыз. Әр жүз саулықтан 100-ден қозы өргізіп, 5 ешкіден 15 лақ алған озат шопандарды жолықтырасыз. Жұт кезінде жүзге бөлінбей, аудан аумағына қоныс аударған орыс, армян, неміс ұлтының өкілдеріне қамқор құшақтарын жайған бұқараның бауырмалдығына бас иесіз. Егіс көлемін арттыру мақсатында Тасмұрын каналының қалай қазылғанын, оған аудан азаматтарының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып барынша атсалысқанын білесіз. Ауыл ардагерлерінің ақылына қанығып, колхоздардың құрылымымен құлақтанасыз. Қайта құру кезеңіндегі елдің қажырлы еңбегі мен аудан тарихына қатысты құнды мәліметтерді де осыдан табасыз. Кешегі Дінмұхамед Қонаевтың ата-бабаларын дүниеге әкелген топырақтың қасиеті мен бабалар өсиеті де осы кітапта өрнектелген. Бір оқып шыққаннан кейін бастан-аяқ қайта қарап шығуға тырысатындығыңызға бәс тігемін.
     Тынышбай Досымбекұлы елі үшін тер төккен талай қайраткер азаматтардың қанатын қатайтып, қияға самғатқан өзі туып-өскен шағын шаһар Миялы ауылын қара шаңыраққа телиді. Сол қара шаңырақтан қазанында қайнап-піскен алыптардың желісі әлі күнге дейін үзілген емес. Бүгінге дейін үш ұрпақ ауысты. Ұлы көштің қатарына қосылып, зеңгір көкті бетке алып самғаған қырандардың саны қаншама. Олардың барлығы атадан қалған мирасты азық етпей, өрісін кеңейтіп, мал басын көбейтіп отырған. Әдет-ғұрпын жаңғыртып, ел экономикасын өркендетуге де барынша атса-       лысқан. Ұрпақ үндестігі дегеніміз де осы болар.
Тың туындыны өмірге әкелу таным көкжиегін кеңейтетін ізденіссіз, елеулі еңбексіз жүзеге аспайды. Бұл орайда автор талап биігінен табылу үшін архив жазбаларын түгесе оқып, зерделеген. Кейіпкерінің ішкі әлеміне енуге жол ашып, замананың шырмауына байланған азаматтардың жанайқайын жеткізген. Оқысаңыз, өзіңіз де байыптайсыз, содан соң дүрбелең дәуірдің құпия қақпасының кілті қайда жатқанын аңдайсыз. 
     Ұлттың ұлылығын сезіну үшін әуелі оның тарихына, содан барып тарихты құрастырған тұлғаларының жан дүниесіне үңілуің қажет. Ал, бұл кітапта соның бәрі нақты таңбаланған. Олардың әрқайсысына жеке тоқталып, жеткен жетістіктерін жіпке тізіп көрсеткен. Дерегі тіпті мол, айрықша бедерлі. Ол осы тұста озық мәдениет жасаған халықтың өзіндей қарапайым, парасатты перзенті екенін айғақтайды. 
     «Қара шаңырақ немесе ұрпақтар үндестігін» қызыға оқып шығып, бірнеше рет аударып-төңкердім. Туған жерінің тарихы кімге де болса қызықты. Сол дәуірдің бет-бейнесіне айналған атпал азаматтардың қарекеті көңілге қуаныш әкелді. Бұл үлкен ізденістің жемісі және ешқандай боямасыз бейнеленген замананың көрінісі.  Кітап авторы оны мұқият құрастырып, жарыққа шығаруға бар күш-жігерін салған. Оқу барысында бұла бабаларымыздың Кеңес өкіметі теріске шығарған шежіресінің бір кезеңін көзбен көргендей күй кештік. Мемлекетіміздің дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалар турасында жүйелі мағлұмат берілгеніне қуандық.
Бүгінде зейнет демалысына шыққан ел азаматының айтары мұнымен таусылмаса екен дейміз. Қамшының сабындай қысқа ғұмырды халқының игілігіне жұмсап жүрген жан қазір де алтын бесігін ардақтап, сонда ержеткен жастардың жолнұсқаушысы болып келеді. 
     Мен де сол ауылдың түлегі болғандықтан осындай ел тұтқасын ұстаған ағаларымның барына мақтандым. Туған жердің түтіні де тәтті деген осы екен ғой...


Қабыл ИСА.