Мемлекеттің басым міндеттерінің бірі – салық салуды нақты және сауатты басқару. Өйткені елдің салық саясатының тиімділігі осы үрдісті ұйымдастыру деңгейіне байланысты. Салық өндіріп алу – мемлекеттің көне функциясы экономикалық және әлеуметтік даму жолындағы қоғам дамуының негізгі шарттарының бірі.
Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, көлеңкелі экономиканың мөлшерін азайту мақсатында жеке тұлғалардың кірістеріне салық салуды толық ауқымды әкімшілендіру міндетін шешудің маңызды шарты халықтың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау болып отыр.
Қазіргі уақытта «Жеке табыс салығы мен мүлік жөніндегі Декларация» тапсыру тұлғалардың шектеулі тобына – ҚР Парламентінің депутаттарына, судьяларға, ҚР «Сайлау туралы» Конституциялық заңына, Қылмыстық-атқару кодексіне және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес декларацияны тапсыру міндеттелген жеке тұлғаларға жүктелген.
Панфилов аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы 2023 жылдың І жартыжылдығындағы салықтар мен төлемдер түсімін сәтті аяқтады. Бюджеттің барлық деңгейі бойынша жоспар асыра орындалды. Жалпы, биылғы І жартыжылдыққа арналған мемлекеттік бюджетке кірістер жоспары 101,3%-ға орындалып, болжамдалған 78 млрд. 391 млн. 046 теңгенің орнына 79 млрд. 380 млн. 991 теңге түсті. Өткен жылмен салыстырғанда 58 млрд. 618 млн. 481 теңге артық түсті немесе өсу қарқыны 382,3 пайызды құрады.
Басқарманың қызметкерлерінің сапалы және тиімді жұмыс атқаруының нәтижесінде республикалық бюджет жоспары 73 млрд. 179 млн. 749 теңге немесе 100%-ға орындалды. Былтырғы жылмен салыстырғанда, қарқынды өсім 56 млрд. 323 млн. 837 теңге немесе 433,6%-ды құрады. Жергілікті бюджет жоспары 118,5%-ға, 6 млрд. 175 млн. 957 теңгеге, өсу қарқыны 84 млн. теңге немесе 185% артығымен орындалды.
Панфилов аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының ұжымы аудан экономикасын көтеруге өз үлесін қосуда. Салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің түсімін анықтау негізінде резервтер мен бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту саналады. Бюджет көлемі аудан экономикасының жай-күйін ғана емес, салық салудың күшеюін қамтамасыз ететін әкімшілендіру ісінің белсенді жүргенін көрсетеді. Сонымен қатар, өзін-өзі басқару органдары бюджеттің 4 деңгейіне жататын аудандық маңызы бар қалалық, ауылдық округтерден түскен салықтық түсімдер әр округтің өзіне тиесілі. Яғни, түскен түсімдер есебінен қаражатты әр округ өзіне қарасты қаланы және ауылды өркендетуге, көркейтуге және абаттандыруға, басқа да жұмыстарға жұмсайды.
Мемлекеттік кірістер басқармасында тіркелген заңды және жеке кәсіпкерлерге келсек биыл олардың саны 12811-ге жетті. Мүлік салығын төлеуші ретінде есепке тұрған 39685 жеке тұлғаның 33988-і салық төлеуші саналады. Жер салығы бойынша есепке тұрған 20534 жеке тұлғаның 20222-сі салық төлеуші ретінде тіркелген. Көлік құралдарына салынатын салық бойынша есепке тұрған 30946 жеке тұлғаның 29973-і төлемге тартылғандар.
Бүгінгі таңда басқармада заңды және жеке тұлғаларға ұсынылатын 44 түрлі мемлекеттік қызметтің 32-сі автоматтандырылған, қалған 12-сі қағаз жүзінде іске асырылады. Мемлекеттік қызметтерді алу, қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдай жасалып, барлық топтарға қолжетімділігі электронды түрде көрсетіледі.
Салық заңнамаларына енгізілген өзгерістер туралы түсіндіру жұмыстары әлеуметтік желілердегі аккаунттарда және бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты жүріп келеді. Одан бөлек, басқармада және басқа да ұйымдарда өткен жиындарда басқарма мамандары түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп отырады.
Төленді КЕРІМБЕКОВ,
Панфилов аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы





