жүйелі жұмыс баршылық

Уақыты: 29.01.2018
Оқылды: 1634

Тәуелсіз мемлекетіміздің құрылғанына ширек ғасырдан асты. Шүкір, мемлекетіміз дамып келеді. Экономикамыз жақсарып, ел еңсесі көтеріле түсті. Өткен ғасырда қолымызда бар болып, кейін құрдымға кеткен дүниелер қайта қалпына келуде. Соның бірі ауыл-ауылдардағы ветеринариялық пункттердің жұмысы болатын. Бұл да мемлекет болашағын ойлаған игілікті іс. Өйткені, ата-бабаларынан төрт түлік малмен жанын бағып, күндерін көріп келе жатқан халқымыздың қолда бар малын бақылауда ұстау, әр түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу – аса маңызды.

Міне, сол үшін де бірсыпыра жылдардан бері жер-жерлерде ветеринариялық пункттер жұмысы жүзеге асырылды. Райымбек ауданы орталығында «Ветеринариялық пункттері бар ветеринариялық станциясы» комуналдық – мемлекеттік кәсіпорны жұмысын жүргізіп келеді. Осынау салаға білімді де білікті жас маман, іскер азамат Руслан Масенов басшылық жасауда. Кәсіпорынның орталық аппаратында 18 маман, жер-жерлерде 22 ветпункт меңгерушісі, 20 ветдәрігер, 47 ветфельдшер, 104 ветсанитар, 7 бағдарламашы, 2 жұмыскер барлығы 220 маман еңбек етеді. Ауданда 24 «Нива» «Sang Үong»  жеңіл көліктері, 1 мал таситын «Фотон», 1 мал таситын «Газель», 1 залалсыздандыратын «Уаз» көліктері қызмет етуде. 
– Алғаш құрылған кездегі қиындықтарымыз артта қалды. Қазір барлық ауылдарда ветпункттердің жұмыс орындары, кеңселері бар. Өңірлерде жұмыссыз қалған жоғары білімді мамандарымыз еңбекпен қамтылды. Жер-жерлерде ветпункттер жұмысының жолға қойылғанын қарапайым халық қолдап, қуануда. Көптеген жұмыссыз азаматтар кәсіпке ие болды. Шаңырақтар қуанышқа кенелді. Қазір ауылдардағы ветеринариялық дәрігерлердің, мамандардың кез келген жұмыстарына, қолға алып жататын іс-шараларына жергілікті халық түсіністікпен қарап, мүмкіндіктерінің келгендерінше қолдау көрсетіп, жұмысты жеңілдетіп отырады. Соның арқасында, жоспарлы түрде жыл бойы жүргізіліп жататын алдын алу, егу жұмыстары, диагностикалық зерттеу шаралары дер кезінде жүзеге асырылуда. Бұл тұрғыда облыс көлемінде алда тұрған жайымыз бар, – дейді аудандық «Ветеринариялық пункттері бар ветеринариялық станциясы» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Руслан Масенов.
Айтса-айтқандай, өткен жылы ірі қараға 9 түрлі, қойға 10 түрлі, жылқыға 4 түрлі аса жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілді. Жыл ауқымында 129442 жоспарланған 129442 бас ірі қарадан, 448699 бас қой-ешкіден қан алынды. Жоспар 100 пайызға, қой-ешкіден 100 пайызға орындалды. Тексеру нәтижесінде 158 бас ірі қарадан бруцеллез ауруына оң реакция бергені анықталды. Осы малдардың 155 басы Сарыөзек ауылындағы арнайы мал сою орнына өткізілді. Қой-ешкі малдары бойынша 89 бас оң реакция көрсетіп, 80 бас Сарыөзек ауылындағы арнайы ет өңдеу орнына өткізілді.
Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 7-1/68 ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларын бекіту туралы бұйрығына сәйкес аудан бойынша 2018 жылдың 1 қаңтарына статистикалық мәлімет бойынша 109942 бас мүйізді ірі қара, 437694 бас ұсақ мүйізді, 65168 бас жылқы малдары есепке алынса, дерекқор базасында ірі қара 107253 басқа, қой-ешкі 440834 басқа, жылқы 67991 басқа сәйкестендірілді.
Ауданда ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ережесі басшылыққа алынған. Аудан әкімі орынбасарының бірдейлендіру іс-шараларын жүргізу туралы жоспары бекітілген. Осы жоспар негізінде ірі қара мен қой-ешкі малдарының төлдерін бірдейлендіру жұмыстары жалғасын тапты. Өткен жылы 36325 бас ірі қараның төлі, 35958 бас қайта сырғаланған ірі қара малы барлығы 72293 бас ірі қара тіркелген. 165928 бас қой-ешкінің төлі, 55340 бас қайта сырғаланған қой-ешкі барлығы 221268 бас тіркелген. 17149 бас жылқының төлі, 3897 бас сатып алынған мал барлығы 21046 бас жылқы тіркелді.
