Болашаққа бетбұрыс

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 1699

Қарт тарихтың тұнығынан көз суарған кеудесі кенді әрбір азамат өз елінің өркениет көшінің алдында болғанын тілесе керек. Айбарлы бабалардың дүркіреп тұрған мемлекеті бүгінде заманға сай жаһандану көшінің қарышты қадамына ілесер тың сүрлеуге ойысты. Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәстүрлі Жолдаулары арқылы елімізді  биік белестерге бастап келеді.

Ел Президенті халқымызға «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауын арнады. Бұл – біздің болашаққа деген жаңаша бетбұрысымызды айқындайтын әрі өнеркәсіптік салаларды заманға сай жандандыруға арналған ең басты міндетіміз.  Жолдауда Елбасы алдымызға он міндет қойып отыр. Бұл міндеттер мемлекетіміздің тұғырын биіктетуге, әлеуметтік және экономикалық дамуын ілгерілетуге негіз болмақ.
Алдымен индустрияландыру мен жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуымыз керектігін атап өткен Елбасы кәсіпорындарды жаңғыртуға және цифрландыруға, экожүйені дамытуға баса мән беріп отыр. Бұл заман бағдарын айқындаған елдің озық мемлекеттерден қалыспай, әлемдік жүйеде белсенділігін күшейтудің негізгі жолы болса керек. Сонымен қатар, Президент білім беру жүйесіндегі озық жүйені құруды, зейнетақы мен мұғалімдердің еңбекақысын өсіруді,  ауылшаруашылығы саласы бойынша агроөнеркәсіп кешендерінің ғылымға негізделуін айрықша міндеттеді. Бұл тұрғыдан алғанда Жолдау Қазақстанның жаһандық технологиялық өзгерістер кезеңінде сан түрлі сынға тастүйін дайын болуға, уақыт ағымына сай жаңа жүйемен болашаққа бет алу керектігіне ынталандырар әрі жол ашар темірқазығымыз. Жетінші міндетті негізге алсақ, Елбасы: «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет», – деп көрсеткен. Оған қоса бұл жұмысты реттеуге латын әліпбиіне көшу көп мүмкіндік беретінін де атап өткен. Бұл жағынанан алғанда Жолдау экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, заманға сай жаңғыру жолына түскен мемлекетіміздің рухани ұстынының жаңаша сипатқа енуіне де көптеп жол ашары анық. 
 

Әли АЛПЫСБАЕВ,
облыстық мәслихат депутаты