Елдіктің белгісі

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 994

Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы – ана тілі. Қазақ тілін құрметтеу, оны білу – біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз. Ана тіліне салғырт қарау – өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайды қарау деген сөз.

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын барған сайын кеңейтіп, оны шын мәніндегі қоғамдық қарым-қатынас тілі ету бүгінгі күн талабы екендігі баршаңызға белгілі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халық даналығы. Ендігі мақсат – тәуелсіз мемлекетіміздің қоғам өмірінің барлық саласында қазақ тілін кеңінен қамтамасыз ету.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында:     «Үкімет «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдетуі тиіс. Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту, сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді», – деген болатын.
Сонымен қатар, Елбасымыздың «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тіліндей қолданылуы үшін бәрін істеу қажет», – деп қадап айтқан пікірі баршамыздың берік ұстанатын қағидамыз болуы тиіс.
ҚР XXI ғасырдағы болашағы, шығар биіктері саяси-экономикалық факторларымен қатар оның мемлекеттік тілі – қазақ тілінің де дамуына тікелей байланысты. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі Ата Заңымызда анық айқындалған. Елбасымыз да «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп қадап көрсетті.
Біз қандай жағдайда да, қай кезде де өзге тілдердің дамуына еш ңұқсан келтірмей, оларға деген мемлекеттік қолдау – қамқорлық аясын тіпті де тарылтпай отырып, қалай дегеңде де ҚР мемлекетінің негізін құраушы ел, жер иесі қазақ халқының ұлттық тілі – қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің мүддесін мейлінше кең көздеуге маңыз береріміз белгілі. Бұл – әр қазақстандықтың қастерлі парызы. Қазақ тілінің өз мәртебесіне сай толыққаңды қоғамдық қызмет атқаруы аса қанағаттандырғысыз екенін жан-тәнімізбен түсіне отырып, бүгінде «Тіл туралы» Заңның жүзеге асу барысын талқылауда басты назарды мемлекеттік тіл тағдырына аударарымыз анық. Өйткені қазақ тілі әлемдік мәдениеттің бөлінбес бір бөлшегі ретінде тек қазақ топырағында ғана мемлекеттік мәртебені талап ете алады.
Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі, діні, ділі. Қазақ тілі қазақ халқының ғана емес, Қазақстан мемлекетінің тіліне айналатын, мәртебесі мен мерейі үстем болатын күн туды.
 
Г. ИМАНҒАЛИЕВА, 
аудандық заң консультациясының қорғаушысы
Ескелді ауданы