Ауылшаруашылығын оның ішінде мал шаруашылығын дамыту жөнінде игі жұмыстарын жүргізіп келе жатқан ветеринариялық қызметкерлерге барлық жағдай жасаған абзал. Бұл мәселе де назардан тыс қалып отырған жоқ. Облысымыздың әкімі Амандық Баталовтың тікелей қолдауымен аудандағы Сүмбе, Кеген, Саты ауылдарында ветпункт ғимараттары салынып, пайдалануға берілді. Биылғы жылы Ұзынбұлақ, Алғабас ауылдарында ветпункт ғимараттарының құрылыстары қолға алынады. Ветсанитарлық обьектілері бойынша ауданда ветпункт меңгерушілерінің ұйымдастыруымен 48 мал емдеу қашалары жасалды. Өңірдегі 23 ауылдық округте 23 мал өлекселерін тастайтын арнайы орын бар. Кеген, Нарынқол ауылдарында бюджет қаражаты есебінен 2011 жылы арнайы типте лайықталып жасалған. 2013 жылы Жамбыл, Сүмбе, Қайнар, Қақпақ, Жалаңаш, Саты ауылдық округтерінде жергілікті бюджет есебінен қаражат қарастырылып, арнайы типте мал қорымдары салынды. 2014 жылы бұл жұмыс одан әрі жалғасын тапты. Атап айтқанда, 5 ауылдық округте арнайы типте мал қорымы салынып, құжаттары жасалды. Қазір аудан аумағында 25 мал тоғытатын орын, 21 мал ұрықтандыратын орын жұмыс істейді. 
Ауданда қаңғыбас иттер де бақылауда. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және көзін жою жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 3 миллион теңге қаражат қарастырылған. Жыл басынан бастап әр ауылдағы қаңғыбас иттердің саны анықталды. Қаңтар, ақпан айларында 1023 ит ауланып, көзі жойылды. Қараша, желтоқсан айларында 977 бас итті аулау жоспарланып, орындалды. Ауданның халқы жарамды малдарын сатып, жағдайларын жақсартып отырады. Оған да мүмкіндік қарастырылған. Өткен жылы 12445 бас ірі қара, 9115 бас қой-ешкі, 2456 бас жылқы малы сыртқа шығарылып, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша 3336 дана ветеринариялық анықтама берілді.
Бір сөзбен айтқанда, Райымбек ауданындағы Руслан Масенов бастаған ветеринариялық пункттердің мамандары ел мен жер үшін қыруар жұмыс жасап келеді. Олардың жұмыстары маусымдық емес. Жылдың барлық мерзімінде үзіліссіз жалғасып жатады. Ең бастысы, төрт түлік малдың әртүрлі жұқпалы аурулардан ада болғаны керек. Сол үшін алдын алу жұмыстары тынбай жүргізіледі. Таулы өлкеде төрт түлік мал аурулардан таза болып, өз төлі есебінен алаңсыз өсіп-өркендеп жатса, онда әр күні еңбекке толы ветпункт қызметкерлерінің мол үлесі бар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деген орынды сөз бар. Русландай жігерлі әрі бастамашыл, тек игілікті істердің ғана басы-қасынан табылатын бірегей азамат басқаратын кәсіпорын туралы орнымен сөз етер жайлар жетіп артылады. Өткен жылы кәсіпорыннан 50 адам Астана қаласында өткен халықаралық мамандандырылған ЭКСПО көрмесін тамашалап қайтты. Сөйтіп, олар ауданда ең алғашқы болып Астанаға жол қалады. Мал мамандары аудандық «Хантәңірі», облыстық «Жетісу» газеттерінің тұрақты оқырмандары болып келеді. Реті келгенде, өз жұмыстарын күн талабына сай жүргізіп жатқан Мәулен Әбікенов, Дабырбек Бейсебаев, Тұрсынәлі Мүсілімов, Кеңес Құтел, Қайрат Жұмабаев, Бекен Кәрбозов, Дәурен Советхан басқаратын Сарыжаз, Қайнар, Алғабас, Жалаңаш, Қақпақ, Сүмбе, Қарқара ауылдық ветпункттерінің атына жылы лебіз білдірген артық емес. Кәсіпорын аппаратында жұмыс істейтін мекеме басшысының орынбасары Берік Қасымханов, Мырзаш Изентаев, Қабыл Төкенов, Кеңес Ердесбаев және Малика Қазиахмет секілді іскер мамандардың да көтеріп жүрген жүгі жеңіл емес. Ауданның ауылшаруашылығын оның ішінде мал шаруашылығының өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып келе жатқан ветеринария қызметкерлерінің қолдары қуатты бола берсін!

Қанат БІРЖАНСАЛ
 Райымбек ауданы