Текелінің тау бөктерінде табиғат пен кәсіпті ұштастырған жаңа өндіріс орны бой көтерді. Мұнда «Kausar Shifa kz» компаниясының омарта кешені ашылып, ара шаруашылығын дамыту, табиғи бал өндіру және жергілікті табиғи шикізатты өңдеу жұмыстары қолға алынған. Кәсіп- орынның алдағы жоспары да ауқымды: өндіріс көлемін арттырумен қатар, апитерапия мен сауықтыру туризмін дамыту көзделіп отыр.
Екі жылдың ішінде шағын омарта біртіндеп өндірістік кешенге айналып, бүгінде балдың жиырмадан астам түрін дайындайтын деңгейге жеткен. Мұндағы жұмыс араларды күтіп-баптаудан, бал жинаудан басталып, оны сұрыптау, өңдеу және дайын өнімді қаптауға дейін жалғасады.
Кәсіпорын орналасқан аумақтың табиғи ерекшелігі де омарта шаруашылығына қолайлы. Тау бөктеріндегі алқапта өсімдіктердің алуан түрі бар. Олар араларға табиғи қорек көзі болса, кәсіпорын үшін дайын өнім өндіруге қажетті табиғи шикізаттың негізіне айналады.
Компания негізін қалаушы Бақытжан Ермұханбетұлының айтуынша, өндірісті дәл Текеліде ашудың өзіндік себебі бар.
– Жетісу өңірінің тумасымын. Сондықтан өндіріс орнын осы Текелі қаласында ашуды жөн көрдім. Біз отандық шикізатты пайдаланамыз. Жоңғар Алатауының етегінен жиналатын адам денсаулығына пайдалы шөптер мен тамырларды өнім құрамына қосамыз. Яғни табиғаттың өзінде бар дүниені жинап, өңдеп, дайын өнімге айналдырамыз, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпорында дайындалатын өнімдер табиғи құрамына қарай бір-бірінен ерекшеленеді. Мұнда балдан бөлек Қазақстан аумағында өсетін дәрілік шөптер, гүлдер, жеміс-жидек және таулы өңірлерге тән өсімдіктер пайдаланылады. Жиналған шикізат арнайы өңдеуден өтіп, түрлі өнімнің құрамына енгізіледі.
Компания өкілдерінің айтуынша, балдың жиырмадан астам түрі дайындалады. Олардың арасында белгілі бір бағытқа бейімделген өнімдер, соның ішінде жүрек-қан тамыр жүйесіне арналған бал түрлері де бар. Осылайша омарта шаруашылығы тек бал өндірумен шектелмей, табиғи шикізатты тереңірек өңдеуге бет бұрып отыр.
Кәсіпкер Сұңғат Хайроллаұлы бұл жұмыстың негізінде Жетісудың табиғи мүмкіндігі жатқанын айтады.
– Біз ең алдымен ара шаруашылығымен айналысамыз. Араның өндіретіні – біздің алғашқы шикізатымыз, яғни бал. Ал екінші шикізатты өңірдің табиғатынан аламыз. Жетісудың кең даласында түрлі өсімдік, дәрілік шөптер, жеміс-жидек және жабайы өсімдіктер көп. Солардан қажетті экстрактілер мен эфир майларын аламыз. Шикізатты өңдеуден бастап, қажетті компоненттерді дайындауға дейінгі жұмыстарды өз компаниямыз атқарады, – дейді ол.
Кәсіпорынның мақсаты тек ішкі нарықпен шектелу емес. Биыл мамыр айында компания өнімдерін Қытайда өткен халықаралық көрмеде таныстырған. Көрмеден кейін қытай нарығына шығуға қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары басталған. Бұдан бөлек, Малайзиядан да өнімге қызығушылық танытқан әлеуетті серіктестер бар. Бұл кәсіпорынның сыртқы нарыққа шығуға деген алғашқы қадамдарының бірі. Ал өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мұнда табиғи шикізатты жергілікті жерде өңдеп, дайын өнім шығаруға басымдық беріліп отыр.
Жаңа кешенде өндіріс көлемін ұлғайту, өнім түрлерін көбейту, омарта шаруашылығын кеңейту жоспарланған. Сонымен қатар табиғи бал мен басқа да ара өнімдерін сауықтыру бағытында пайдаланып, апитерапия қызметін дамыту көзделген. Болашақта бұл бағыт сауықтыру туризмімен сабақтасып, Текелінің табиғи әлеуетін туристік өнімге айналдыруға мүмкіндік бермек.
Қазір кәсіпорындағы негізгі жұмыс омартаны дамыту мен табиғи шикізатты өңдеуге бағытталған. Алдағы кезеңде өндірістің ауқымын кеңейтіп, жаңа өнімдер шығару, шетелдік нарықтарға жол ашу және Текелінің табиғи мүмкіндігін туризммен ұштастыру міндеті тұр.
Медет ЖҰМАБАЙ





