«Парасат» бөбекжайындағы қуаныш

Уақыты: 09.12.2017
Оқылды: 980

Жуырда Үшарал қаласында «Парасат» бөбекжайының ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Алмас Абдинов Елбасының кемел саясатының арқасында жүзеге асқан баянды бастамалардың облыс, аудан басшылары тарапынан жүйелі атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Артынша дуалы ауыз қариялар бата беріп, әжелеріміз шашу шашып, елге сыйлы ақсақалдар нысанның лентасын қиды.

«Балапан» бағдарламасының аясында ашылған бөбекжайдың мектепке дейінгі мекемелермен қоса есептегенде аудан балаларын қамтамасыз ету салыстырмасы  97 пайызды құрады. Келесі жылдың аяғында бұл көрсеткіш жүздік межені бағындырады деп күтілуде. Санақ бойынша аудандағы он сегізінші балабақша 125 бүлдіршінге арналған.  Бір қуантарлығы жоба мемлекет-жекеменшік секторына тиесілі болғандықтан 100 орын 10-12 мың, 25 орын 15-18 мың теңге аралығында өзгермек. Жасампаз жобаның арқасында желтоқсанның бірінші жұлдызынан бастап  40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды

«Ұлы жол үйдің табалдырығынан басталады» демекші, өнегелі ата-әженің ықыласына бөленген, аға-әпкелерінің ыждағатты тәрбиесінің арқасында ержететін балғындардың болашағының да баянды болары анық. «Жастай берген тәрбие, жас қайыңды игендей» дегенге сенсек, жаңа балабақша болашақ өскіндердің буынын бекітіп, бұғанасын қатайтатын қастерлі орталық боларына сенімдіміз. 

Қ. ОМАРАҚЫН.
Алакөл ауданы.