ҚАРАМАСА ҚАРА ПЕШ ТЕ ҚАУІПТІ

Уақыты: 19.02.2018
Оқылды: 1547

Журналистер үйінде облыстық төтенше жағдай департаменті «Мұзда, қардың ауытқуында көк тайғақтағы қауіпсіздік шаралары», «Жылыту маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігін сақтау» тақырыбында брифинг өткізді.

Шара барысында облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық бақылау басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Толқын Қатышева сөз алып: «Облыс аумағында 2018 жылдың басынан 142 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 42,9 пайызға өскен. Төтенше жағдай барысында алты адам қаза болса, төрт адам әртүрлі дене жарақатын алды. Адамдардың қаза болуы ағымдағы жылмен салыстырғанда өскен. Бұған себеп – тұрғындардың пешке от жағу кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақтамауы. Сондай-ақ, газдан 6 адам уланған. Қаза болғандардың көбі тұрмысы төмен отбасылар», – деді.

Осыдан кейін жедел-құтқару жасағының басшысы Сайлаубек Чарапиев қыс маусымындағы қауіпсіздік шаралары жайлы баяндама жасады.

– Облыстағы су қоймаларының басым көпшілігі мұз құрсауында. Мұздың қалыңдығы 3-70 см аралығында. Облыстың солтүстік аудандарында мұз қалың. Оңтүстікте жұқалау болып тұр. Осыған орай төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының жеке құрамы аудандарда орналасқан бөлімшелердің күшімен ауыл тұрғындарына, көбіне, әуесқой балықшыларға қауіпсіздік шаралары жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жергілікті полиция қызметі балық инспекциясымен бірлесіп түрлі шаралар өткізуде. Биыл ауа райының жылы болғанына байланысты Қапшағай су қоймасының мұзы кештеу қатты, – деді ол.

Жиын соңында төтенше жағдайлар департаменті өкілдері журналистердің сауалдарына жауап беріп, мұзда, қар көшкінінде және от жағу маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтап жүруді қатаң ескертті.

Айдар ҚАЛИЕВ