Талдықорған ластанған 8 қаланың тізіміне кірген жоқ

Уақыты: 13.04.2023
Оқылды: 1137

Еліміздің 8 қаласында ауа қатты ластанған. Оған себеп, түрлі өндірістік және жеке секторлы құбылыстар.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Абдуалиев айтты деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

"Экологиялық мониторинг қорытындысы бойынша 8 қалада ауаның ластануы жоғары деңгейге жатқызылды. Олар – Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш және Өскемен", - деді Айдар Абдуалиев. 

Абдуалиевтың айтуынша, ауаның ластану себептерін үш санатқа бөлуге болады. Мысалы Алматы және Астана қалаларында ластанудың негізгі көзі – жылу көздері мен автокөліктер, жеке сектор болса, Өскемен және Теміртау қалаларында эмиссиялардың ең көп көлемі өнеркәсіпке байланысты болып отыр. 

Ал Ақтөбе және Атырау қалаларында ескірген кәріз-тазарту құрылыстары жоғары ластануға себеп болып отыр.

Осы орайда министр аймақтардың экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған жол картасы аясында 2025 жылға бірқатар көрсеткішке қол жеткізу жоспарланғанын мәлім етті.

"8 қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендету, 7 жаңа кәріз-тазарту құрылғысын салып, 12 ескі кәріз-тазарту құрылғысын жаңарту, 24 жаңа полигон салып, толып жатқан 5 полигонды қалпына келтіру және жою көзделген", - деді Айдар Абдуалиев.

Фото: ғаламтордан

"ЖЕТІСУ" АҚПАРАТ