Еңбектен тапқан нәсібін

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 1171

Қиянда өскен қарағайдың қара қою көлеңкесі қашанда жанға сая. Аптап ыстықта шуағын сағалаған жанға мейлінше ықыласын төгіп тұрады. Күн шығыстан арқан бойы көтеріліп, батысқа қарай бет алғанда көлеңкенің көлемі ұлғаяды. Бұл кезде мәуелі ағаштың саясының ұзындығы екі есе ұзарып, маңайына мейірлене құшағын жаяды. Содан болар, қазақ халқының «өзі зордың көлеңкесі де зор» дейтіні. Мұны неге мысалдап отыр дерсіз. Бүгінгі біз айтқалы отырған кейіпкердің де болмысы нақ осындай.


* 1956 – 1958 ж.ж. – Ескелді ауданындағы партияның XXII съезі атындағы колхоз жұмысшысы;
* 1958 – 1963 ж.ж. – Қазақ Мемлекеттік ауылшаруашылық институтының студенті;
* 1963 – 1971 ж.ж. – Партияның  XXII съезі атындағы колхоздың бас инженері және бастауыш комсомол ұйымының хатшысы;
* 1971 – 1973 ж.ж. – Партияның XXII съезі атындағы колхоз партия комитетінің хатшысы және басқарма басшысының орынбасары;
* 1973 – 1983 ж.ж. – І. Жансүгіров атындағы колхоздың басқарма төрағасы;
* 1983 – 1997 ж.ж. – Көксу ауданындағы «Куйбышев» колхозының басқарма төрағасы;
* 1987 – 1994 ж.ж. – облыстық колхоздар кеңесінің бастығы және Қазақстан Республикасы колхоздар кеңесінің мүшесі.


Асылы, атақ-абыройың атан түйеге жүк болса да халықтан биік емессің. Кешегі заңғар тұлға Дінмұхамед Қонаевтың ұстанған қағидасы осы болатын. Сол алыптың көзін көрген, асылдың сынығындай арда азамат Жекен Жетпісбаевтің еңбек жолы елеулі. Бүгінде сексеннің сеңгіріне аяқ басқалы отырған ойлы қартты озғақ жылдар аласарта алмады. Қайта қырандай қанатын кеңге жайған миуалы бәйтеректің болмысы бөлекшеленіп, тамыры тереңдей түскендей. Соңына ерген зәузаты үмітіне үміт жалғап, келешегін кемел етуде. «Қуаныш қосарланып келді» дегендей, Құдай қосқан жары Қаншайым Сыдыққызымен отасқанына да жарты ғасырдан асты. Қатар келген қос мерейтойдың қызығы мен шыжығы хикаяға татырлық. Осы мақсатта ел мүддесі үшін тер төккен ақылман ардагерлердің өмірбаянынан сыр шертсек.
Жекен Тәтиұлы 1938 жылы 21 қаңтарда Кербұлақ ауданының Сарыөзек кентінде дүниеге келеді. Жасынан зерек болып өскен баланың өміріне өзгеріс алып келген тау тұлғалы Нұрмолда Алдабергенов болатын. Дарияға айналған өзеннің бұлақтан бастау алатынындай, мұратқа жетудің бірден-бір жолы жақсыға ілесу. Осындай бітімі ерек, ел аузындағы жанмен тағдыр жолы түйіскенінің өзі қызық әңгіме. 
Түрксіб теміржолының құрылысы аяқталған соң Нұрмолда Алдабергенов 1930 жылы  Шұбарға қоныс аударады. Жері құнарлы, суы мол мекенде артель құруға белсене кіріседі. Әрине, шағын шаруашылықты үлкен қожалыққа айналдыру үшін іске бейім, қызметіне адал жандар қажет. Мұны ойлаған ол әрі туысы, әрі жанашыры  Жетпісбаевтар әулетін шақырады. Осылайша Тәти мен Тәтібек колхозға көшіп келіп, жаңа өмірдің іргетасын қалайды. 
Екінші дүниежүзілік соғыс миллиондаған адамның тағдырын ойрандады. Ағайынды екі бауыр да Отан алдындағы парызын өтеу үшін соғысқа аттанады. Қиян-кескі шайқаста туған әкесі ерлікпен қаза тауып, ағасы аяғынан айырылып, ауылға оралады.
Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді?  Тірегінен жастай айырылған бала Жекен ағасының бауырында ержетеді. Оқуда алғырлығымен танылады. Шұбар орта мектебін үздік бітіргеннен кейін ойы ұшқыр жеткіншекті Нұрмолда ағасы қасына алады. Техникаға ептілігін ескеріп «Победа М-72» машинасының тізгінін ұстатады. 
Қазақта «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген тәмсіл тегіннен шықпаса керек. Ол ұлы адамның тыныс-тіршілігінің куәсі бола жүріп, үлгі-өнегесін бойына дарыта білді. Оны байқаған бастығы елгезектігі мен еңбексүйгіштігіне іштей қайран қалады. Әйтсе де боламын деп тұрған баланы алақандай ауылға байлап қою болашағына балта шапқанмен бірдей. Қалай болғанда да қанатын қатайтып, елге тұтқа болар азамат етіп қалыптастыру қажет. Жекен ақсақал сол ғажайып сәттерді:
– Қамқорлығы қандай! Ішіп-жемнен де тарықтырмайды. Тұрмыстық тірлігіне де қолғабыс тигізеді. Оған мен де ризамын, анам Сәттібала да мәз, – деп еске алады.
Иә, артта қалған күндердің бәрі сағынышқа толы. Жақсы келді дегенше жарық келді дей бер. Дәл осындай балауса шағында жақсы адамдардың жолыққаны жолының ашық болуына үлкен септігін тигізгендей. Екі мәрте Еңбек ері, халқының сүйікті перзенті Нұрмолда Алдабергенов ең алғашқы ұстазы саналғанынан-ақ Жекен ақсақалдың ғұмырдариясына сипаттама беруге болады. Ондайға қазақ «ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деп нақ бағасын берген. 
Желмен жарысып, құстай ұшып жүргенде Нұрмолда ағасы өзіне шақырып алып:
– Жекенжан, төрт дөңгелекті зыр қақтырып қашанғы шабарман болып жүре бересің? Ұқыптысың, талаптысың. Демек, жақсы маман болуға лайықтысың. Өз жолыңды байлама. Оқуға түс. Арманға қанат қақ, – деп ақыл-кеңес береді. Бұл сөзді естіп іштей қуанғанымен ол уақытта оқуға түсу оңай шаруа емес-тін. Сондықтан үмітінен күдігі басым болады. Алайда, рухани ағасы «қаймықпа, бәрін өзім реттеймін» деп келте қайырып, жетер жетістіктерінің сызбасын сызып береді.
Ағасының демеуінен кейін жатпай-тұрмай дайындалып, Алматыдағы Қазақ ауылшаруашылығы институтының механика факультетіне тапсырады. Үздіксіз ізденістің нәтижесінде оқуға бірден қабылданады. Студент бола жүріп, техниканың тілін жетік білетін дәрежеге жетеді. Содан болар, жоғары оқу орнын ойдағыдай бітірген бетте партияның XXII съезі атындағы колхозға инженер-механик болып тағайындалғаны. Әрине, бұл жас маман үшін үлкен мәртебе. Біраз уақыттан кейін жауапкершілігінің арқасында шаруашылық партия комитетінің хатшысы болып сайланады. Сол уақытта колхоз төрағасы Төлеген Ахшанов екеуі 1200 гектар жердің әр гектарынан 550 центнерден тәтті түбір жинайды. 100 саулық қойдан 120 қозы алып, республика көлемінде алдыңғы қатарға шығады. Осы көрсеткіштердің негізінде колхоздағы көптеген еңбеккерлер марапатқа бөленді. Өзінің еңбегі де бағаланып, Ақсу ауданындағы Жансүгіров атындағы колхоз басқармасының төрағасы болып қызметте жоғарылайды. Сол кезеңді:
– Мен жұмыс істегенде Нұрмолда ағаның халықпен әңгімелесуін, кіммен қалай сөйлесетіндігін өнеге ретінде еске сақтап, оны істе қолдануға бекіндім, – деп жиі еске алып отырады.
