Азаматтар ардақталды

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 1008

Биыл Сарқан ауданының құрылғанына 90 жыл. Сондай-ақ, Сарқанның қала мәртебесін алғанына 50 жыл толады. Осыған орай, Сарқан ауданы Құрметті азаматтарының басқосуы өтті. Айтулы мерекелер қарсаңында жастардың бойына  халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру, үлкенді сыйлау, өз ата-бабасын ұмытпау, салт-дәстүрден нәр алу, инабаттылық, жақсы мен жаманды ажырата білу, аталы сөзге тоқтау жолындағы басқосудың мақсат-мүддесін айтқан аудан әкімі Е. Қошанбеков алдағы жоспарларымен де бөлісті. 

Сахнаға көтерілген Құрметті азаматтар атынан  аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Садуақас Садықов сөз алды. 
– Сөзімді «Құрмет» деген ұлы ұғымнан бастаймын, – деді Садуақас Батқалұлы. – Сіздер саналы ғұмырларыңызда өз салаларыңыз бойынша ауданның ортақ табысына үлес қостыңыздар, жемісті жетістіктерге қол жеткіздіңіздер. Осы жетістіктің нәтижесінде, әрине, марапаттың сан түрін алған шығарсыздар. Дей тұрғанмен де, туған ауданыңның туған халқыңның алдында «Құрметті азаматы» атағын беруі барлық марапаттан жоғары. Олай болатын жөні бар. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген ұстанымды басшылыққа алсақ, айналаңның алғысына, төңірегіңнің ризашылығына жететін құрметті мен өз басым білмейді екенмін.
«Топырақ бір, бауырмыз ірге өтпеген, Бұл өмірден бірге ұшып, бір көктеген. Аймақтың ауқымына сиярмысың, Ауданың атап жатса құрметпенен», – деген құрмет сезімінен марқайған ақ шашты ағаларымыз бен ақ самайлы аналарымыз ауданның кеудесі қазына, көмейіне бұлбұл ұя салған  өнерпаз ардагерлердің «Дария кеуде, тау мүсін» атты концертін тамашалады.  Бұл күнгі сахналық іс-шара сарқандық   ақын Күләш Бисекееваның   «Терең ойдың түбін тере біл» атты жүрекжарды жырымен ашылды. Содан соң медицина саласының ардагері Есен Имашев, мәдениет саласының ардагері, бүкілодақтық фестивальдардың, конкурстардың лауреаты, Сарқан ауданының Құрметті азаматы  Шәкен Жұманова,  «Мерейлі отбасы» байқауының жүлдегері, ардагер ұстаз Тұрсынхан Рахметқалиева әуелетіп ән салып, қазақтың әні мен күйін жас ұрпақ көкейіне дарытып жүрген білікті ұстаз Мырзахмет Сәрсенов күмбірлете күй тартты. Көрермендер кәсіпкер, өнер жанашыры Базархан Жолдасқызының,  ардақты ана  Рабиға Смайлованың, аудандық аурухана ұжымы  әжелер тобының, мәдениет саласының ардагері Күләш Мұқатованың,  Заир-Разия  Атабаевтар отбасының,  ардагерлер квартетінің, спорт саласының қайраткері, Сарқан қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Баймаман Тілеубаевтың, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Садуақас  Садықовтың, Тополевка ауылдық Мәдениет үйінің жетекшісі Бақыт Тоқпақованың , аудандық ауылшаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының төрайымы  Гүлнар  Мұқанованың,  «Нұр Отан» партиясы халықтық бақылау комитетінің төрағасы Жәлел Сасанбаевтың орындауындағы әндерге шынайы ризашылықтарын білдірді.  
Әні әуелеп, күй күмбірлеген концерттік бағдарлама аудан әкімі Ерғазы Қошанбекұлының ықыласты лебізімен қорытындыланды. 

Жомарт ИГІМАН 
Сарқан ауданы