Қар тазалау жұмысы жалғасуда

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 2574

Айналаны ақ көрпеге орап, қара суығын қарлы боранмен араластырып, қылышын сүйретіп жеткен қыс қаһарына енді мінді. Қаңтардың қақаған аязында жұртшылықтың уайымы – көше тазалығы. Осыған орай біз Текеліге барып, атқарылып жатқан қар тазалау жұмыстарының жай-күйімен танысып қайттық. 

Текелідегі қысқы жол тазалау жұмысы «Жантас Т.С.О.» ЖШС-не жүктелген. Мамандар көшені қар басып қалмауы үшін білек сыбана іске кірісуде. Арнайы   5 трактор, “КамАЗ-дар” мен грейдерлер жұмылдырылып, жұмыстарын тоқтаусыз жалғастыруда. 
Текелі қаласындағы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Марғұлан Ботантаев сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен тарқатты. Ол:
– Текеліде қар қалың жауып жатыр. Осының салдарынан қаладағы қар тазалау жұмыстарымен айналысатын жұмысшыларда тыным жоқ. Қаламыздағы 50-ге жуық жұмысшы соңғы төрт күнде үздіксіз жұмыс істеуде. Биыл қар тазалауға 11 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, 9 арнайы техника жұмылдырылды. Жолдың қауіпті жерлеріне 200 тоннаға жуық қиыршық құм себілді. Сонымен қатар, 29 көшеге жарық орнату және Қонаев, Әуезов, Космонавт көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салу үшін 87 млн. теңге қаржы бөлінді. Енді қар тазалау жұмысы қарқын алады, – дей келе, мекемеде әлі 8 тонна тұз бен 30 тонна қиыршық құм бар екенін айтты.
Жұмысшылар  Алтынсарин, Пушкин, Қаратал, Балпық би көшелерін қалың қардан тазалап, көше қиылыстары мен қауіпті айналмаларға қиыршық құм сепкен. Енді олар жаяу жүргіншілер жолы мен аялдамаларды қардан тазалауға кірісті. Қыс мезгілінде бұл аумаққа қар қалың түсіп, қаланы да, даланы да әбден әуреге салатынын білеміз. Осыған сәйкес толассыз жауған қардың салдарынан тазаланбаған жерлер де жоқ емес. Қаланың кейбір әл-Фараби, Лазо, Сейфуллин, Төлебаев сияқты көшелері қардың қалың жаууына байланысты тазалау жұмыстары кешеуілдетіп жатыр.
Иә, қала тазалығы тұрғындардың да жіті назарына алынып, жұмыс қызу жүргізілуде. Өйткені көше тазалығы – қаланың көркі, халықтың қамы.

Айдар ҚАЛИЕВ