Өткен заманды келмеске кетті десек те енді бір сәт тарихи айғақтарға көз жүгіртейікші. Ақсу ауданындағы Жансүгіров атындағы колхозды Жекен Жетпісбаев басқарған жылдарда белсенді жұмыс нәтижесінде қант қызылшасынан, егіншіліктен мол өнім алынған. Мал санын шұғыл көбейткен шалғайдағы малшыларға мәдени-тұрмыстық жағдай жасалып, барлық қыстауларға электр жүйесі тартылды. Сағабүйенге су құбыры тартылып, халық ауыз-сумен қамтамасыз етіледі. Жаңадан мектеп-интернат, дүкен, клуб, аурухана салынды. Ауылға су құбыры тартылып, негізгі көшелерге асфальт төселді. Ол ол ма, Мәдениет үйі, екі қабатты балалар бақшасы, тұрмыстық комбинат бой көтеріп, ел игілігіне беріледі. Колхозшылар жаңа пәтерге қоныс аударады. Ақын Сара атындағы сауда орны ашылады. Бүйен өзенінің ернеуіне су реттегіш, тосқауыл бөгет тұрғызылады. Ауыз толтырып айтарлықтай дүние көп. Бұл соның бір парасы ғана. 
Шаруашылық басшысы ұйымдастыру қабілетімен көзге түсіп қана қоймай, қызметтес болған жастарды іскерлікке баули білді. Өзінің қоластында еңбек еткендердің тең жарымы биліктің биік сатыларына жол тартты. Мұның бәрі ауылдың экономикалық даму көрсеткішінің нәтижесі. Бүгінде ол Ақсу өңірінде еңбек еткен жылдарын әрқашан мақтанышпен еске алады. Мұндайда ақсақал «Өмір зая кеткен жоқ» деп алысқа көз тастап, іштей марқаяды. 
Одан кейін ұзақ жылдар бойы облыстық және аудандық партия комитеттерінің мүшесі болды, облыстық Советтің депутаты болып сайланды. Бұл міндетті де абыроймен атқарып, біраз уақыт өткен соң Көксу ауданы Куйбышев атындағы кеңшарға директор болып тағайындалады. 
Шаруашылық таулы жерде орналасқан. Негізінен мал шаруашылығымен шұғылданады. Онда да халықпен тіл табысып, мол табысқа жетеді. Аудан орталығына апаратын таулы жолға асфальт төселіп, 130-дан астам тұрғын үй салынады. Жемісті еңбектің арқасында колхоз малшылары әр жүз саулықтан 103-105 қозы алады. Тәлімі жердің әр гектарынан 25-30 центнер өнім алып, аудан көлемінде алдыңғы қатарға шығады. Ауыл жұртшылығының тұрмысы бірден ілгерілейді. Сауын фермасы механикаландырылып, жем-азық цехы жасалынады. Алыс мал қыстақтарындағы малшы үйлері мен қоралары толықтай жаңадан салынады. Көшелерге электр жарығы орнатылады. Үш қабатты орта мектеп, Мәдениет сарайы, кітапхана салынып, халықтың рухани өрісін кеңейтеді. Ет-сүт өнімдерін өндіру жоспары артығымен орындалып, шаруашылық алдыңғы қатарға қосылады. Аруақты бабалары Ескелді, Балпық билердің, Қабылиса жыраудың мерейтойларына атсалысып, ұйымшылдықпен өтуіне үлес қосады. Сол ауылдағы орта мектепке Қабылиса жырау есімі беріліп, үлкен ескерткіш орнатады. Қазір бұл ауыл баба есімімен аталады. Ұлы Отан соғысында шейіт болған батырларға арнап ескерткіш-тақта орнатылды. Өкінішке қарай, сол жылдардағы атқарған ілкімді істердің бәрін бір мақаланың аясына сыйғызу мүмкін емес. 
Жекен Тәтиұлы білікті маман ретінде өзі басқарған ұжымдардың мәртебесін көтеріп, ондағы еңбеккерлерді де молшылыққа кенелтті. Туған топырағының туын көтеріп, Жетісу жерінің тарихында жас ұрпақ үлгі алардай айшықты із қалдырды. Бүгінде Ақсу, Көксу аудандарының Құрметті азаматы. Сапарлап бара қалса ел-жұрты тік тұрып қарсы алады. 
