ҚЫРАН МЕН ҚАЗАҚ

Уақыты: 31.01.2018
Оқылды: 2347

     Қыран мен қазақ. Осынау ұғым тамшының сыңарындай санамызға сыналай еніп кеткелі қашан. Әсіресе, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының лебі жұртшылыққа көктемгі алтын күректей соғып, эмблемада қыран бейнесі жарқ ете түскенде еркіндік сүйгіш ел екеніміз көзімізге оттай басылып, денеміз дүр сілкінді. Күн көзіне жасқанбай қарайтын бүркітше келешекке түу биіктен көз тастап, қанатымызды қомдадық. Көңіл түкпірінде бұйығып жатқан бұла күш кеудеге сыймай, сергек серпілісті бастан кештік. Әлбетте, бұл рухани жаңғыру  қазақ санасына сілкініс жасап, болашаққа барар жолда ұлттық ерекшелігімізді байыпты бағалап, бүркітше самғауымызға соны серпіліс берді.

 

     Әсілі, аспанда қанатын кең жайып қалықтаған қыран бүркітті қолына қондырып, жердегі жұртқа талғажау боларлық аң атаулыға салып, саятшылық мектебін қалыптастырған ата-бабаларымыздың шеберлігіне қалай тәнті болмайсың! Томағасын сыпырып, ұшырған қыранның ілген олжасын көңіл үшін танысына сыйлай салатын жомарттық, мәрттік болмысынан өрілген тамаша қасиеттер талай жайттан сыр шертеді-ау! Бүркіт – еркіндік белгісі. Латынша “алтын қыран” (Aquіla chrysaetos) деген аты күштілік пен айбындылықтың айшығы ретінде 200 жыл бұрын берілген екен. Ол қазақ үшін мықтылықтың, қайсарлықтың, еркіндіктің анықтамасы іспетті. Бүркіт – қырандар ішіндегі ең ірі әрі күшті, дене бітімі мығым, жылдам ұшатын құс. Һәм халық ұғымында бүркіт – текті әрі киелі. Мәселен, қазақтар балаларының баскиіміне, бесікке бүркіттің бармағын тағып қойған. Академик Әлкей Марғұланның зерттеулеріне ден қойсақ, біз қазақ тілінде тікелей бүркітке қатысты бір жарым мыңдай ұғым бар екендігі туралы деректерді кездестіреміз. Елбасы бағдарламалық құжатында латын әрпіне көшу жөнінде келелі ой қозғады. Қазіргі таңда заманауи технологияның арқасында, кириллицадағы қазақ жазуын латын әрпіні көшіру бірнеше секундтардың еншіндегі дүние ғана болып қалды. Апыр-ау, сонда бір ғана бүркітке қатысты дүние латын тілінде сайраса, әлем елдері берісі – қазақ деген елдің тілінің шұрайлығына, әрісі – бүркітті баптап, қияға самғатып, аң аулау мәдениетін қалыптастырған тектілігіне қайран қалмай ма? Сонда деймін-ау, бір ғана киелі құстың төңірегінде мыңнан астам терминді ойлап тапқан халық жайлы білуге құмарта ма, жоқ па?! Қыран деген қыран емес, қазақ дейтін шығар. Болмаса, қазақ дегенде көз алдына самғау көкте, зау биікте қол қанатын қомдап жүрген қыранды елестетіп жатса, таңғалмаймыз. 
     Тарихқа жүгінсек, бүркітті баулып, онымен аң аулау кәсібімен ертеде көшпелі түркі- тектес халықтар шұғылданған. Айталық, Жошы ханның 3 мың бүркітшісі болған екен. Бүркітті қолға үйретіп, баптап, саятшылықта пайдалану – қазақ халқының ертеден келе жатқан өнері. Оны аңға салу – төзімділікті, іскерлікті, асқан шеберлікті керек етеді. Міне, Елбасы мақаласы жайында осыны айтуға болады. Ұлттық рухтың сілкінісіне бастайтын баспалдақтар – қыран құстың қанатын қайта түлетіп, жаңартып, жас қауырсынымен құлаштай серпін жасағаны секілді санаға серпіліс жасауды айтады Президент. «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деуі осыны меңзейді. 
