ҒАЛАМНЫҢ ТОРЫНАН ҚАЛАЙ ШЫҒАМЫЗ

Уақыты: 14.02.2018
Оқылды: 1430

Артта қалған өмірге қарайласам барлық уақыт қолдағы телефонмен, әлеуметтік желіге шұқшиумен өтіп барады. Адамдармен де сирек араласатын болып алдық. Жақында танысым  екеуміз арқа-жарқа болып бір шүйіркелестік. Себебі мендегі қалтафонның қуат көзі, оның айлық тарифы бітіп қалған еді. Бұлар өшпесе біздің сөйлесуіміз неғайбыл.

Қарап отырсам айналамадағы адамдарға шынайы өмірге қарағанда, виртуалды өмір қызығырақ сияқты отырыстарда барлығы инстаграм мен фейсбукке телміріп отырады. «Мен мына жердемін»,–деп желіге салып кеп жібереді. Бұл мақтанғанымыз ба, әлде басқа ма? Бір отбасының үйінде вай-файы өшіп, туыстарымен амалсыз сөйлескен бойжеткен, «жақсы адамдар екен»,–дейтін әзіл бар. Біз бұған жете қоймадық, бірақ осы бетімізбен өрлей берсек, шыңыраудан бір-ақ шығарамыз анық.

Желіден келетін зауал әр түрлі. Мысалы, елімізде болған жағдайға көз жүгірсек 27 жастағы азамат өзінің сүйіктісінің арқасында байып қалмақ болған. Ол интернетте танысқан әйелден 10 млн теңге талап еткен. Бұл соманы бермеген жағдайда ұятсыз суреттерін желіге жариялайтынын айтып қорқытқан. Мұндай кеселді жағдайлар жетіп артылады. Желіге жалаңаш суретін жүктеймін деп кейін опық жеп қалғандар да аз емес.

Ғалымдардың зерттеуі бойынша, көпшіліктің желіден бас алмауының себебін былай деп түсіндіреді. Адамда «ішкі қанағаттану» деген болады екен. Мысалы, бір адам сырт келбетіне көңілі толмайды болмаса өз-өзіне сенімділігі төмен. Оған «сен сұлусың», «саған мына киім жарасымды» деп ешкім айтпайды. Тіпті ата-анасы да. Осындай жағдайда адамда іштей ашығады. Сол аштықтан құтылу үшін, желіге жүгінеді. Әлгі адам «Инстаграм» желісіне сурет жүктейді. Кейін ол суретке жазылушыларынан бастырмалата келген лүпіл саны артады. Одан қалса сан түрлі жағымды пікір және жазылады. Мұның бәрі ішкі рухы әлсіз адамды ғаламның торына байлап қояды. Нәтижесінде  тәні ашылған суреттер мен ұятқа қайшы келетін бейнелер көбейеді. Олар жазылушыларынана келетін лүпіл мен пікірден ләззат алады. Бірақ бұл уақытша ғана дүние. Әлгі ашығу қайта келгенде жоғарыдағы оқиға және қайталанады.

Қамшының сабындай ғана ғұмыр, көзді ашып жұмғанша зыр етіп өте шығады. Біз неге осы өмірімізді желіге желімделіп өткізуіміз керек. Ата-аналарға және бүкіл қолданушыларға құлақ қағыс айтсақ дейміз. Рухани ашықпас үшін мынадай емді қолдансақ деген ұсыныс бар. Айналадағы адамдармен жылы қарым-қатынас орнатсақ. Себебі әр жасаған жақсылық «бумеранг» заңы бойынша қайта келеді. Достарымызға жиі-жиі жағымды ойлар айтайық. Сонда іштей ашыққан адам желіге жүгінбейді. Және ата-аналар да үнемі балаларына жылы сөздер айтып отырса, «менің балам сұлу, ақылды» сынды сөздер. Сонда балаңыздың өзіне сенімділгі артады. Қоғамда өз орнын адаспай табуына сіздің сөзіңіздің ықпалы мол екені даусыз. Қысқасы, балаларыңыз сіз айтуға тиісті сөзді сырттан іздемейтін болады. Осы турасында тәулігінің біршама бөлігін интернетте өткізетін белсенді қолданушылардан пікір алғанбыз.

 


 
 

*Сіздің пікір маңызды

 Дәурен Бейсебаев, студент:

 –  Желіге құмарлық ғасыр дерті ғой. Қазір еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін бас басына бір-бір смартфон ұстайды. Қоғамдағы осындай мəселелерді шешу үшін алдымен өзімізден бастауымыз керек. Бұның  жақсы да кері де тұсы бар. Жақсы жағы кез келген ақпаратты табу оңай. Ал басқа қырынан қарайтын болсақ мына тілдің бұзылуы, адамдардың рухани дүниеден алыстауы, мейірім жоғалуы бəрі осы желінің кесірі деп ойлаймын. Өйткені қазыр желіге бас сұға қалсаң адамды жиіркендіретін ақпараттар ашық көрсетіледі. Бала болсын, кексе тартқаны болсын бəрі бірдей хабардар болып отыр. Қоғамды белгісіз бір бағытқа жетелеп бара жатқандығына осының әсері барма деймін.

Назерке ТІЛЕУБАЕВА, қала тұрғыны:

– Шынында қазіргі таңда әлеуметтік желілерде соның ішінде инстаграмда сурет салу өте көп кездеседі. Әрине, мен бұған қарсы емеспін. Бірақ әр сәт сайын суреттерімен бөлісетіндерді түсінбеймін. Менің ойымша олар өзіндік бір вертуалды әлемде қалып қойған секілді. Немесе жан тәнімен берілу басымырық.

Қорыта келе айтарымыз желі – әлемдік қоқыс. Онда көңілге қонымдысы да, ақылға томпақ келетін дүниелер жетіп артылады. Халық санасын бұзу үшін жасалынған суреттер мен бейнелер буына енді қатайып келе жатқан балаға соққы болып тиеді. Егер осы айтылған ойды қолдансақ, күнердің бір күні, бұл дертен де айығармыз деген сенім бар.

Думан КЕҢШІЛІК.