Ол қай шаруашылықты басқарса да, жұмысты ынта-шынтысымен беріліп істеді. Мұндайда марапаттаулар жаңбырша жауады емес пе? Бірақ солардың бәрінен де туған халқының сый-құрметі ерекше. Қандай ортада жүрсе де замандастары соған қарап бой түзейді. Бүгінде қарапайым қарияның бірі болса да жиын-тойлардың көпшілігі ақсақалдың ақ батасынсыз басталған емес. 
Тәңірдің адамдарды жұп-жұбымен жаратқаны аян. Қос ғашық бір-біріне жарығын түсіріп тұрса, махаббаттары баянды әрі ғұмырлы болмақ. Бұл бағзыдан келе жатқан түсінік. Сол шынайы сезіммен сусындаған Қаншайым апамыз бен Жекен атамыздың  бір-біріне деген құрметі өміршең. Адам баласы көңіліне ұя салған аққуын жүрегіне жақын атпен атап кетпей ме? Сол сияқты Жекен ақсақал да Қаншайым апамызды әлі күнге «Әсия» деп еркелетеді. Қаншайым Садыққызы Үйгентас ауданындағы киелі Қарлығаш ауылының түлегі. Жетісудың даңқты жазушысы Әнуар Әлімжановтың жерлесі. Ата-анасы бір тал шоқ гүлін алысқа жібергісі келмесе де қайсар қыз асқақ арманын тұмшаламай қалада оқуға бел байлайды. Сол уақыттағы Қыздар педагогикалық институтына түседі. Студенттік өмірге аяқ басқан шақта жігіттің төресі Жекен Тәтиұлымен танысады. Бірін-бірі ұнатып, көңілдері жарасқан жастар үйленбек оймен сөз байласады. Екеуінің шаңырақ көтеруіне Нұрмолда Алдабергенов жәрдемдеседі. Ол кісі өзінің ақ «Волгасын» беріп, тойдың мәнді өтуіне көп үлес қосқан. Бұл оқиғаның толық нұсқасы  жазушы Құттыбек Баяндиннің «Нар тұлға» романында баяндалған. Ақ босаға аттаған соң кісілік қасиетімен елге сыйлы «ақ келін» атанады. Мәңгілік серік болуға серт берген қос ғашық өмірдің бар ауыртпалығын бірге көруден тайсалған емес. Алғашқы жылдары 14 адам бір үйде тұрып, қайын ағасы Жексебай Тәтиұлының 10 баласына қамқор болады. Оларды екінші анасындай бағып-қағады. Енесінің айтқанын екі етпей, көңілінен шығады. Басшылық қызметте жүрген жұбайына жақсы жар ғана емес, сүйеніш те бола білді. Лауазымды қонақтардың, ауылдастардың бабын тауып, Домалақ анадай білгірлігімен танылды. Қызмет саласында да біршама белестерді бағындырды. Атап айтсақ, 1973 жылы Төлеген Тоқтаров атындағы орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі, кейін сол білім ордасының директоры атанды. Ағайынға деген ақ пейілінің арқасында аз уақытта ауылдың анасына айналады. Ауыл тірлігінің бір жағына шығып көркемөнерпаздар үйірмесі мен әжелер ансамблін құрды. Қызылша егістігіне, совхоздың науқандық жұмыстарына зор қолғабысын тигізді. Қабылиса жырау атындағы орта мектептегі мінсіз еңбегі бағаланып, адами қасиеті тіптен ажарланады. Ауыл жұрты «Жүрісі ширақ, жеңіл болады. Тыным таппайды. Өзі сияқты елге сүйкімді, адамдарға сыйлы болсын» деген ниетпен сәбилерінің тұсауын қолқалап кестіреді екен. Ұлағатты ұстаз болып, талай тәлімді шәкірт тәрбиеледі. Білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған мұғалімдердің бірегейі.
Қазіргі уақытта Қаншайым Садыққызы мен Жекен Жетпісбаев үш ұл, екі қыздың ата-анасы.  Сондай-ақ он алты немере мен бес шөберенің ата-әжесі. Бастарынан өткен қиыншылықтарға төтеп беріп, жемісті де жеңісті ғұмыр кешуде. Қара шаңырақтың иесі кенже ұлы Бағланның қолында тұрып жатыр. Салтанаттай келінінің ыстық шайын ішіп,  көрген-білгенін үйретіп отырады.