     «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғалы бері еліміздегі баспасөз құралдарында мыңдаған мақала жарық көрген болар. Осының өзі Президенттің бағдарламалық мақаласы елдің көкейінде жүрген өзекті мәселерді дөп тигізе айтуы – зеңгір көктен қыранның түлкіні іліп әкетуі секілді көпшіліктің айызын қандырды. Мемлекеттік тілде жарық көрген маңызды құжаттың ұлттық намысы бар әр азаматтың көкірегіне сәуле құйып, санасына серпін бергені анық. Елбасы Н. Назарбаевтың: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», – дейді. Осы орайда бабадан мирас болып қалған саятшылықты да дамытуымыз қажет. Шүкір, Алматы облысында жыл сайын «Қансонар» сайыстары өтіп тұрады. Мұндай игі шара әр ауданда өтсе жас ұрпақтың қызығушылығы оянып, өз елінің салт-дәстүріне деген жақсы бір көзқарасы қалыптасар еді.
     Бүркітті қолға үйретіп, баптап, саятшылықта пайдалану – қазақ халқының ертеден келе жатқан өнері. Оны аңға салу – төзімділікті, іскерлікті, асқан шеберлікті керек етеді. Академик Ә. Марғұланның жазуына қарағанда, бүркітшінің пірі Жалайыр Шораның асқан құсбегілігі жөнінде былай дейді бүркітші: «...кейде оларды таудың ішіне бос жіберіп жұмыртқалатып, жемді өзі жеткізіп тұрған. Иесіне үйренген құс түз құсындай сескеніп, жұмыртқасын қызғанбайды, қайта жем іздеген кезінде таудың ішін жаңғыртып шу көтеріп, құсбегінің тез жем әкелуін күтеді». Осыдан болса керек, қылыш қанат қыранның «Аспанда ұшсам қанатым талады, жерге қонсам Шора алады» деген ел арасындағы аңыз да бүркітпен болмысымыз бір екенін айғақтайды». 
     Бүркітті баулыған бабаларша өскелең ұрпақты баптасақ, тастүлектей тұғырдан самғатсақ, біз алмайтын асу, біз алмайтын белес болмайды. Қыранның қырағылығындай төрткүл дүниедегі дүрбелеңді дамуға зәу биіктен көз тастап, жақсысын үйреніп, жаманынан жирене аламыз. Әсілі, тамыры ұлттық құндылықтармен сусындаған ұрпақтың өн бойында ар-намыс, жігер мен табандылық астасып жататын болса, томағасын сыпырған құстай жаһандану деген жемтікті шеңгеліне алар. «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болатынын» да шегелеп берді. Елбасының айтуынша, «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана».
      Бұл қазақтың «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қанатты сөзінің арқауына айналған. Бүркіт балапанын екі-үш ай баулиды. Қауырсыны өсіп, қатайып, «қылышы» айқасқан соң ұшуға талпынады. Ол көк Тәңірінің елшісі, ол Күннен жаратылған, күннің еркесі, көктің иесі деп көп халықтың көне сенімінде аса жоғары дәріптеледі. Бүркіттің пірі Шегірбаян екені айтылады. Меніңше, бүркітті дәріптеу бірқатар халықтарда бар болғанымен, оның киесі осы қазақтың Ұлы Даласына келіп қонған секілді. Олай дейтініміз, қазақ секілді бүркітпен рухани жақындық өзге елде некен-саяқ. Қазақстан Республикасының Туындағы бүркіт бейнесі азаттық айбыны ретінде бейнеленген. Ұлы Даланың көз жеткізсіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі елеулі рөл атқарған. Жаһандану заманында қазақ қыранша қырағы болып, қанатын қомдаса, отыз елдің төбесінен қарайтын күн де алыс болмас. Дәйім қыран тұрпатты қазақтың қанаты әмсе қатты болып, асқақ армандармен болашақтың биігіне самғай берсін! 

Асхат Өмірбаев
Қаратал ауданы