Кәсіпті үйірген келіншек

Уақыты: 09.12.2017
Оқылды: 1218

Өз заманында Мұхтар Әуезов әйел затының бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербететінін тәпсірлеген. Осы сөздің түп төркінін індетіп көрсеңіз, әлем дегеніңіз – қоршаған орта. Сол ортаның отымен кіріп, күлінен шығатын, тарау тірліктің шырағданын жаққан жалғыз адам болғандығы. Ал бесік ұғымы ұрпақ тақырыбына тікелей байланысты. Адам баласы қоғам мүддесі үшін қызмет атқару керектігін ескеретін болсақ, дүние қайығының екі ескегін қатар ескен, қоғамның бел ортасында жүрген жандар некен-саяқ. Бүгінгі біз мысалға алып отырған кейіпкеріміз ұлы жазушының сол сөзінің шынайы көрінісі іспетті. 

Әлемнің алпауыт елдері күннен-күнге қарыштап дамып келеді. Алдынан шыққан кедергілерді жапырып, тіптен технологияның күшімен таптап өтуде. Бәсекеде алдынан жан салмауға бар. Қарап отырсаңыз біздің мемлекетімізден асып бара жатқан түгі жоқ сияқты. Жері де, халқы да, ол аз десеңіз  қазба-байлағы да айтарлықтай көп емес. Алайда тұрмыс-тіршілігі едәуір жақсы. Олардың өміріне қызыға да қызғана қарайсың. 
Енді осы мәселенің мәнісіне үңілсек. Әлем халықтары кәсіпке өте бейім келеді. Соның ішінде еркек қауымымен қатар әйел затының іске шеберлігі. Десе де бұл құбылыс қазақ халқының ұлттық болмысына жат көрінеді. Бағзыдан белгілі аналарымыз қазан-аспайдың маңынан алысқа ұзамаған. Күйеуінің ас-суын әзірлеп, бала күтімімен айналысудан арыға бармаған-ды. Отбасын асырау тек әкелеріміздің мойнына артылған міндет болатын. Ол уақыттағы құрыштай әкелеріміз өз парызын абыроймен атқарған-ды. Ал қазір заман басқа, тапқан табысың өзіңнің ішіп-жеуіңнен артылмайды. Өсіп келе жатқан ұл-қызды оқыту, олардың киім-кешегін алып беру әжептәуір қаражатты қажет етеді. Бала болған соң, қатарынан қалуға намыстанып, қымбат бұйымдарды сатып алғызады. Оны қалтаң көтере ме, көтермей ме, бәрібір. Мұның бәріне отағасының мардымсыз жалақысы жетпей жататыны көпшілігімізге мәлім. Кейде осы мәселе төңірегінде дау-дамай туып, ұйыған әулеттің берекесі қашады. Сондықтан әйел қауымы үйде босқа жатпай, тұрмысын жақсарту үшін отбасын асырауда қолғабыс болғаны абзал. Қай уақытта да екі адам көтерген жүк жеңіл келетіні белгілі.
Осы орайда «Алтынқайшы» сұлулық салонының иесі Әлидаш Әсеттің еңбегін бағалағанды жөн көрдік. Әрі одан көптеген қыз-келіншек үлгі алады деп ойлаймыз. Ол атажұртына қайтып оралған соң көптеген қиыншылық көреді. Орыс тілін білмегендіктен қоғамға тез сіңісіп кету де күрделі. Жұмыс іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Соның бәрі екі баланың қамы үшін. Әйтеуір бір күні шаштаразға жұмысқа орналасады. Онда екі-үш жыл қызмет атқарып, шаш алудың үлгілерін жетік меңгереді. Содан соң, сән орталығын ашуға бел буады. Бүгінде ісі алға басып, шәкірт тәрбиелеуде. Өзінің күнделікті тұтынушылары да бар. Олардың  Әлидаштың шаш алу шеберлігіне риза болғандығы сондай, одан басқа шаштаразға бармайтын көрінеді. 
– Меніңше, әйел адам қанша нәзік болса да, ерлерге қарағанда едәуір еңбекқор келеді. Тек кәсіптің көзін таба білу керек. Басында біраз ауыртпашылық көргенім рас. Кейін бәрі артта қалды. Балаларымның ризық-несібесі шығар, кәсібім өрге домалап келеді. Бізге шаш қысқартуға келген  қыз-келіншектер мен ер балалар алғыстарын білдіріп кетіп жатады, – дейді Әлидаш Әсетқызы.
Өзі басқарып отырған сән салонының арқасында жеті қызметкерді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Дені тұрмыстағы қыздар. Балалары бар болса да жұмыстан бас тартпаған. Үйдегі шаруаларына да тиянақты. Олар ерінбесе күніне қомақты ақша табатынын да жасырмады. Алдағы уақытта өздері де жеке кәсіппен айналысуды жөн көретіндіктерін жеткізді. Бұл дегеніңіз, әйел затының бәріне бірдей үлгеретіндігінің дәлелі. Негізінде жер шарындағы іскер әйелдердің ерлерге қарағанда ел экономикасына қосқан үлесі қомақты екен.
Жаугершілік заманында қазақ қыздары соғысқа аттанып ерлік көрсеткендігі ел аузында. Кешегі батыр аналарымыз ері майданға аттанғанда ауылдағы ауыр жұмыстардың барлығын өздері атқарған. Олар ұлттың ұятына ғана емес, ұйытқысына айнала білген. Әулетінің әлеуметтік жағдайы жоғары болу үшін әйел қауымы шама-шарқынша қызмет қылудан қашпауы керек. Бір жағынан елдің еңбекке деген белсенділігін арттырар еді. Шаңырағын шаттыққа бөлей отырып, кәсіппен нәсіпке жол ашатын ақжаулықтылардың саны көбейе бергей.

Қабыл ИСА.