Бұл мерейтой маңдай тердің өтеуі. Әрбірден соң туған жерге деген құрметтің қайтарымы. Қос ардагер өз саласының білгір маманына, білікті басшысына айналған жандар. Содан болар, ағайыны төрден орын беріп, үнемі қошеметтеп отыруды әдетке айналдырған. 
Әрине, сексен оңай жас емес. Әйтсе де сіздер отырған өмір кемесінің жүздің жағалауына жүзіп барарына сеніміміз мол! Лайым солай болғай!


Бала тілегі
Қадірлі әке, аяулы ана! Жаны жайсаң жанашырларым. Адамның жүріп өткен жолы, көрсеткен өнегесі артындағы ұрпақтарына сабақ. Сіздер бізге ең жақсы ұстаз, мейірімді ата-ана бола білдіңіздер.  Бойымызға сіңірген тәлім-тәрбиелеріңіз тағдыр сынынан сүрінбей өтуге сеп болып келеді. Бүгінде жұмыстан қол үзсеңіздер де көпшілік сіздерді қоғам қайраткері, ғұмырын елінің болашағына арнаған зиялы азамат ретінде таниды. Нағыз азаматтық қасиеттерге ие ірі тұлға ретінде халық құрметіне бөленіп келесіздер. Аллаға мың да бір шүкір, қызметтің ең қызықты да қиын салаларын абыроймен атқардыңыздар. Сіздер қоғамдық қызметке белсене араласқан шақта қарашаның мерейі артты. Туған елге деген сүйіспеншіліктеріңіз сарқылған емес. Рухы биік ізбасарлар тәрбиелеу жолында аянбай тер төктіңіздер. Қоғам игілігіне бағыттаған ерен еңбектеріңіз еліміздің нығаюына өзіндік үлес қосты. Қажыр-қайраттарыңыз қашанда арта бергей!  Зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке тілеймін! Шығар шыңдарыңыз әрқашанда биік болғай.
Бағлан ЖЕКЕНҰЛЫ

Немере тілегі
 Құрметті ата-апа! Адам баласының қамшының сабындай қысқа өміріндегі әрбір белесі бедерлі. Соның ішінде сексен дейтін зеңгір шыңның орны мүлдем ерекше. Дария көңілдеріңізден төгілген ізгіліктің әр тамшысы жанымызға қуат береді. Пайым-парасаттарыңыздан нәр алып, әр қадамымыздың арманға бастайтынын аңғардық. Жанымызға ұлттық рухани құндылықтарды сіңіре білдіңіздер. Сіздер айтқан ұлағат көкірегімізге сәуле болып орнады. Алақандарыңыздың жылуынан өн-бойымыз балқып, ерекше сезімге бөлендік. Сол сезімнің әсерінен Отанға деген құрметтің, ата-анаға деген махаббаттың қаншалықты құнды екенін аңғардық. Әулет көшін өрге сүйрейтін сіздер барда біздің алар асуымыз көбейе бермек. Алтынға бергісіз асылдарым, ешқашан ауырмаңыздар. Әр атқан таңдарыңыз тек жақсылығымен қарсы алсын.
Балжан Бағланқызы, 
Дінмұхамедали Асқарұлы,

Шөбере тілегі
Сүйікті ата-әже! Сіздерді өте қатты жақсы көреміз. Айтқан ақылдарыңыздың арқасында сабағымызды үздік оқып жүрміз. Сіздер ең алғаш бесікке бөліп, тәй-тәй басқан қадамымызға дем бердіңіздер. Тұсауымызды кесіп, Тәңірден аспанымыздың ашық болуын тіледіңіздер. Бесік жырын тыңдатып, даналықтың кәусар бұлағына шомылдырдыңыздар. Енді біздің қызығымызды көріп, ортамызда аман-есен жүре беріңіздер. Жүздеріңіздің нұры таймасын.
Ханали Сұлтанұлы,
Дәмелі Олжасқызы,
Адия Серікқызы


Мұхтар КҮМІСБЕК