Ізденіс түбі - інжу

Уақыты: 15.01.2018
Оқылды: 1544

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева жұмыс сапарымен Еңбекшіқазақ ауданында болып, бірқатар нысанды аралады. Таныстыру жұмыстарына облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов пен аудан әкімі Бинәлі Ысқақ та қатысты.

Халық қалаулысы Есіктегі гуманитарлық-экономикалық колледжіне ат басын бұрды. 50 жылдық тарихы бар білім беру мекемесінің бүгінгі келбеті көз тартады. Материалдық-техникалық базасы заманауи үлгіде жабдықталған. 30 интерактивті тақта мен мультимедиялық проекторлар орнатылған. 
Колледждің мәжіліс залында өткен келелі кездесуде Зағипа Балиева Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мәні мен мазмұнына тоқталып, кемел келешекке жетудің жолы сапалы білім мен ұлттық тәрбиенің нәтижесінде екенін айтты.
– Жарқын болашақтың кілті сіздердің қолдарыңызда, жастар. Сондықтан оқудан, үйренуден еш жалықпаңыздар. «Ізденіс түбі – інжу», – дейді дана халқымыз. Ізденген адам көздеген мақсатына жетпей қоймайды. Әлем елдерімен тереземіз тең болу үшін терең білімнің қажет екені белгілі. Сондықтан да мемлекет жастардың білікті кадр болып қалыптасуына жіті назар аударып, барынша жағдай жасауда. Екіншіден, ұлттық тәрбиемен сусындаған адамның еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімі артады. Жастардың бойына білім нәрін сеуіп,  ұлтымыздың асыл қасиеттерін сіңіруде ерен еңбек етіп жүрген ұстаздардың мәртебесі қашанда биік. Елбасымыздың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауын барша жұрт ыстық ықыласпен қабылдады. Өздеріңіз білесіздер, күллі әлем көз алдымызда өзгеру үстінде. Технологиялар күн санап жаңаруда. Осынау өркениет көшіне ілесу үшін Президент бізге тағы да маңызды 10 міндетті жүзеге асыру керектігін атап көрсетті. Біз жаҺандық кедергілер мен сын-қатерлерге төтеп беруге әрқашан дайын тұруымыз керек. Оның ең басты қаруы – білім, – деді Зағипа Яхияқызы. Сонымен қатар, ұстаздар қауымы өздерін толғандырып жүрген ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Оған тұшымды жауап алды. 
Халық қалаулысы ауданда мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Алға ауылындағы 320 орынды орта мектеп құрылысының ойдағыдай жүріп жатқанына куә болды. Бұдан кейін Қазақстан ауылындағы жаңадан бой көтерген әкімшілік ғимаратына аялдап, халықпен кездесті. 
Депутат сапары ары қарай Жаңашаруа ауылында жалғасты. 120 орынды жаңа мектеп пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Зағипа Яхияқызы заман талабына сай жасалған мектеп оқушылардың білімге деген құштарлығын одан әрі арттыра түсетініне сенім білдірді. Ауыл тұрғындарына құтты болсын айтып, мектепке өз атынан теледидар сыйға тартты. Жергілікті тұрғындар атынан сөз алған қоғам қайраткері Өмірғали Кенжебек жаңа мектептің ашылуына арнап жүрекжарды лебізін білдірді.
«Жібек Жолы құрылыс сервис» мекемесі қолға алған мектеп құрылысы жоспарланған уақытта ойдағыдай аяқталды. Кең де жарық кабинеттер, ауқымды спортзалы, асхана, кітапхана баршаның көңілінен шықты.
Жаңашаруа ауылынан есімдері елге танымал өнер қайраткерлері түлеп ұшты. Белгілі композитор Кеңес Алпысбаевты және Қазақстанның Халық әртісі Мәкен Рақымжанованы, эстрада әншісі Мұрат Тоқашбаевтарды ауылдастары мақтанышпен айтады. Жаңадан ашылып отырған мектеп жас таланттарды одан әрі қанаттандырады. Бұл жайлы белгілі театр және кино актеры, «Серпер» сыйлығының лауреаты Бақыт Тушаев айтты. Депутат аудан өңіріндегі істердің қарқынына қанығып, халықтың талап-тілегі мен ұсынысын, батасы мен алғысын арқалап қайтты.

Болат МӘЖІТ,

Еңбекшіқазақ ауданы