Күздің келе жатқанын сездірген самал жел Алғабастың сай-саласын аймалап, айналаға өзгеше бір көрік дарытқан. Табиғаттың осындай жайма-шуақ шағында Көксу ауданына қарасты Алғабас ауылында ел үшін елеулі нысанның есігі айқара ашылды. Бұл – жұрттың қауіпсіздігіне қалқан болар «Ауыл құтқарушылары» атты ерікті құрылымның жаңа өрт сөндіру бекеті.
Жаңа нысан Алғабас, Қызылтоған және Айнабұлақ ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Яғни үш елді мекендегі 2825 адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік артып отыр. Күтпеген тілсіз жау тұтанған жағдайда оқиға орнына жедел жетіп, жалынның алдын алуға жағдай жасалған.
Салтанатты жиынға Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Алтынбеков, ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында сөз алған аудан әкімі Дәулет Кенжеханұлы ауылдық жерлердегі қауіпсіздік мәселесінің маңыздылығына тоқталып:
– Бүгінде ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған осындай бастамалар республика көлемінде жүзеге асырылып келеді. Елді мекендерде жаңа өрт сөндіру бекеттері кезең-кезеңімен ашылуда. Соның бір дәлелі – Алғабастағы осы нысан. Бұл бекет төтенше жағдайдың алдын алып қана қоймай, қажет болған сәтте оқиға орнына жедел жетіп, тиісті көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – деді.
Өз кезегінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Дүйсенбекұлы да жаңа нысанның ел игілігі үшін маңызын атап өтті.
– Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен, облыс және аудан әкімдіктерінің қолдауымен бүгін жаңартылған өрт сөндіру бекеті ашылып отыр. Осы істің жүзеге асуына атсалысқан әрбір азаматқа ерекше алғыс білдіремін, – дейді департамент бастығы.
Жұртшылықтың қуанышы да ерекше. Өйткені ауылға ажар беретін нысандардың бой көтеруі – елді мекеннің еңсесін тіктеп, ертеңге деген сенімді бекемдей түседі. Ауыл тұрғыны, «Дария» әжелер ансамблінің әншісі Гүлсім Бектұрованың айтуынша, соңғы уақытта туған өлкенің тіршілігіне жаңа леп еніп келеді.
– Ауылымызға ақырындап сән кіріп келеді. Ең қуантатыны – жастардың ауылға бет бұрып жатқаны. Елді мекен көркейіп, халықтың тұрмысы түзелсе екен деген тілегіміз бар. Бүгінгі бекет те ауыл азаматтарының көңіліне медеу сыйлайтын жақсы жаңа- лық, – дейді ауыл тұрғыны.
Салтанатты рәсімнің аяғында жаңа нысанның тұсаукесері жасалып, өрт сөндіру бекетінің кілті Алғабас ауылдық округінің өрт сөндіру бекетінің аға өрт сөндірушісі Ерлан Құсайыновқа табысталды.
Жиын соңында ауыл ақсақалы Әуелбек Артықов ақ батасын беріп, елдің амандығын, ауылдың берекесін тіледі.
Қысқасы, алақандай ауылда бой көтерген бұл бекет – ел тыныштығын күзетер сенімді қорғанның бірі. Ағайынның алаңсыз тіршілігі мен ауылдың айрандай ұйыған берекесі үшін атқарылған әрбір іс – туған жерге деген жанашырлықтың жарқын көрінісі.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





